Нұрсұлтан Байтілесов: Бізге қарап еліміздің болашағына баға беріледі

Тәуелсіздіктің төл құрдастары биыл 30 жаста. Олар егемен елмен бірге есейіп, бірге бой түзеді. Бүгінгі таңда олардың кейбірі мемлекеттік деңгейдегі жауапты қызметті атқарып жүр. Сондай айбынды азаматтардың бірі – Нұрсұлтан Байтілесов. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотында қызметін абыроймен атқарып жүрген азамат Ruh.kz порталының тілшісіне тәуелсіздіктің құрдасы ретінде өмірден түйген ойлары жайлы әңгімелеп берді.

«Әділдік мақсатқа жеткізеді». Бұл – кейіпкеріміз Нұрсұлтан Байтілесовтің өмірлік ұстанымы. Бала күнінен адалдық пен шындықтың салтанат құруын құп көретін өрен тоғызыншы сыныпты тәмамдаған соң, елордаға арман қуып келіп, іркілместен «Құқықтану» мамандығы бойынша колледжге оқуға түседі. Қазіргі таңда Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары болып жұмыс істейтін Нұрсұлтан Байтілесов бұл мамандықты таңдағандығына еш өкінбейді. Оны бүгінгі жеңістеріне бала күнгі арманы мен таудай талабы жетелесе керек.

«Бала күнгі арманым – әскери қызметкер болу. Жауынгерлердің киімі қатты ұнайтын. Түрлі ауқымды шараларда әскерилердің алдыңғы сапта жүретінін көріп, қызығатынмын. Ал сот жүйесіндегі жұмыспен колледждегі өндірістік тәжірибе барысында таныстым. Тағылымдамадан өтіп жүрсем де, сот кеңсесіне ерте келіп, кеш қайтатынмын. Болашақта осы салада қызмет атқаратынымды сол тұста аңғардым. Колледжді тәмамдаған соң бірден  сот жүйесінде жұмыс істеуді жөн көрдім.  

Бізде судьялар және сот аппараты бар. Судьялар сот төрелігін жүзеге асырса, біздің департаменттің басты миссиясы – соттардың қызметін ұйымдастыру. Оған сот жүйесін цифрландыру, материалды-техникалық қамтамасыз ету, қаржыландыру және жергілікті соттардың жұмысын ұйымдастыру жатады.

Өмірде әр адам өзіне мақсат қоя білуі қажет. Сол мақсат жолында тынбай еңбек етсе, оның кез-келген межені бағындырары сөзсіз. Қазақта: «Талаптыға нұр жауар» деп бекер айтпаса керек», - дейді Нұрсұлтан Байтілесов.

Ия, талап ерге қанат бітіреді. Жас мемлекетімізбен құлын-тайдай тебісіп қатар өскен жас азамат өз жолын таңдап, арман-мақсатына қарай тайсалмай қадам басуда. Кейіпкеріміз өз еңбек жолын 2009 жылы жетекші маман ретінде бастапты. Ауылда ата-әжесінің тәрбиесін көріп өскен қазақтың қара баласы бүгінге дейін мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өтті десек, артық айтқанымыз емес. Сот саласында жұмыс істеген он жылдан астам уақыт ішінде ол Атырау, Павлодар облыстық соттарында, Әскери сотта жауапты қызмет атқарған. Қазіргі қызметіне тағайындалғанға дейін Шымкент қаласында Соттар әкімшісі болды.  

Кейіпкеріміз өзінің жұмысқа алғаш рет орналасқан күнін жымия еске алады.

«2009 жылы елордадағы Алматы ауданы сотына жұмысқа орналасуға бет алдым. Әуелі тиісті тестті тапсырып, кадрлық резервке алындым. Біршама уақыт кадр бөлімінен ешкім хабарласпағандықтан, алға қойған барлық жоспарларым мен мақсаттарым бір сәтте ғайып болды. Сөйтіп, мемлекеттік қызметтен үмітімді үзіп, туған жерім Мақтарал ауданына жол тарттым.

Ауылдан бірнеше шақырым жерде ата-анамның мақта егетін кішігірім жері бар еді. Қолымдағы қызыл дипломыма қарамай, ата-анама егіс алқабындағы шаруалармен көмектесуді жөн деп шештім. Қыркүйек айы болу керек, мен егіс алқабында мақта теріп жүрмін. Ол кезде, өзіңіз білесіз, байланыс жүйесі деген қазіргідей деңгейде емес. Алқапта біреумен телефон арқылы сөйлесемін десең, жұмысшыларға арналған шағын вагонның үстіне шығуың қажет. Бір күні түскі үзіліс кезінде телефоныма бейтаныс нөмірден біреудің қоңырау шалғаны туралы хабарламаны көрдім. Сол нөмірге қайта хабарлассам, Астана қаласы сотының кадр бөлімінен екендігін айтты. Жүрегім зу ете қалды.   Мені жұмысқа шақырып жатыр. Сол кездегі қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын.

Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп көріңізші, мен жаңағы мақтаның арасында, қолым күс-күс. Өзім қара торы жігітпін, күннің ыстығынан одан да қарайып кеткенмін, тісім мен көзімнің ағынан басқа ештеңе көрінбейді», - деп жымиды ол.

Шын мәнінде, сол сәтте бозбаланың қуанғаны соншалық, жұмысшыларды тасымалдайтын көлікті күтпей-ақ, жиырма шақырымдай жерді күннің аптабына қарамай, екі-үш сағатта жаяу жүріп өтіп, үйіне жетіпті.

«Әкемнің батасын алып, Шымкентке, Шымкенттен автобуспен елордаға келдім. Жаспын ғой, қолымда жалғыз костюмім мен ақ көйлегім бар.  Сол  костюм мен ақ көйлекті кигендегі эмоциямды жеткізу қиын. Костюм кию әркімнің жанына жағады ғой. Бірақ күнге күйген қап-қара бет-әлпетім мен аппақ көйлек сол кезде маған мүлде үйлеспейтіндей көрінді. Шыны керек, сол реңімнен ұялып та жүрдім.

Бастапқыда кадр бөлімінің басшысы мені Алматы аудандық сотына жұмысқа жіберерде сенімсіздік танытқандай болды. Жаспыз, кейбір ережелерді білмейміз дегендей. Жасы үлкеннің бәрі біз үшін тәте, көке немесе аға болатын. Сол жерде тәтелеп, маған мүмкіндік беруін сұрадым. Көзімше, аудандық сотқа қоңырау шалып: «Резервтегі бір маманды жіберемін, қарап көріңдер, әй, бірақ қайдам, жұмыс істейтін адамға ұқсамайды» дегені бар. Сөйтіп, көзім бақырайып, Алматы аудандық сотына келіп, өз еңбек жолымды бастадым», - деп есіне алды кейіпкеріміз.

Ал бүгін Нұрсұлтан Төленұлын әріптестері ізденімпаз, білімге құштар жан деп біледі. Жоғарғы Сот аппараты басшысының орынбасары Елдос Жұмақсанов Нұрсұлтаннан тіпті жаңаны үйренудің өзі ұят емес екенін алға тартады.

««Жақсыдан үйрен деген» сөз бар қазақта. Меніңше, жастар Нұрсұлтандай болуы керек. Әріптестері бірдеңені сұрай қалса, қашанда бәрін тәптіштеп түсіндіріп беруге дайын. Білімінің деңгейі өте жоғары. Оның Президенттік жастар кадрлық резервінің құрамында екендігін білемін. Сыпайы, мейірімді жігіт. Ол – жақсы ұйымдастырушы, талантты менеджер. Оның жетекшілігінің астында әркім өз орнында десем, артық емес. Тіпті мұнда бірі екіншісінен жоғарырақ, ақылдырақ деген түсінік жоқ. Солай бола тұра, өз ортасында Нұрсұлтан – көшбасшы», - деді Елдос Жұмақсанов.

Ия, Президенттік жастар кадрлық резервінің қатарындағы үш жүз жүйріктің арасында біздің де кейіпкеріміз бар. Жобаның мақсаты – білікті басшылардың жаңа буынын қалыптастыру, жастар үшін әлеуметтік сатының ұтымды жүйесін құру.

Аталмыш байқаудың барлық сатысынан сүрінбей өткен азамат жоба жөнінде былай дейді:

«Ең біріншіден, бұл жастарға берілген зор мүмкіндік. Бұл конкурсқа қатысу мен үшін үлкен сынақ болды. Оның кезеңдері, айқындалған форматтары өте қызықты. Кезеңдердің бірінде қатысушыларға еркін тақырыпта эссе жазу керек болатын. Мен сот жүйесін ары қарай дамытуға, цифрландыруға қатысты тақырыпты қозғадым. Ой өрісті өзгертуге, креативті ойлауға, алдымызға қойған кез келген тапсырманы форматтан тыс шешуге тырыстық.

Байқау барысында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған талантты да талапты жастармен таныстым. Достарыңмен, замандастарыңмен сөз үйлестерген, ой алмастырған өте маңызды. Атауы «Жастар кадрлық резерві» болғанымен, ішінде айтулы тұлға, мемлекеттік қызметкер немесе кәсіпкер ретінде қалыптасқан азаматтар өте көп. Олардың арасында шетелдік жоғары оқу орындарын тәмәмдаған жастар да бар. Әсіресе, шет елде білім алып, өз саласында белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген азаматтармен сұхбаттасқан, олардың көзқарасын біліп, тәжірибе алмасқан өте қызық процесс.

2020 жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлымен кадрлық резервке енген 300 жас кездескенде, оған дейінгі жиындарда да мен олардың расында талантты, расында мықты, білімді, еңбекқор, өз Отанын сүйетін жігіттер мен қыздар екендігіне көзім жетті. Осындай жастар еліміздің өрлеуі мен тұрақты дамуының басты қозғаушы күші деп ойлаймын. Білімді қатарластарыңды көрген сайын өзіңді одан әрі қамшылап, биікке қарай талпына түсесің», - дейді ол.

Әңгімесін жалғастыра келе, жас азамат елдің ризашылығынан, халықтың алғысынан артық жетістіктің жоғын айтады. Кезінде бауыр еті баласының болашағы үшін батыл қадам жасаған ата-анасының үмітін ақтауға тырысады ол. 

«Ата-анам мамандық таңдауда да, шешім қабылдауда да, әрқашан маған еркіндік берді. Мен бесінші сыныптан бастап, ата-анамнан бөлек тұрамын. Төртінші сыныпты бітіргеннен кейін мені олар Шымкентке оқуға жіберді. Мен үйдің кенжесі болсам да, көздерін жұмып, өз қорқынышын басып, қаршадай баласын басқа қалаға жібергеніне әлі күнге дейін таң қаламын. Осылайша олар менің болашағыма деген елеулі үлесін қосса керек. Сол үшін менің оларға айтар алғысым шексіз.

Ата-анамның сондай еркіндік беріп, маған үміт артатындығын түсінетіндіктен, қателеспеуге тырысамын, жақын адамдарымның алдындағы жауапкершілікті түсінемін.  Қазақта «Жұрттың баласы» деген керемет ұғым бар. Сол жұрттың баласынан кем болмауға тырыстық. Үнемі маған біреуді үлгі етіп айтпаса екен деп ойлайтынмын. Өмірде әрқашан лидер болуға тырысамыз», - дейді кейіпкеріміз.

 

Спикердің пікірінше, Қазақстандағы өзгерістердің барлығы өз уақытымен іске асып жатыр. Алайда заманға сай өзгерістерді дұрыс жаратқан абзал. Бұл ретте жастарға, әсіресе ел тәуелсіздігінің құрдастарына артылған сенім мен жауапкершілік олардың бойындағы қабілеттерін жетілдіруге, біліктілігін арттыруға түрткі болса керек.

«Тәуелсіздіктің құрдастары мемлекеттің айнасы деп ойлаймын. Неге десеңіз, біз мемлекетімізбен бірге өсіп, өзгерудеміз. Өзгерістерді мектеп партасынан-ақ кешіріп жүрміз дегенім артық айтқаным емес. Мектепте ең бірінші болып, жаңа бағдарлама бойынша білім алдық. Әріптерді де тәуелсіздік алғаннан кейін басылып шыққан жаңа әліппе бойынша тани бастадық. 30 жастағы жігіттер мен қыздар – жаңа форматта дайындалған жастар. Өзге елдердің тұрғындары бізге қарап елімізге, мемлекетіміздің болашағына баға береді. Сол себепті заман талабына қашанда сай болу маңызды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, тәуелсіздікке қол жеткізу қиын, ал оны баянды ету одан да қиын. Расында, қазіргі заман боймен емес, оймен таласатын заман болып отыр. Біліміңді арттырмасаң, өз-өзіңді дамытуды бір сәтке тоқтатсаң, заман ағымынан, әлемде болып жатқан өзгерістен, күнделікті жаңалықтардан қалып кететініңе күмәнданбасаң болады. Даму жолында тынбай еңбек етпесең, сенің бүгінгі заманның талабына сай болуың екіталай. Сондықтан өткенді құрметтеп, келешекті бағдарлай, қазіргі сәттің әр минутын тиімді пайдалану керек.

Дүние есігін ашқалы, еркіндіктің ауасымен тыныстап, егеменді елде уайымсыз ғұмыр кешіп жүрген ұрпақтың өкілі екендігіме мың тәубе. Кешегі ұрыс-соғыстарда жері үшін, халқы үшін қан төккен ата-бабаларымыздың аңсағаны да осы емес пе?! Басымыздағы осы бақты келешек ұрпаққа аманат ету Мағжан сенген жастар – біздің қолымызда. Сондықтан да, «ел маған не береді деп емес, мен еліме қандай пайда келтіре аламын» деген ұранды ұстанып, жұмылсақ, біз алмайтын қамал, біз бағындырар белес қалмасы сөзсіз», - деп түйіндеді Нұрсұлтан Байтілесов.