9 Қазан, 2017
Рухани жаңғыру – ұлт көктемі

Мерзімді баспасөз беттерінің қай-қайсысын ашып қарасаңыз да Елбасы­мыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталған бағдарламалық мақаласы туралы кеңінен талқыланып жатқан пікірлерді көресіз. 


Қоғамдық ой өрбітуді тудырған осынау келелі мақаланың мәні де, мағынасы да бөлек. Бұл – Ұлт жоспарының аса ауқымды бөлігі. Расымен, осы уақытқа дейін Елбасы Н.Ә.Назарбаев халқымызға жыл сайын өзінің Жолдауын жолдап, халықтың келешегіне бағыттап, жол нұсқап отырды. Ал осы мақаласы – сол жоспарлы жолдаулармен біте қайнасқан, тамыры бір өзектес асыл идея. Көзі қарақты оқырманға осынау кең құлашты мақала туралы жазылған пікірлер мен үндеулердің бәрі таныс. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері де, ақындарымыз бен жазушыларымыз да, өнер адамдары да өз ойларын ортаға салып, көзқарастарын білдіріп үлгерді.



Мен де ел азаматы ретінде осы мақаланы оқып, ұзақ уақыт бойы іштей толғанып, алған әсерімді таразылап, саралап көрген едім. Туған жер! Бұл – кез келген қазақ баласының жүрегіне жылы тиер сөз емес пе! Туған жер дегеніміз – кіндік қанымыз тамған алтын бесік. Баяғы қадым замандарда көшпелі жұртымыз дүниеге сәби келсе, оның кіндігін кесіп, жолдас етін (кіндік түйіншегі) алты қырдан асырып, адам баласының аяғы баспас жерге көміп кеткен екен. Міне, сол жолдас етің – туған жеріңе тартып тұратын магнит іспетті бір құдырет екен. «Туған жерге байлап қойған кіндігін» деген аталы сөз осыдан шықса керек-ті. Ал туған ел – бауырың, ағайын-жұрт, қаймана қазағыңның дәл өзі. Өскен ортаң, қалыптасқан жерің. Қарға тамырлы қазақтың қай босағасы да – өз үйің, өлең төсегің. Тал бесіктен жер бесікке дейін қай қазақ болмасын, өзінің туған жерін аялап, туған елін саялап өтеді. Туған елінен мейірім көріп, туған жерінен шапағат тапқан қазақ баласы қиын-қыстау заманда қаншама өзге этнос өкілдеріне қамқорлық жасап, олардың да жанын аман алып қалды.





Бүгінгі Қазақстан қаншама ұлт өкілдерінің қадірлі мекен, бақ ордасына айналды. Бүгінгі мамыражай тірлік, мызғымас бірлік осы туған жер мен туған елді сүюден басталған қасиеттің өзінен нәр алған. Елбасымыз айтқандай, «тілегі – бір, тілеуі – бір» достығы жарасқан ел емеспіз бе! Ұлы Дала баласының бақыты атақонысы болар, сірә!  Атажұрт! Бұл – осынау Ұлы Даланың сұлу жерлері.



«Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы – қазақ сахарасының сұлу да көрікті жерлерін әлемге танытуға бағытталып отыр. Бұл жоба – әлемнің көрікті жерлері сияқты туристер мен шетелдіктерді қызықтыра да тамсанта алатын жерлерді дамытуға, өркендетуге жол ашады. Қазақтың бақ дарып, құт қонған Жиделібайсыны – Алтын Орда мен Ақ Орданың Ұлытауы, ұлы екі дүние есігіндей Түркістан, қойнауы құт – өр Алтай, сайын дала – Сарыарқа, жыр елі – Сырдария сағасы, киелі Қазғұрт, жер жаннаты – Жетісу, Сарайшық, Бөкей Ордасы, Жымпиты, Баянтау, Бурабай, Марқакөл... Шіркін-ай, қазақтың киесі мен құтына айналған жер шоқтығы таусылған ба! Әркімге өзінің туған жері ыстық. Осынау Ұлы Даланың батысы да, шығысы да, орталығы да, солтүстігі де, оңтүстігі де – күллі қазақ баласының панасы айналған атамекені.



Елбасымыз айтқан «Туған жеріңе туыңды тік!» деген қағида – әрбір қазақ азаматына қаратылып айтылған сөз. Жай ғана сөз емес, ұтымды әрі намысыңды қайрайтын сөз. Мәселен, жеке кәсіпкер болып, тасың өрге домалап тұрса, ауылыңның игілігі үшін мәдени ошақтар немесе мектеп, балабақша салып, я болмаса жол мәселесін шешіп берсең, қарттардың алғысын алып, жастарға үлгі болар ең. Елбасы осы идеясын айтқаннан бері сең қозғалып, қазақтың қалталы азаматтары ауыл-аймақтары үшін бірқатар нысандарды салып, халықтың игілігіне ұсынды. Енді осындай азаматтарды «100 жаңа есім» жобасына ұсынып, насихаттауымыз керек.



Қазақтың азаттық жолына түсіп, тәуелсіздігін жариялағанына, міне, 26 жылдың жүзі болды. Осы 26 жыл ішінде еліміздің рухани-мәдени, қоғамдық-саяси өміріне өзінің үлесін қосып, еліміздің атын түрлі спорттық додаларда шығарған спортшылар, өнер һәм шығармашылық адамдары, зиялы қауым өкілдері, саясаткер, кәсіпкер, инженер сынды мамандардың да мерейін өсіруге, халыққа танытуға арналған жоба осы – «100 жаңа есім». Бұл «100 жаңа есім» – тәуелсіздік тудырған, Елбасының сарабдал саясаты танытқан мерейі үстем жоба. Бұл «100 жаңа есім» жас өскіннің бет бұрып, бой түзер, бағыт алар айнасына айналады. 



«Мың өліп, мың тірілген» халқымыз басынан небір зұлматты жылдарды, қиын кезеңдерді өткерді. Нәубеттің зардабын тартып, азабын шеккен еліміздің қилы тарихында бірнеше рет әліпби ауыстырған екенбіз. Қолдан жасалған солақай саясаттың салдарынан қайта-қайта әліпби ауыстыру арқылы қазақ өзінің ұлттық құндылы­ғы­нан айырылып қала жаздады. Құдай сақ­тап, әйтеуір ұлттық белгіміз бен бояумыз, болмысымыз сақталып қалды. Бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті мәселе – латын қарпіне көшу.





Ал латын қарпіне көшу дегеніміз – киіз туырлықты қазақтың біраз уақыттан бергі арман-тілегі еді. Латын қарпі – мұқым түркі халықтарының рухани жақындауына мүмкіндік тудырады. Ендігі кезек – Елбасымыз белгілеп көрсеткендей латын қарпінің қазақшаланған таңбасын даярлап, қолданысқа енгізу. Латын қарпіне жылдам көшсек, жаһандануға да қарсы тұратын едік. Жаһандану процесі – кез келген ұлтты өзінің ұлттық құндылығы мен ділінен айырып тастайтын зардабы мен залалы көп күш. Осыған қарсы құратын заманауи жаңашыл тәсіл – «Цифрлы Қазақстан» жобасы. Яғни, электронды кітапхана қорына сан ғасырлық тарихы бар әдеби жәдігерлер мен тарихи шығармаларды құйып, оларды латын қарпінде басып, үш тұғырлы тіл саясаты негізінде ресімдеу. Сонда әлемнің кез келген нүктесінен осы жүйені пайдаланып, қазақтың рухани өмірімен, әдеби жауһарларымен танысуға ешқандай кедергі болмайды. 



Елбасының осынау кең құлашты мақа­ласы – еліміздің болашағы үшін жасалып отырған сәтті қадам. Болашақтың кірпіші болып қаланар жастардың ертеңгі алаңсыз өмірлері үшін ешкім де ешқашан да қателеспеуі керек. Сондықтан Парла­мент Мәжілісінің депутаттары Елбасымыз – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауларына қолдау танытып, қазақтың көшін алға сүйреуіміз қажет. Қазақтың бұл жолы – жарқын болашаққа қадам басқан нұрлы жол! 



Меніңше, қоғамдық зор резонанс тудырған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – қазақ елінің сатылы дамуына септігін тигізер, күннен-күнге жаңарған нанотехнологиялардың дәуірінде, жаһандану процесі жүрген ХХІ ғасырда қазақ баласының ұлттық рухын сақтап, ұлттық кодын жете тануына мұрсат берген, рухани кедейленудің алдын алуға бағытталған құнды дүние. Сайып келгенде, рухани жаңғыру дегеніміз – ұлт көктемі! Көктемде көгеріп шыққан осынау балау­са идея қазақ елінің мәңгілік мұратына жеткізер деген ойдамыз. 



Марат БОПАЗОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты



 


https://egemen.kz