31 Шілде, 2018
Республикалық өлкетану акциясы 

Қазақ жері қасиетті һәм тарихи орындарға кенде емес. Республиканың әрбір аймағында мұндай орындар көптеп табылады. Үстіміздегі жылдың шілде айында мыңға тарта мектеп оқушысы еліміздің бірнеше облысына саяхаттап, киелі орындармен танысты.


Осындай маңызды саяхаттар аясында оқушылардың ұлттық болмысы нақтыланып, отансүйгіштік қасиетінің дәрежесі артады. Олар өз елінің тарихи мұрасының бай екеніне көз жеткізеді және оны қорғау өзінің ұлт алдындағы борышы екенін сезінеді.



Республикалық өлкетану акциясы аясында мың қаралы мектеп оқушысы өздеріне жаңа орта тауып, достарының санын көбейтті.



Этномәдени экспедиция деңгейінде жүзеге асқан саяхаттың аясында оқушыларға барлық жағдай жасалып, олардың жақсы демалыс өткізуі үшін жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлінген.





Мектеп оқушыларының сұлу Көкшеге саяхаты



Қазаққа талай ақын мен жазушыны сыйлаған шабыт шақыратын көркем табиғат ортасы – Бурабай биыл мектеп оқушыларының басын қосты. «Туған жер» арнай жобасының аясында жүзеге асқан саяхат үшін облыстық бюджеттен қомақты қаражат қарастырылды.



Оқушылардың өлкетану акциясының негізгі мақсаты – өз жерінің тамаша табиғатымен танысып, отансүйгіштік қасиетін ояту, ұлттық рухына қозғау салу.



Қызылорда, Орал, Қостанай қалаларының оқушылары бас қосқан өлкетану акциясы барысында Көкшенің қасиетті орындарына саяхаттар ұйымдастырылып, олардың тарихы акция қатысушыларына тереңінен таныстырылды.



Ақтөбе қаласының оқушылары Қарағандының қасиетті жерлерімен танысты





Ақтөбе облысының 64 мектеп оқушысы Қарағанды облысының қасиетті жерлерімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Аталған саяхат «Туған жер» арнайы жобасы аясында жүзеге асырылып, сәтті аяқталды.



Саяхатқа балаларды бастап келген Бақытгүл Еспанованың йтуынша, биыл облыс басшылығы «Бақытты бала» ұранын ұстанып отыр. Демек, мектеп жасындағы жасөспірімдердің жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізу үшін аз қамтылған отбасылардың балалары және түрлі олимпиадалардың жеңімпаздары өзге облыстарға саяхат жасап отыр. Аталған сапарды іске асыруға облыс басшылығы қолдау көрсеткен.



Саяхат барысында оқушылар Тұңғыш президент еңбек еткенТеміртау металлургиялық комбинатына, саяси репрессия құрбандарын еске салатын Қарқаралы ауданында орналасқан ҚарЛАГ мұражайына барды.



Саяхат барысындағы жолсапарларда балалар мінген көлікті полиция өкілдері бастап жүрді және оқушылардың жанында медицина қызметкері болды.



Оқушылардың сөзіне сүйенсек, аталмыш саяхат оларға өз елдері туралы көп нәрсені білуге және көңіл көкжиегін кеңейтуге, пайдалы уақыт өткізуге көмектескен.



Солтүстік Қазақстан облысының оқушылары Жамбыл жерінде



Мектеп оқушылары мен студенттерді отансүйгіштікке, ұлттық құндылықтарды көзінің қарашығындай сақтауға баулитын «Туған жер» арнайы жобасының аясында солтүстік өңірдің оқушылары екі мың жылдық тарихы бар көне Жамбыл жеріне саяхат жасады.



Ағымдағы жылдың 18-20 шілдесі аралығында 3 жетекші және 25 оқушы Жамбылдың жауһарларымен етене танысты.



Оқушылар алдымен «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніне, Қарахан баба кесенесіне, Жеңіс саябағына, Айша бибі және Бабаджа қатын кесенелеріне барды. Содан кейін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ескерткішті тамашалап, «Тараз Арена» спорт кешенімен және қаланың басқа да ерекше нысандарымен танысты.



Мектеп оқушылары қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қарт қаладан ұлкен ой түйіп қайтты. Ұлттық рухтары көтеріліп, қазақылықтың иісі аңқып тұрған жерден өзінің ұлттық болмысын тіктеп үйлеріне оралған оқушылар дән разы.



Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы Павлодар облысында қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Аймақтағы тарихи-мәдени қасиетті орындарға қызу түрде қазба жұмыстары жүргізіліп, аталмыш мұралардың халық арасындағы насихаты артқан.



Аймақтағы қасиетті орындарды ұлықтаудың ерекшелігі сол – қазба жұмыстарына мектеп оқушылары мен студенттер тартылған. Мұндағы мақсат – жас ұрпақтың тарихи сауатын ашып, қасиетті мұраның қажеттілігін көрсету.



Қазба жұмыстары барысында жас буын өздерінің бабаларының жүріп өткен ізін көріп, ұлттық рухын көтереді. Ұлттық рухы бар ұрпақ барда ұлттың тағдыры мәңгілік болып қала беретіні баршаға аян.



Жергілікті басшылық та бұл бастамаға барынша үлкен қолдау көрсетіп отыр. «Туған жер» арнайы жобасының мақсаттарын жүзеге асыру үшін облыс бюджетінен 14,8 миллион теңге қарастырылып, игеріліп жатыр.



Биылғы жаз мектеп оқушылары үшін тамаша саяхаттарға толы болды. Алматылық оқушылар шығыс өлкенің тамашаларымен танысса, батыс өңірдің оқушылары оңтүстік тарихына куә болып, өз білімдерін жетілдірді.



«Туған жер» арнайы жобасы әр облыстың мектеп оқушыларына жазғы демалыс кезінде өзге өңірдің кереметтерімен танысып, атажұрттың тарихына куә ескерткіштерді көзбен көруге мүмкіндік туғызып отыр.



Биыл арнайы акциялардан бөлек, «Туған жер» арнайы жобасының аясында жеті жүзден астам оқушы өзге облыстарға саяхаттады. Батыс өңірдің оқушылары шығыс пен оңтүстікке, солтүстікке саяхат жасаса, оңтүстік өңірдің жастары батыс пен шығыстың, арқалықтың тамашасымен танысты. Бұл қарым-қатынас ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен тығыз байланыстың орнауына сеп болды.



Жоғарыда «Туға жер» арнайы жобасының аясында жас буынды тәрбиелеу мақсатында жүзеге асқан бірқатар шараларға тоқталып өттік. Мұндай жобаларды әр аймақтан табуға болады. Барлығының мақсаты ортақ – бәсекеге қабілетті, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеп шығу.



Бұдан бөлек республиканың бірқатар облыстарында тарих, география сынды пәндер бойынша аймақтағы тарихи-мәдени ескерткіштерге кішігірім саяхат жасау үрдісі де белең алып келе жатқанын қуанышпен айтуымыз керек.



Ұлт болашағы жастар қолында. Жас ұрпақтың бәсекеге қабілетті, білімге құштар болуы, отансүйгіш, ұлттық рухының биік болуы ұлт тағдырын өміршең етпек.



 


ruh.kz
pp.userapi.com