17 Қыркүйек, 2020
Республикалық тіл байқауы басталды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2020 жылғы 18 қыркүйекте онлайн режімде Оқытушылардың А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауын өткізеді. 

Байқаудың мақсаты – Алаш қайраткері, ұлт ұстазы, тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік идеяларын жаңғырту, оның ғылыми тұжырымдарының   тілді оқытудағы заманауи әдіснамамен сабақтастығын зерделеу. Байқау барысында  тіл үйретуші мамандардың мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оны сапалы оқыту мақсатында ғалым идеяларын жүйелі жалғастыруы, оның тіл үйретудегі әдіс-тәсілдерін өз жұмысында үйлесімді қолдануы бағаланады. Шара аясында өңірлерде мемлекеттік тілді оқытумен айналысып жүрген әдіскер мамандар, оқытушылар өзара тәжірибе алмасады, әдістемелік біліктіліктерін шыңдайды, озық тәжірибелерімен бөліседі.

Республикалық байқау төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қатысушылар қазақ тілінің А1 деңгейіне арналған 15 минуттық бейнесабақ   үлгісін көрсетеді. Бейнесабақ үлгісінде оқытушылардың А.Байтұрсынұлы әдістемелік идеялары мен  инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану шеберлігі  бағаланады. Екінші кезеңде байқауға қатысушылар А.Байтұрсынұлының өмірі, қызметі мен шығармашылығы, әдістемелік ой-пікірлері қамтылған  тест тапсырмаларын орындайды. Үшінші кезеңде  ғалымның  шығармашылығы, тіл үйрету тәсілдері, әдістемелік мақалалары, сондай-ақ тіл үйрету сабақтары барысындағы түрлі педагогикалық-психологиялық жағдаятқа байланысты бейнесұрақтар ұсынылады. Байқаудың төртінші кезеңінде қатысушылар өздерінің соңғы жылы шыққан оқу-әдістемелік құралдары, ғылыми-әдістемелік мақалалары және шығармашылық жетістіктерімен таныстырады.  

Аталған шараға еліміздің 11 өңіріндегі  Тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары қатысады.  

Елімізге танымал ғалым, педагог, әдіскерлерден құралған қазылар алқасы республикалық байқау  жеңімпазын анықтайды. Жеңімпаз бен жүлдегерлер арнайы дипломдар, алғысхаттар және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.

Байланыс телефондары: 8 (7172) 44-88-68
Өтетін орны:  Сауран көшесі 7а, конференц-зал
Басталуы:  сағ. 10.00

Ruh.kz