2 Наурыз, 2019
«Qyran dalasy» - тарих қойнауы

 Петропавл қаласында көненің көзі болып тұрған орындардың бірі - Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы. Онда төрт мың дана бейнетаспа сақталған. Бұндай бұйымдардың қолданыстан шыққалы бері қай заман. Сондықтан тарихи түсірілімдерді 80 жылдан бері жинақтап, сақтап келе жатқан орталық қызметкерлерінің атқарып жатқан еңбегі орасан. 


Қорда 1936 жылы «Қазақфильм» түсірген «Амангелді» көркем фильмінің де көшірмесі бар екен. Кеңес өкіметінің жылдарында «Мемлекеттік кино» деп аталған бұл мекеменің ауыл-ауылдарды аралап, кино, бейнетүсірілімдер көрсету ісін үйлестіріп отырғаны белгілі. Халыққа жақсы көңіл-күй мен қуаныш сыйлаған ондай шаралар бүгінгі аға буынның есінен кете қоймағаны сөзсіз. Мекеменің сонау жылдардан бері тырнақтап жиған тарихи бейнедеректердің ұрпаққа берер ғибраты мол. Түсіне білген жанға, әрине.





 «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы бүгінде кино өнері мен телеарна бағдарламалары арқылы тарихты таныту тәсілін жандандыруда. Бұл шараға белсенді кіріскендердің бірі  - біз сөз етіп отырған петропавлдық орталық. Қоры бай мұндай мекеменің республика өңірлерінің ішінде екі облыста ғана сақталғанын айта кету керек. Екіншісі Қостанайда орналасқан.      





 «Қыран даласы» тақырыбын еншілеген циклды бейнетаспа көрсетілімі Сәбит Мұқанов туралы түсірілген биографиялық-документалды фильмімен ашылды.





 Шара «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынғаны белгілі. Атақты қызылжарлық азаматымыздың көзі тірісінде түсірілген кадрлар жинақталып, көрермен көңілінен шыққан туынды жарық көрді. Жиналған қауым үлкен экран арқылы Сәбеңнің өзімен жүздескендей болды.





Күлімдеген жанары жалт етіп, ол туралы жұрттың жылы лебізі төгілген сайын жас көремендер осындай ірі тұлғаның өмір сүргендігіне илана түсті. Адами қасиеті жоғары болған атамыздың мінез-құлқы жастардың жүрек түкпіріне ұялап, жақсы естелік қалдырды, деп сенеді.        



         





Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы басқа да атақты жерлестеріміз туралы қор деректерін әрі қарай жұртшылықтың назарына ұсынбақ. Ретро кинопроектор арқылы түсірілім тамашалаудың өзі қызықты екендігі аңғарылады. Сондықтан да орталық есігін ашатындар қатары көбейе түсері сөзсіз.



 



Айнұр Нұрманғалиева,



Ruh.kz


Ruh.kz
ұсынған - Гүлгүл ТӨЛЕШЕВА