15 Қазан, 2019
Қылқалам шеберлері

Бүгінгі суретшілер күні мерекесіне орай, арнайы сіздер үшін бүгінгі күні елімізде танымал болып, елеулі жетістіктерге жетіп, ел ауызында жүрген біршама суретшілер жайын қарастырып, назарларыңызға ұсынып отырмыз. Білгеннің ешқашан артық болмасы анық.

Қазақ даласында сан алуан қылқалам шеберлері өмірге келді. Қазіргі таңда да қаламдарын қолдарынан тастамай, қазақтың әйгілі кескіндемешісі Әбілхан Қастеевтің жолын қуып жүрген заманауи стильдегі суретшілеріміз де жоқ емес. Бүгінгі суретшілер күні мерекесіне орай, арнайы сіздер үшін бүгінгі күні елімізде танымал болып, елеулі жетістіктерге жетіп, ел ауызында жүрген біршама суретшілер жайын қарастырып, назарларыңызға ұсынып отырмыз. Білгеннің ешқашан артық болмасы анық. 

анара абжанова.jpg

анара абжанова.аааjpg.jpg

Анар Абжанова өзіндік ерекше стилі қалыптасқан қазақстандық суретші. Қазіргі таңда ол тек еліміздің ішіне танылып қана қоймай, сонымен қатар, әлемге Қазақстан атын танытып жүр. Анар Абжанованың жеке шығармашылығындағы картиналар АҚШ, Иран, Жапония, Ресей, Франция, Италия және т.б. мемлекеттерге танылған. Дүние жүзінің көптеген елдеріне байқауға қатысып, жеңіспен оралып жүр. Анар Абжанова жайлы тағы бір дерек: ол «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарының бірі. «Өз пейзаждарымда эмоциямды, әсерімді, сезімдерімді қалай бар болса, солай жеткізуге тырысамын. Менің суреттерім – менің өмірім» деген ұстаныммен жүретін Анар Абжанова болашақ өзінің галереясын ашуды мақсат етеді. 

евгений ози.jpg

евгенийии.jpg

Евгений Фридлин – Павлодарлық суретші. Ол өз қаласындағы суретшілер колледжін бітірген. 2010 жылдан бастап Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі болып табылады. Евгений Фридлин Қазақстанда 25-тен аса жеке көрмелер өткізген. Осы уақытқа дейін Германия, Голландия, Литва, Венгрия сықылды әлемнің алпауыт елдерінде де қазақстандық танымал суретшінің жеке көрмелері өткен. Қылқалам шеберінің картиналары Ресей, Ұлыбритания, Польша, Францияның жеке галерея мен музейлерінде қойылған. Оның «Оңтүстік», «Амстердам порты» атты танымал картиналары бар. 

ақжан өзі.jpg

ақжан сссс.jpg

Ақжан АбдалиеваҚазақстан Суретшілер Одағының мүшесі. Ол коммерциялық өнерден бас тартуды ұстаным етіп, тапсырыспен ешқашан сурет салып немесе өз туындысын өзгеге сатып көрмеген. Ақжан Абдалиева Стамбул университетінің өнер докторантурасын бітірген. Оның суреттері әрдайым өмірде болған оқиғаларды баяндайды. Қылқалам шеберінің ерекше қолтаңбасы оның әрбір туындысынан көрініп тұрады. Сондай-ақ Ақжан Абдалиеваның суреттері көбінесе бірлікке жол бастап тұрады. Ақжанның басқалардан өзгеше өнер иесі екендігін аңғарып отырған боларсыз. Оның бұл тұсын суретшінің мына сөздері де айғақтай түседі: «Жылына шамамен 50-60 сурет саламын. Мен оның әрқайсысына ерекше тоқталамын. Алдымен, идеядан «аяғың ауырлау керек», сосын оны көтеріп жүріп, бір күні дүниеге әкелесің. Көріп барып, қолыңа қылқаламды алған дұрыс. Көптеген суретшілер алдымен қолына қылқалам алып, соның сиясынан идеясын көруге тырысады. Бұл маған жат қылық!», - дейді суретші. Тағы бір айта кететін жай: Ақжанның туындылары АҚШ, Швейцария, Германия және Қазақстан көрмелерінен орын алған. 

харченко.png
Юрий Харченко – еліміздің белгілі суретшісі. Сурет өнері саласында біраз жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған қылқалам шеберінің картиналары Канада, АҚШ, Германия, Филиппин сынды әлемнің бірнеше елдерінде кеңінен танымал. Оның «Панфиловшылар саябағы», «Торпақ» және «Шеңбер айналасы» деген танымал туындылары бар. 

динара.png

Динара Дүкенбаева – сурет өнерінде кәсіби білімі болмаса да елге өзінің тамаша дарыны арқылы танымал болып жүрген өнер иесі. Бұл адам бойындағы тума талантты көрсету арнайы білімді талап етпейтінін дәлелдейді. Оның картиналары әзіл мен ирониядан тұрады. Сондай-ақ Динараның кейіпкерлері шынайылығымен ерекшеленеді.

Ол: «Мен үшін сурет деген – өмір сүру салты мен өз болмысымды көрсетудегі таптырмас құрал. Мені адамдар шабыттандырады. Әр түрлі мінез-құлықты адамдарды суретіме арқау етемін. Тағы бір қызығы, мынау туындым өзіме қатты ұнайды деп біреуін бөліп-жарып айта алмайды екенмін. Әлі үйренуші болғандықтан да шығар», - дейді. Бұдан біз Динараның суретті бос уақытында және өзінің ішкі жан дүниесін білдіру мақсатында салатынын аңғарамыз.

P.S: Мамандықтың жеңілі жоқ. Қандай ауыр жұмыс болмасын, әр саланың өзіндік ерекшелігі, бір жақсы жағы болады. Әйтсе де суретші мамандығы өзгелерден өзгерек екенін барлығы мойындайды деп ойлаймыз. Себебі қылқалам шеберлерінің қарындаш ұстаған қолынан небір бағалы, мазмұны терең туындылар шығады. Әлемнің өзі картинаға толы.

Айналаға басқаша қарап көріңізші. Нені байқадыңыз? Тау, ағаш, жер, өзен, су, көл, табиғат, адамдар бәрі-бәрі ауызбен айтып жеткізуге болмайтын ғажайып картиналар. Суретшілер – солардың көшірмесін салып, адамзатты ертегі әлемімен қауыштыратын ерекше маман иелері. Төл мерекелеріңіз құтты болсын, қылқалам шеберлері!

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото - ашық дереккөздерден