Өмір салты – кітап оқу

Кітап – адамның әділ де адал досы. «Космос» кино және кітап клубына келушілер кітаптарды жанына серік етіп қана қоймай, мұнда жақын жолдастарын кезіктіруде. Оларды жаңаны білуге деген құлшыныс біріктірсе керек. Ruh.kz порталының тілшісі ерекше клубтың негізін қалаушы жас жігітпен әңгімелесіп, клуб мүшелерінің өз бос уақытын қалай өткізетінін біліп қайтты.

Ғарыш – Жер планетасы мен оның атмосферасынан тыс, тылсым дүние. Ол адамзат баласын бүгінге дейін өзінің құпиялылығымен, белгісіздігімен, шексіздігімен еліктіреді.

23 жастағы жас кәсіпкер Бақдәулет Әбілдә өз клубын осылай деп атауды жөн көріпті. «Космос» клубын құрған жас жігіттің айтуына қарағанда, бұл атауды таңдаудың бірнеше себебі бар.

«Мен қарапайым да концептуалды атауды іздедім. Мені галиктикалық әлем үнемі қызықтыратын. Ғарыш деген не? Оның шегі бар ма? Осындай сұрақтар қашанда өзекті. Клубқа атауын таңдау сәті келгенде, «Космосты» ең лайықты атау деп таптым. Ғарыштың да, жаңа кітаптардан алатын білімнің де шегі жоқ. Клубты бұлай деп атауымның тағы да бір себебі: оны есте сақтау өте оңай. Сондай-ақ, бүгінгі таңда бұл сөз сленг ретінде жиі қолданылады. Жастар тілінде ол «тамаша», «керемет» деген мағынаны білдіреді», - деп түсіндірді Бақдәулет Әбілдә.

Кемені қалай атасаң, солай жүзеді демекші, «Космос» бірнеше айдың ішінде-ақ елорда жастары арасында танымалдылыққа ие болды. Бүгін клубтың жүзге жуық оқушысы бар. «Космостың» форматы да бөлек, өз алдына қойған міндеті де мәнді.

«Біздің клубтың өзгелерден айырмашылығы аз емес. Бұл – жан дүниесін мәдени, рухани тұрғыда байытуды көздейтін ниеттестердің бірлестігі. Оқушыларымыз осылайша өз ой-өрісін кеңейте отырып, уақытын көңілді әрі пайдамен өткізеді. Клубымызда тілдік таңдау бар. Дәлірек айтқанда, келушілер кітаптарды қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде оқитын топтарға жазыла алады. 

Біздің форматымыз бөлек. Өз ережелеріміз, миссиямыз да бар. Әр топ жылына 24 кітапты оқып шығып, оны мазмұны бойынша талдауы тиіс. Осылайша біз кітап оқитын сауатты бірлестікті құрғымыз келеді.

Дамыған елдермен салыстырғанда, біздің қоғам кітапты аз оқиды. Шын мәнінде солай екендігі өкінішті. Біздің клуб осы олқылықты жою үшін құрылғанын ұғыну мен үшін жауапкершілікті жүктей түседі», - дейді кейіпкеріміз. 

Осындай зор мақсаттарды діттеген клубтың жұмысын іске асыруға Бақдәулетке достары көмектеседі. Жас жігіт кітапты оқу әдетін де достықтың арқасында машықтандырған. Жолдастары жайлы Бақдәулет ерекше ықыласпен былай дейді:

«Мен Мәскеуде грантта оқыдым. Бір қызығы, кітап оқуды 17-18 жасымда сонда жүріп әдетке айналдырдым. Кеш десе де болады. Бұған айналамдағы адамдар септігін тигізсе керек. Достарым өте ақылды. Кітаптарын қолынан тастамайды.

Студенттік шақтағы достарыммен байланысымыз үзілген емес. Мәскеулік достарымның бірі қазіргі таңда біздің клубта куратор қызметін атқарады. Кітап десе, жанын береді.

Біз екеумізден басқа, топтағы «сабақтарды» менің екі құрбым жүргізеді. Бірі – Назарбаев университетінің түлегі. Ол – ағылшын тіліндегі кітаптарды оқитын топтардың тәлімгері. Екіншісі СІМ-нің Ресейдегі дипломатиялық академиясының магистратурасын тәмамдаған. Ол қазақ топтарындағы «сабақтарды» жүргізеді.

Осындай достарымның барына қуаныштымын, мен оларды мақтан етемін».

Бүгінгі таңда «Космос» кино және кітап клубында 5 топ бар. Олардың әрқайсысына белгілі бір планетаның атауы берілген. Әр топта кітаптарды 15 адам  талқылайды. Бұған екі апта беріледі. Бақдәулеттің айтуына қарағанда, тәлімгерлер өз оқушыларын жаңа деңгейге көшкені үшін ынталандыруға тырысады. Осылайша олар тобындағы азаматтардың кітап оқуға деген сезімін оята түспек.

«Біз бір жылда роман, мотивациялық әдебиет, фэнтези жанрларындағы кітаптарды оқимыз. Сондай-ақ, соңғы кезеңде келушілеріміз өзі таңдаған жанрдағы кітапты оқиды. Ең алдымен оқырмандар жоғарыда айтқан жанрдағы кітаптардың атауын кураторға ұсынады. Тәлімгер өз кезегінде түрлі кітаптардың тізімін әр оқушыға ұсынып, құпия түрде оның дауысын алады. Соңында куратор мен топтастар ең көп дауысқа ие болған кітапты оқиды. Осыдан кейін біз талқылау кештерін өткіземіз. Ал егер біз оқыған кітаптардың желісімен түсірілген фильмдер болса, барлығымыз бірге оны көруге тырысамыз.

Біз оқырмандарымызды әр деңгейге ауысқаны үшін ынталандырамыз. Барлығы 3 деңгейіміз бар. Жаңа деңгейге көшкені үшін оқырманымызға актерлік шеберлік немесе шешендік өнер курстарына сертификаттарды, тіпті смартфон немесе электронды кітаптарды табыстауға дайынбыз. Әр кездесудің соңында жеңімпаздарымызға сыйлық ұсынамыз», - деп түсіндірді клубтың негізін қалаушы.

 «Космостағы» сабақтар онлайн және оффлайн режимде өтеді. Оффлайн форматтағы сабақтар 18 жасқа толған азаматтарға арналған. Ал онлайн формат 14 жастағы жеткіншектерге қолжетімді. Клубтың қатысушысы атану үшін келушілер белгілі бір сомадағы жарнаны төлеуі қажет. Өз ісін жаңадан бастап жатқан кәсіпкердің айтуынша, клуб мүшелерінен түсетін қаражат көптеген мәселелерде көмегін тигізеді.

«Біз құр идеяның негізінде жұмыс істей алмас едік. Олай алысқа бармаспыз. Ал ай сайынғы жарнаның арқасында біз көптеген идеяларымызды жүзеге асырып отырмыз. Өз ісімізге асқан жауапкершілікпен қараймыз. 

Клубтың жұмысын ұйымдастыру елеулі еңбек пен көп уақытты талап етеді. Бұл – адамның қолындағы ең асыл құндылық. Оның да өз бағасы болуы шарт. Оқырмандарымыз осының бәрін жақсы түсінеді.

Біздің демеушіміз жоқ. Қолдаушымыз бар болған жағдайда біз қысқа мерзім ішінде ел бойынша бөлімдерімізді ашатын едік, адами капиталдың, тұтастай қоғамның дамуына өзіміздің сүбелі үлесімізді қосар едік. Оған еш күмәнім жоқ.

Оқырмандарымыздың жақын достарымызға айналғандығын мақтанышпен айта аламын. Олардың барлығы әр түрлі салада еңбек етеді, жастары да әр түрлі. Алайда бізді біріктіретін бір нәрсе бар. Ол – білімге деген құштарлық, жаңаны тану. Аз уақыттың ішінде бір үйдің балаларына айналғанымызды өзіміз де байқамай қалыппыз», - деді кейіпкеріміз.

Бақдәулет Әбілдәнің бағындырар шыңдары әлі алда. Ол өз алдына жаһандық деңгейдегі мақсаттарды қойды десек, артық айтпаймыз. Алдағы уақытта жас кәсіпкер өз клубын әр түрлі салада білім беретін орталыққа айналдырмақ. Сондай-ақ, жас жігіт осыған ұқсас клубтарды республиканың барлық өңірлерінде ашқысы келеді. 

«Мен өзіміздің кино және кітап клубымыздың қызметін кеңейте отырып, білім беру орталығын құрғым келеді. Бұның бәрі қолымнан келетіндігіне сенемін.

Сонымен қатар, жуық арада Қазақстанның ірі қалаларында, кейін барлық облыс орталықтарында біздің клубтың филиалдарын ашсам деймін. Осындай жобаның арқасында біз Абай, Шоқан, Ыбырай, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев сияқты еліміздің дамуына өзінің орасан зор үлесін қоса алатын көрнекті тұлғаларды анықтап, қоғамға таныта алар едік деп ойлаймын», - деп пікірімен бөлісті Бақдәулет Әбілдә.

Жас жігіттің бойынан өз күшіне деген сенімділік сезіледі. Ел болашағы Бақдәулет сияқты батыл азаматтардың қолында. Мұны ұғыну ертеңгі күнге деген сенімділік сезімін арттыра түсетіндей. Жас ұрпақ өкілдерінің арасында ақылды, білімді де талантты азаматтардың көп екендігі қуантпай қоймайды.