9 Сәуір, 2019
 «Рухани шамшырақ»: әдеби-сазды кеш

А.С. Пушкин атындағы кітапхананың Білім орталығында қазақтың «Үш бәйтерегі» – Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойларына арналған «Рухани шамшырақ» атты әдеби-сазды кеш өтті.


Қазақ халқының «Үш бәйтерегі» атанған Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин қазақ әдебиетіне айтулы ақын, қарымды қаламгер, дарынды драматург ретінде ерен үлес қосқан бірегей тұлғалар. Олардың қаламынан шыққан туындыларға еліміздің дархан даласы, еңбек адамдарының өмірі, болашаққа деген үміт-сенімдері арқау болған. Елінің мақтанышына айналған «Үш бәйтерек» ұлт руханиятын даңқты туындыларымен, тақырып байлығымен, жанрлық қырларымен, көркемдік әлемімен байытты.    





Кеш барысында қатысушылар қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік үш тұлғаның өмірі мен шығармашылығына байланысты кітап көрмесімен танысып, мағлұматтар алды. Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің «Самұрық» шығармашыл жастар тобы Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесінен үзінді көрініс қойып, І. Жансүгіров пен С. Сейфуллиннің шығармаларынан үзінділер оқыды.





Гүлнұр Зұлқаршын, кітапхана маманы



Үш қаламгер бір жылда өмірге келіп, шығармашылықтарын қатар бастап, дүниеден де бір мезгілде өтті. Ұлтының азаттығын аңсаған біртуар алып тұлғалар Кеңес үкіметі тұсында «Алашордашыл - ұлтшылдар» атанып,  20 ғасырдың отызыншы жылдар ойранында қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жазаланды. Олардың өмірлері қысқа, тағдырлары ауыр болғанымен шығармашылық ғұмырбаяндары ғибратты да мәнді.



Жанарбекқызы Жанбота, ШҚ гуманитарлық колледжінің студенті:



 Рухани жаңғыру бағдарламасы мен жастар жылы аясында өткізіліп жатқан, танымал тұлғаларымыз, ұлттық әдебиетіміз жалпы ұлттық рухымызды насихаттайтын  осындай  іс-шаралардың жастарға берер өнегесі мол болады деп ойлаймын.



Жансая Ашкенова


автор