3 Қараша, 2018
«Рухани жаңғыру» аясында 1964 жылғы мектеп заманға сай кеңейтілді

Екібастұз қаласына қарасты Зеленая роща елді мекеніндегі мектеп кеңейтіліп, білім ордасының алғашқы директоры, ұлағатты ұстаз Қажыбек Алғамбаровтың есімі берілді.


Мектеп директоры Бауыржан Сәрсекеевтің айтуынша, жаңа ғимаратқа қажеттілік күннен күнге артып келеді. Себебі ауылда балалар саны, жалпы тұрғындар қатары өсуде. 9 жылдық білім ордасында бүгінде 53 оқушы оқиды. 20 бүлдіршін мектеп жанындағы шағын орталықта тәлім алуда. Одан бөлек, елді мекенде мектепке дейінгі жастағы отыз шақты бала тағы бар. Яғни, мамандар білім ордасында оқушылар қатары ортаймайды, дейді. Жаңа ғимаратта әкімшілік бөлмелер, оқу кабинеттері қарастырылған.  IT-сынып, «Рухани жаңғыру», «Тұңғыш Президент», шахмат кабинеттері ашылды.  Сонымен қатар заманауи үлгідегі ұстаздар бөлмесі ұйымдастырылған. Жайлы шағын орталық та – осында.  



Сонау 1964 жылы іргесі қаланған мұндағы мектеп тарлық еткен.  Осыған байланысты бір қабатты ескі мектепке қосалқы ғимарат салу  үшін қазынанадан 55,4 млн. теңге бөлінген. Биыл сәуір айында басталған құрылыс қазанда аяқталып, халық игілігіне берілді.



Айта кету керек, аталмыш мектепте спорт залы бұрыннан болмаған. Ауыл азаматтары балаларының мұндай мүмкіндіктен ада екеніне әрдайым қынжылатын еді. Енді ол олқылықтың да орны толды. Оған ауылдың жомарт жаны мұрындық болды. Мектептің 1979 жылғы түлегі, қалалық мәслихат депутаты, «Табыс» шаруа қожалығының басшысы Манат Алғамбаров өз қаражатына спорт зал салып берді.




Мектебімізде спорт залдың болғанын ертеден армандаушы едім. Елбасымыз әрбір кәсіпкер өзінің кіндік қаны тамған жерге жәрдемдесуі керек деді. Облысымызда «Мектебіме тағзым» акциясы да көпке белгілі. Әркім өзі түлеген білім ордасына қол ұшын беруде. Мен де қалыс қалмауды жөн көрдім. Өзім білім алған мектебімнен көмегімді аямаймын. Өйткені, маған қанат бітірді, мұнда әкемнің ізі жатыр. Ұлы Отан соғысының ардагері, әкем Қажыбек Алғамбаров соғыстан кейін осы мектептің іргесі қаланған сәттен бастап қырық жылдай қызмет етті. Алғашқы директоры болды. Балалық шағымда болмаған жағдай қазіргі ұрпақтың игілігіне бұйырғанын қалаймын. Осы спорт залда жаттыққан өрендеріміз спорттың өрінен көрінсін, - дейді Манат Қажыбекұлы.  




Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов те бірлігі мен берекесі мығым ауылдың қазіргі тынысына таңданыс білдірді.




Қаншама ауылдан тұрғындар қалаға қоныс аударып, үйлер сиреуде. Ал Зеленая роща елді мекенінде, керісінше, биылдың өзінде жаңадан 10 шақты үйдің салынып жатқанын көріп, қуанып жатырмын. Кешегі Жолдауында Елбасымыз ауылдарда соңғы кезде 1300 мектептің жабылғанын мәлімдеді. Ал мына елді мекенде жайлы білім ордасы құрылып отыр. Бұл, әлбетте, осындағы ауыл азаматтарының зор еңбегі. Естеріңізде болар, Президентпен кездесуде еліміздің мақтанышы Жақсылық Үшкемпіров «әрбір ауылды бір бизнесменнің қамқорлығына беру керек» деген ұсыныс тастап еді. Манат Қажыбекұлы - соның жарқын үлгісі, өзіміздің «Үшкемпіровымыз». Әр ауылда осындай жанашыр кәсіпкер болса, шағын елді мекендер өрісін кеңге жаяры сөзсіз. Мемлекет те қолдау көрсетеді. Мәселен, Зеленая роща ауылына орталықтандыру су құбырын тарту үшін жобасы әзірленуде,  - деді Нұржан Әшімбетов.




Кішкентай ауылдағы үлкен тойға Астанадан арнайы келген ардагер ұстаз, республикалық «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рысты Жұмабекова, осы өңірдің тумасы, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Әбілқақ Түгелбаев, Қажыбек Алғамбаровтың нағашылары атынан ҚР Еңбек сіңірген ұстазы Нескен Мәлікова және де бірқатар сыйлы азаматтар тілектерін білдіріп, атқарылған жұмыстарға оң бағаларын берді.    



Ауылдастары жомарт жанның жақсылығын айтып қана қоймай, қазақы дәстүрді дәріптеп, Манат Қажыбекұлының иығына шапан жауып, ат мінгізді.     



Көптен күткен қуанышқа орай ауылда той болды. Концерттік бағдарлама, ат спортынан жарыстар, күрес, қол күресі, қой көтеру сынды додалар ұйымдастырылды. Әр жылы мектеп бітірген түлектер жиналып, ақ дастархан жайылды. 


Ruh.kz
Ruh.kz