27 Наурыз, 2020
Рахат Жақсыбай: «Қазандық – бабадан қалған байлық емес»

Соңғы жылдары жастар ғана емес, жалпы әлеумет арасында ұлттық спорт тақырыбына қызығушылар саны артты десек, артық емес. Оған осыған дейін өтіп жатқан түрлі спорттық шараларға келіп көрермен болып отырған халық санының көптігі дәлел. 

Басқасын айтпағанда, әсіресе әлеуметтік желілердегі жұрттың ең жиі талқылайтын тақырыптарының бірі - көкпар. Одан қазандық, қауіпсіздік мәселесі келіп шығады. Соңғы жылдары ұлттық спорт саласында ауыз толтырып айтатын жаңалықтар мен жетістіктер жоқ емес.

Біз бұл турасында Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай мырзаның өзінен сұрап білгенді жөн көрдік...

Ruh.kz: Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры... Рахат мырза, көкпар қай ұлтқа тән спорт?

Рахат Жақсыбай: Спорт адамдарды бөлмей, біріктіруі керек! Көкпар – атауы басқа болғанымен, бірнеше ұлтқа, бірнеше халыққа тән, кең тараған ойын. Сондықтан «көкпар» қазақтікі, «кок-бору» қырғыздікі, «улақ купкари» өзбектікі деп бөлгеннен гөрі, ортақ тұстарын тауып, біріктіргеніміз дұрыс.

Бекболат ағамыздың айтатын бір мысалы бар. «Бір шалдың он баласы бар. Сол кісіні – менің ғана әкем деу ақымақтық» дейтін. Көкпар бола ма, бузкаши бола ма, ұлақ тартыш бола ма, тек қана бір ұлттікі деу қате. Бұл менікі деген эгоистік көзқарасты мұнда алып келсек, онда спорт дамымайды.

Біздің, қауымдастықтың құрметті президенті Қайрат Сатыбалдыұлының, президенті Бекболат Қанайұлының позициясы сол – дәстүрлі ойынымызды мүмкіндігінше әлемге жаю.

Кез келген олимпиадалық спорттың түрін алсақ та, олардың түп тамырында белгілі бір халықтың немесе белгілі бір аймақтың ұлттық ойындары жатады. Дәстүрлі ойын спортқа айналады, кейін дәстүрлі спорт олимпиадалық не халықаралық жарыстардың бағдарламасына кіреді. Мұндай мысалдар өте көп. Олимпидалық спорт түрлері қатарына кейбір ойындар кіреді, қайтадан шығып қалады. Қысқы және жазғы олимпиадалық спорт түрлерін қосқан кезде жалпы саны 30-ға жуықтайды. Осы спорт түрлерінің барлығына тән бір дүние бар. Ол – әуелдегі қағидаларында қатып қалмау. Бұл ортақ бір мүдде үшін, халықаралық аренаға шығарамыз деген бір мақсат үшін жасалады. Бұның нәтижесінде бір ғана халыққа тән ойын, жалпыхалықтық сипат алып, халықаралық байқау дәрежесіне көтеріледі. 

Көкпар 3.jpg

Ruh.kz: Соңғы екі жылдың көлемінде «Көкпар ма, Кок-Бору ма?», «Шеңбер ме, қазандық па?» деген секілді талқылаулар жүріп жатыр...

Рахат Жақсыбай: Негізі қазандықты көкпар алаңына қосу идеясы 2002 жылы басталды. Бас-аяғы 13-14 жыл ойналды, бірақ апробациядан өтпеді. Неге? Өйткені қазақ пен қырғыздан басқалар ойнай қойған жоқ. Алғаш Азия чемпионаты өткенде, басқа командаларға ауыр тиді. Салым сала алмай қойды. Сондықтан ережені жеңілдету мақсатында, сол кезде ұсыныс Моңғолия, Венгрия, Тәжікстан тарапынан түсті. Өзбекстан қарсы болған жоқ. Алғашында қазандыққа жақтасқан қазақ пен қырғыз болды. Кейін ақылдасып, кеңескеннен кейін Қазақстан да шеңберге тоқтады.

Қазандық қазақтың да, қырғыздың да, байырдан келе жатқан, бабалар дәстүрінің көрінісі емес. Кейін қосылған дүние. Ал оны даудың басына айналдырудың да реті жоқ. Қазақстан қазандықпен ойнаса да, шеңберге шапса да айырма жоқ. Ойнай береді. Бұл біреудің асып туғанынан емес. Көкпар спорт ретінде мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынған. Жүйеге қойылған жерде, нәтиже болады.

Ruh.kz: Көкпар ережесі бекітілді ме? Қазір біздің жігіттер қандай тәртіп бойынша бақ сынап жүр? «Біздің жігіттер» дегенде еске көп дүние оралады...

Рахат Жақсыбай: Қазақстан 2018 жылы жастар құрамасын «Көшпелілер ойынына» жіберді. Ойын нәтижесінде жігіттеріміз үшінші орынға табан тіреді. Мойындау керек, дәл осы ретте біз ақпараттық тұрғыдан жеңіліп қалдық. Көбіне дұрыс емес, біржақты ақпараттар кең таралып кетті. Дегенмен, қазір дұрыс барлап, көз жүгіртіп қарасақ, қосалқы құрамның үшінші орын алуы – төмен көрсеткіш емес. Сол уақыттан бері қарай «Ережені оңтайластыру, ортақ ету» жайы бірнеше рет талқыдан өтті.

2013 жылы Елордамызда «Түркі халықтары ұлттық ойындарының қауымдастығы» құрылды. Сол жиында көршілес елдердің өкілдері бас қосып, ортақ жарғы қабылдап, осындай ойындарды дамытамыз деген құжатқа қол қойды. Бұл құжаттың негізінде 2017 жылы «ЕХРО-2017» көрмесінің ашылуы кезінде Бірінші Әлем чемпионаты өтті. Сол кезде көкпардан Қазақстан құрамасы чемпион болғанын білесіз. 

Кқкпар 2.jpg

2018 жылдың желтоқсан айында Қырғыз елінде «Халықаралық «Көк-Боруу» федерациясы» ұйымының жиналысы өтті. Ұйымның негізін қалаушы – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан. Бұл жиынға бұрынғы келісімнің негізін қалаған адамдар барды (бізді бір күн қалғанда жиналысқа шақырды). Жиналыста федерацияның дамуы, мақсаты, жоспары секілді мәселелер көтеріліп, талқыланды. Тек «Халықаралық «Көк-Боруу» федерациясының жалпыға ортақ ережесі қандай болады?» деген сұраққа бірден жауап беру мүмкіндігі болған жоқ. Сондықтан «Алдағы жылдың қаңтар айында тағы бір жиналыс жасайық. Өзбекстанда бас қосайық» деген мәмілеге келдік.

2019 жылдың қаңтарында дәл осы құрам Өзбекстанда бас қосты. Себебі сол жылы Өзбекстанда «Улак-Купкари» ойынының чемпионаты жоспарланған еді. «Сол чемпионат қалай өтеді, ережесі қандай болады» деген сауалдар төңірегінде сұрақтар туындады.

Бұл спорт түрін екі мемлекеттің бір ойынға таласы секілді қылып көрсету қате. Бұл баршамызға ортақ ойын. Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығының, яғни «Көкпар федерациясының» позициясы: көкпарды тек қазақтың ойыны деп қарамау. Осы позициямен, яғни қауіпсіз спорт қағидасымен Орта Азия халықтары да, қатарымызға кейін қосылған Моңғолия мен Венгрия, Түркия да келісіп отыр.

Шын тарихқа үңілсек, түп-тамырын негізге алсақ, Орта Азия халықтары бұл ойынды жерге ойнаған. Қазандық – бабадан қалған байлық емес. Тиісінше бұл тарихи сабақтастық үзіледі деген сөз емес. Сондықтан аталмыш жиынға қатысушылар «Көкпарды қазандықсыз ойнау» позициясымен келісті.

Ойын ережесіне байланысты тағы бір жиналыс жасау ұсынылып, ол жиынның Нұр-Сұлтан қаласында өтетіні мақұлданды. Ақпан айында жоспарланған жиналыс өтті. Қырғыз тарапынан алдыңғы екі жиналыста болған федерация басшылары келген жоқ. Орнына Қырғызстанның «Аламан Улак» көкпар федерациясының өкілдері келіп қатысты. 

Көкпар 1.jpg

Ruh.kz: Нақтылай кетсеңіз. Қандай шешімдер қабылданып, бекітілді?

Рахат Жақсыбай: Ендеше 3 басты келісімге тоқталып өтейін. Біріншіден, 2013 жылы құрылған «Түркі халықтары ұлттық ойындарының қауымдастығы» атауын «Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығы» деп өзгерттік. Оның не үшін екенін атауын-ақ түсініп отырған боларсыз. Екіншіден, бұл қауымдастыққа 10 елдің делегациясы мүше болды. Үшіншіден, осы жиында бірауыздан «қауіпсіз спорт», «халықаралық стандарт», «серкенің орнына муляж тарту» секілді мәселелер бірауыздан келісілді.

Ruh.kz: Түсінікті. Сонымен, шеңбер ме, қазандық па?

Рахат Жақсыбай: Қазір «World Kokpar Association» ұйымының жұмысын күшейту бойынша басқа елдермен келісім жасастық. Тиісінше жаңа елдерді мүшелікке қабылдап, халықаралық ұйымның аясында өтетін жарыстардың күнтізбесі, реті бекітіледі.

Жыл басында Түркияға іссапармен барып келдік. Ағымдағы жылдың күзінде Түркияда «Көшпелілер ойынының» IV маусымы өтуі тиіс. Осы ойын «Қандай ережемен, қалай өтеді?» деген мәселелер талқыланды. Сондай-ақ ұлттық спорты дамыту, мемлекет қолдауы, ұлттық спорт арқылы жастарды саламатты өмір салтына баулу, академиктердың ұлттық спортты насихаттаудағы рөлі секілді бірқатар тақырыптар да назардан тыс қалған жоқ.

Осы жиында Түркия елінен деп бекітілген тарап «Көкпар ойынына» арнайы талқылау жасады. Жиынға Түркияның ұлттық ойындар федерациясының президенті, Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының фице-президенті Хакан Казанджы жетекшілік етті. Оған Қазақстан мен Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Венгрия, Ресей, Моңғолия, Ауғанстан мен Түркияның делегация басшылары қатысты.

Жиынның негізгі шешімі демократиялық түрде (дауыс беру арқылы) қабылданды. Сегіз ел шеңбермен ойнауға келіссе, Қырғызстан тарабы қазандықты таңдады. Бұл жердегі басымдық айтпаса да түсінікті. Сонымен «Көшпелілер ойыны» шеңбермен ойналады деп шешілді.

Дауыс берудің нәтижесіне байланысты шешім шығару қай елдің құқығы бойынша да, бүкіләлемдік спорт ұйымдарының ережесінде де заңды болып табылады. Бұл жерде республикалық, аймақтық ойындарын да осы ережемен өткізсін деген талап жоқ. Бірақ халықаралық ойынның талаптарын аталмыш тәсілдер арқылы белгілеу әлем тәжірибесіндегі тың дүние емес.

Халықаралық ойынның негізгі үш қағидасы бар:

1.     20 минуттан 2 тайм (арасында 10 минут үзілісі бар);

2.     Ойында серкенің орнына муляж (25-35 кг) пайдаланылады;

3.     Шеңбермен ойналады; 

Көкпар 4.jpg

Ruh.kz: Дұрыс екен. Демек ендігі жерде артық дауға да себеп жоқ. Осы ретте тағы бір заңды сұрақ туады. Халықаралық жарысқа аттар қалай жеткізіледі? Ұйымдастырушы жақ қамтамасыз еткен жылқыларға спортшыларымыз қаншалықты тез бейімделеді? Бұл да өзекті мәселе.

Рахат Жақсыбай: Әлбетте, өте өзекті дүние. Айталық, 2019 жылдың қыркүйегінде Венгриямен жолдастық кездесу өткіздік. Атты ұйымдастырушы тарап қамтамасыз етті. Бұл спорт тәжірибесінде бар дүние. Поло секілді ойында атты ұйымдастырушы тарап қамтамасыз етеді. Әрине, спортшылар алдын ала барып, аттармен дайындық өткізіп, үйренісіп, бейімделеді. Ал, көршілес елдерде ұйымдастырылатын жарыстарға аттарды тасымалдап тұруға әбден болады. Бастысы аттардың шекарадан өтуі үшін өзіндік тәртібі сақталуы керек. Табиғатына, ауа-райына бейімделеді. Кей-кейде оқу-жаттығу ойындарын да сол ұйымдастырушылардың алаңдарында өткіземіз.

Ruh.kz: Рахат мырза, көкпар, оның ішіндегі қазандық пен муляж мәселесі түсінікті болды. Сұхбат беруші тарапқа қоятын дәстүрлі сұрағымыз бар еді. Әңгімемізді сол сауалмен түйіндесек. Сіз «Рухани жаңғыру» ұғымын қалай түсінесіз?

Рахат Жақсыбай: Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқын тоқталған бір сала – «Атқа міну мәдениеті». Рухани жаңғырудың қазіргі көрінісі, дамуы ұлттық спортпен тікелей байланысты. Атқа қатысты терминдер, атқа міне алу, атты баулу өнері, садақ тарта білу, ат баптау, бәрі-бәрі біздің ұлттық кодымызда бар артықшылықтар. Осыларды жаңғырту, яғни заманның ағымына қарай дамыту, насихаттау арқылы біз ұлттық рухымызды жаңғыртамыз. Әр ойын бір шеберлікке баулиды, бір қағиданы қалыптастырады. Әр сала біз ұмытқан бір сөзді жаңғыртады. Қайта еске салады. Сол сөзбен бірге соған қатысты ұғым да қайта қолданысқа енеді. Ұғым әдетті, әдет мінезді, мінез рух пен болмысты айқындай түседі.

Ruh.kz: Алдағы уақыт мына бір індет тыйылып, жағдай бір қалыпқа түскен кезде Ұлттық спорт қауымдастығының биылғы атқарар іс-шараларына кеңірек тоқталып өтеміз деп сенемін. Сұқбатыңызға рақмет! 

Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz