19 Қазан, 2017
Рухани жаңғыру: Ақмолада 107 жоба жүзеге асырылмақ

Ақмола облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 2022 жылға дейін 107 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Рухани жаңғыру болашақтың бекем бағдары» атты семинар кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Шараға барлық орталық және жергілікті атқарушы органдары, сондай-ақ азаматтық қоғамдық институттарының өкілдері қатысты.



Облыстық ішкі саясат басқармасының маманы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ӨЖО бас менеджері Әсем Әзірбаеваның сөзінше, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 2022 жылға дейін 107 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде «Тәрбие және білім» кіші бағдарламалары бойынша 24 шағын жоба, «Рухани қазына» бойынша 79 жоба және ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды, ішкі туризмді дамыту жөніндегі іс-шаралар, «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша 4 жоба қарастырылған.





Семинарға арнайы келіп қатысқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының республикалық басқармасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының бас менеджері, ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі білім беру бөлімінің бас маманы Стелла Ибраева «Тәрбие және білім» атты кіші бағдарламаның басты назары қазақстандықтарды бәсекелестікке, прагматикалық және амбициалық тұлға ретінде тәрбиелеуге бағытталып отырғанын атап өтті.  



Ал, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева болса, еліміздің қасиетті орындарына енген тарихи орындары туралы кеңінен айтып берді. ««Қазақстанның 100 қасиетті орны» республикалық тізіміне 11 объектімен бірге 8 жоба енді. Оның арасында Ерейментау ауданының аумағында Құмай бірегей археологиялық және этнографиялық кешені бар. Мұнда бірнеше дәуірлердің ескерткіштері – қола дәуірі, ерте темір дәуірі, ғұн, классикалық түркі және этнографиялық даму кезеңдері сақталған. Ең маңызды ескерткіштер – бұл I-VI ғасырларға дейінгі Батыс түрік қағанатының кезеңінің тас мүсіндері. Осы кешеннің құрылысы болашақта экологиялық, этномәдени және басқа да туристік қызмет түрлерін дамыту үшін алғышарттар жасайды», – деді басшысы Сәуле Бөрібаева өз сөзінде.  





Сонымен қатар, Ақмола облысындағы «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы 4,8 миллиард теңге сомаға бірнеше мәдени, тарихи және әлеуметтік нысандарды қайта құру және салу бойынша 57 жоба жүзеге асырылуда.  Семинарда  әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұртшылықты, қоғам өкілдерін тарту арқылы келешек ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбилеу, қасиетті жерлерді БАҚ арқылы кеңінен насихаттау мәселелері айтылды.     





 


http://www.inform.kz