25 Шілде, 2018
«Рухани жаңғыру» аясында ескі орындардың еңсесі тіктелді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында атқарылып жатқан игіліктердің ең ауқымдысы – тарихи орындардың, ұлттық мұралардың, қасиетті жерлердің насихатталуы. Олардың тарихын халыққа жеткізіп, ұлылар ұрпағы екенімізді дәлелдеу – болашаққа басқан нық қадам. Бүгінгі мақалада да ерекше мекеннің жай-күйі көзкөрген қарияның ауызынан тыңдалып, тарихы екшелген. Ендеше, әрі қарай оқыңыз.


Тарих беттеріне көз жүгіртсек, жанарымызға ғасырлар бойы жауға халқын таптатпаған, тас қамал қорғанымен елдің берекелі бейбіт тұрмысын сақтаған қасиетті қамал-қалалар жолығады. Олардың сырын білу – ұрпақтың ұлт алдындағы борышы. Тарихи-мәдени маңызы зор орындардың, оқиғалардың насихатталуы талап етіп қойылғаннан кейін игілікті іске кімнің болса атсалысқаны абзал. Бұл жертте жорналшылардың ақпаратпен қамтамасыз ету үшін тынбай еңбектенері анық.  Біздің журналистіміздің де Қостанай облысындағы қасиетті мекенге "жортуы" бекер емес, оқырманға ұнамды дүние жазу – негізгі мұраты. Сондықтан да, әр сапар сайын елдің ұлттық болмысын, ұлттық рухын көтеретін жазба даярлауға ұмтылады.  Мақала тақырыбына арқау болған тың өлкенің тамашасына бүгін де асығып барады... Ендеше, мақала әрі қарай жорналшы көзімен өрбиді.



Асығатыны – жұрт бұрын-соңды естімеген, өзге түгіл бар ғұмыры сонда өтіп жатқан көнекөз қария білмеген құпия-сырды ашқысы келеді. Ал, көңілің бір ауғанда, бұл ісің бекершілік пе деп алаңдайсың. Мына заманда адамзаттың аяғы тимеген, көзі көрмеген жер қалды ма? Әйтеуір, сапарың сәтті болғанын қалайсың.     Ұзақ жол артта қалғасын алыстан тау-тау болып үйілген Арқалықтың қызыл құмдары менмұндалады. Қостанай мен Қызылқозы арасындағы тас жолдан бұрылып, оңтүстікке қарай беттедік. Бағытымыз – Екідің ауылы.



Жол да кедір-бұдыр бола бастады. Жылдамдығымыз да қарқынынан төмендеді.        Бұрын жолымыз түспеген жер еді, біздің келетінімізді естіген ауыл әкімі алдымыздан шығып, жөн сілтеп келеді. Бұл өлкенің бар қыр-сырын білетін жандар ғой, зулатып барады. Біз қанша қалмауға тырысқанымызбен әкімнің көлігінің шаңына жете алмай, ой-қырларда бәсеңдеп қаламыз. Ертеректе Екідің туралы көп естідік. Тарихи ескерткіштер мен батыр бабалардың мәңгі тыныс тапқан мекені. Одан қалды, біздің өлкеге жат келетін табиғаты бар дейтін жұрт. Расымен де солай, қыр баласына мұндағы төбе, тау-тас Эвересттей көрінеді. Ет пісірім уақытта, сәске таман жапандағы жалғыз үйге келіп аялдадық. Әуелде ауыл әкімі Дулат Болатұлы жолай ел-жер тарихын жақсы білетін бір кісіге соғамыз деп уәде еткен болатын. Алыс жолдан ақырып келген көліктер үй маңына тоқтағанда шыбықты тал қылып мінген жүгірмектер қаулай бастады. Кәдуілгі ауылдың көрінісі. Басындағы орамалын бір сипап қойып жеңгелер жүр. Одан соң далаға қонақтарды қарсы алуға үй иесі шықты. Шамамен, алпысқа енді аяқ басқан кісі. Жас күнінде бойшаң, денелі болғаны байқалып тұр. Әлі де қайраты қайта қоймаған. Босағадан аттай бере дауысы гүр-гүр етті. Бізді күтіп отырғанын білдіріп, жол амандығын сұрай бастады. Есімі – Құрманғазы Нұрғабылов екен.



  Ішке ене сала дастархан басына жайғастық, үйдегі жеңгелердің бірі сапырып әкеліп қымыз ұсынды. Екпін басып, тағы да аман-саулық сұрасып, жөн біліскен соң Құрманғазы аға біз күткен әңгімелердің шетін шығара бастады.            



«Мен жастайымнан ауыл ақсақалдарының қасында жүріп, көпті естідім. Талай әруақты кісілер болған, батырлар да, хандар да ат шалдырған. Жұрт жаппай айтып жүрген қос дің де осында. Ауылдың "Екідің" аталуы сол себепті. Діңдер бұл өлкеде шамамен XIII-XIV ғасырдан бері бар, тіпті одан да ертеректен болуы мүмкін. Әуелі академик Әлкей Марғұланның дерегіне сүйенсек,  ерте темір дәуіріне жататын, Қазақстан аумағында сирек кездесетін "айтас" немесе "дің" деп аталатын киіз үй тәріздес бұл құрылыстар ежелде қасиетті салттарды орындауға арналған. Ал жергілікті аңыздар бойынша, ХVІІ — ХVІІI ғасырларда діңдер орналасқан төбелердің арасындағы алқапта қанды шайқас болған деседі. Жаугершілік заманында жау шапса, одан қалды, көш келе жатса, алдын ала белгі беру үшін  салынған. Қауіп-қатер байқалса, қарауыл ішіне кіріп от салады, төбесіндегі саңылаудан түтін будақтап ауылға көрінетін болған. Міне, сол көненің көзі осы уақытқа дейін сақталып келе жатыр», - деп бір түйді сөзін ақсақал.



«Сол Жәукенің қасына сөзге шешен Шоң деген атамыз өмір сүрген. Ол 29 жыл би болған адам. Торғай даласында оны "Қаражорға" деп атайды. Одан тараған ұрпақ та осал болмады. Бірақ, тарихтың көмескі тұсында қалып кетті, әттең… Өкініштісі, ауыз толтырып айта алмаймыз, бізге жеткені осы ғана»,-дейді Құрманғазы аға.



Біз ол кісінің әңгімесін бір үзбестен тыңдадық. Әңгімеге елітіп кеткенім соншалық, қасымдағылар қымыздарын қылғытып тастапты. Мен жұртты күттірмейін деп, алдымдағы тостағанды сіміріп, ас қайырдық. Бұдан соң Құрманғазы ағамыз әңгімесін далада, ескерткіштердің маңында жалғастыратын болып, сонда жол жүрдік. Құба жазықтықта сәл қарауытып көрінетін жол. Бір белестен бір белеске көтеріліп, көлік шайқалып келеді. Біз екі діңнің солтүстігіндегісіне жеттік. Арыда өзен ағып жатыр, аядай ғана ауыл көрінеді. Одан ары екінші дің мұнартады. Иен далада бізді алдымен аптап аймалады. Күн ұлы сәскеге таяған болу керек, уақытқа қарамадым. Бір қолымда – фотоаппарат, бір қолымда – дауыс жазғыш құралым. Діңнің сыртын айналсоқтап, тамашалап, ішіне ендім. Әр тұсын суретке түсіріп әлекпін. Қыш тастардан қалап салынған бұл ғажаптың әлі күнге дейін құламай, тік тұрғанына іштей таң қалып қоямын. Соңғы жылдары Жезқазғаннан экспедиция келіп, айналасын абаттандырып, жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарын жасаған екен. Әйтпесе, өзге жөндеу көрмеген, десек те, дің мығым тұр. 



Бұдан сәл асқан келесі қыраттың үстінде Жәуке батырға арналған белгі бар. Сол қыраттың астында, Қараторғайдың бойында батырдың мазары менмұндалайды. Қасында ұрпақтары жерленген. Одан ары батыр салдырған мешіт тұр. Бәрін-бәрін суретке түсіріп, ұстап көрген соң жерге молдас құра отыра кеттік. Құрманғазы аға әруақтарға Құран бағыштады. Төңіректі тінтіп болған соң әкімнің соңынан еріп ауылға бастық. Көктемде тасыған өзен әлі тартыла қоймапты. Ат болмаса, темір тұлпардың бұл маңнан өтуі мүмкін емес. Өзеннің арғы бетіне қайықпен өтуге тура келді. Құрманғазы аға жағымды әңгімесін қайта айта бастады.



«Негізі, Торғай өзені Сарыторғай, Қараторғай деген екі өзеннен бастау алады. Ал Сарыторғай Ұлытаудан басталады. Жолдай Тамды, Жетіқыз, Құлболды, Хан шабылған, Қыналы, Жылан сияқты өзендер кеп құяды. Қараторғай өзені Жезқазғанның Арғын ата тауынан басталады. Оған да біраз өзен-көл келіп қосылады. Сол екі өзен Екідің жерінде түйісіп, ары қарай Торғай өзені болып кетеді. Бұл жер бұрын Сарыторғай деп аталған, Кеңес үкіметі кезінде әйгілі жылқы зауыты жұмыс істеген еді»,- деді жол сілтеп, жерді таныстырып келе жатқан ағамыз.



 Бұл кезде біз өзеннен өтіп, ауылға келе жатыр едік.



«Мына жерде "Қыздың тамы" деген мола бар. Ертеде Жәукемен ағайынды Алғыс деген бай өмір сүрген. Сол өзіне деп үлкен қызыл там салдырады. Бірақ адамның емес, Тәңірдің дегені болады ғой, сол бүрмелі тамға өзінен бұрын, қызы жатыпты. Кейін Сәбит Мұқанов, Мұхамбетжан Қаратаев, Сырбай Мәуленов осы жаққа келген уақытында Сәбит ағамыз «менің Сұлушашым осы» деп, сол тамды көрсеткен екен. Бұл да бала күнімде ауыл ақсақалдарынан естігенім», - деп бір сырдың шетін шығарды ағамыз.  



Бұл өлкенің кереметі мұнымен бітпек емес. Ұлытау ауданының аумағындағы Шеңбер ауылынан бері қарай 6 шақырым жерде Кейкінің үңгірі бар. Қараторғай өзенінің маңы тасты-таулы жер. Өзеннің екі жағы қия жартас, арнасы терең. Соның бойында үңгірлер көп. Мысалы, менің Салих деген атамның мекендеген үңгірі бар. Бірақ ең негізгісі – осы Кейкі батырдың үңгірі. Құландар тұрған жеріне байланысты Жеті қыздың Құланы және Тесікөткелдің Құланы болып екіге бөлінеді. Осыдан 4-5 жыл бұрын Елена Цвентух бастаған «Тургай – неизведаный край» деген экспедициясымен сол үңгірге бардық. Оның ар жағында Тамды өзенінің бойында Суреттас дейтін елді мекен бар. Сол жерде ескі заманда аңшылық, соғыс көріністері бейнеленген тастар қалған. -Балам, бұл әруақты кісілер жатқан өлке. Әбдіғаппар хан, әріректе Қостам деп аталатын екі байдың мазары жатыр. Қызыл бүрмелі тамдар көп.



Кейкі, Жәукені ел біледі, ал тек ел аузында жүрген қаншама тұлғалар кездеседі. Мына жақта Айғыржал деген тау бар. Қыпшақтың Қарақойлы руынан шыққан Есболған деген кісі өткен. Оның әкесі Бұқар қалмақтардан ығысып Сыр бойынан осы жаққа қоныс аударған. Сонда Досболған, Есболған деген екі баласы жаудың қолында қалады. 9 жастағы үлкен ұлы Досболған қашып келіп, 6 жастағы Есболған қалып қояды. Ертеде қазақ жоғалған адам 6 жыл ішінде табылмаса, өлдіге санап, ас беретін болған. Міне, сол Есболғаннан үміт үзген әкесі жұртты жинап, ас береді. Дәл сол кезде 12 жастағы Есболған қалмақтың ханының атын мініп, әкесіне жеткен. Есболған осы уақыт бойы ханның атына бой үйретіп, иісін сіңдіріп, бұқпантайлап ханның киімін киіп, елге қашып отырған. Кейін сол Есболған батыр атанады, айтқаны дәл келетін аузы дуалы адам болған дейді. Тегін адам 12 жасында ханнан басқа ешкім жоламайтын аттың бабын тауып, қалмаққа сіңісіп, аман-есен елге орала ма?



Шау тартқан шағында балаларына өсиет қылып, өзін Айғыржалдың басына жерлеуді тапсырады. Ол тау Сарыторғайдан 35 шақырым жерде. Таң елең-алаңда тұрып қарасаң, осы төңірек алақандағындай көрінеді. Қасиет қонған кісілер ғой, ауыл адамдары басына барып тәу ететін. Жылқыға жаман, қойға топалаң тисе, басына барып мал сойып, ырымын жасаса, бүкіл ауру пышақ кескендей тыйылады екен. Ел арасында ондай әңгімелер көп, әлі күнге дейін басына барып түнейтін кісілер бар.



Осы кезде әңгімеге ауыл әкімі Дулат та араласты. Оның айтуынша, Есболған бабамыздың әруағының шапағаты ол кісінің әулетіне де тиген екен.



«Менің Бейсен деген атама ұрпақ тұрмаған екен. Сосын әжемізбен екеуі жаңағы кісінің басына барып мал сойып, түнейді. Содан көп ұзамай менің әкем Болат дүниеге келген. Ал сол Болаттан қазір 11 баламыз. Мен екінші баламын. Бұл, міне, бұлтартпайтын айғақ», — деп, ізетпен әңгіменің тізгінін Құрманғазы ағаға ұсынғандай ишара жасады.



 «Тағы бір мысал келтіре кетейін,-деді Құрманғазы аға. –Сол Есболған атамыздың тікелей ұрпағы Мәжит деген кісі болды. Менің туған нағашым. Соның Елтай деген баласы бар, Алматыда инженер-механик бітірген. Міне, сол кісінің әйелі қатты сырқаттанды. Бармаған дәрігері қалмады. Қанша амал жасағанымен, ем қонбады. Болмағасын көлігіне қойды тиеп, су толы ыдысты салып, әйелін көтеріп мінгізіп алып, Айғыржалға жол тартады. Елтай өзі аңқылдақ адам. Таудың етегіне келгенде әкесі Мәжит ақсақал сол жерге тоқта деп пәрмен береді. Бірақ Елекең "әке, тағы да жақындайық» деп тоқтамай өте шығады, ал ана кісінің мінезі тұйық екен. Содан екінші үндемей отыра береді. Көлік тауға жақындап келіп тоқтайды. Содан Елтай әйеліне де қарамай арттағы қойды алып шығып, бауыздап, енді жуайын десе ыдыста су жоқ дейді. Үйден толтырып алып шыққанын жақсы біледі. Әкесіне қарайды таңданып. Сонда Мәжит ағамыз: «Не дейсің? Атаңның саған істеп жатқаны. Әріректе Саба деген өзен бар, содан су алып кел», — деп жұмсаған. Алып-ұрып жетіп барса, айдын да жоқ. Бұл ешқандай аңыз, ертегі емес, қарағым, беріректе болған оқиға. Сол адамдардың өз ауыздарымен айтқан әңгімесі. Сосын Мәжит атамыз Құран оқиды. Мана айтқанымдай, Елтай өзі аңқылдақ адам, Мәжит атамыз мүлдем қарамаған, көлікке көтеріп салған әйелі түсіп, өз аяғымен жүріп жүр екен. Келінге сөйтіп шипа қонды. Сонда Елтай әйеліне қарап: «Ей, сен нағып жүрсің? Жатсай барып!» — деп ұрысатын көрінеді. Манадан су іздеп жүріп байқамаған ғой… Әйтеуір, сол келіні аяғына тұрып кетті. Кейін екі ұлды дүниеге әкелді. Міне, осындай кісілер өткен жер бұл», — деп сөзін түйді аға.



Төңірекке тағы бір назар саламын. Бір белестен бір белес, одан арыға көз жүгіртсең, көк пен жер шектесіп жатқан көкжиек. Әр төбеде оба, мазарлар, дің мен ескерткіштер көзге ілінеді. Баһадүрдің белбеуіндей созылып жатқан қос өзен, қос өзен әлгі бір тұста қосылып, батысқа қарай созылып жатыр. Мен табиғатқа тамсанып тұрғанымда күн батып, шам жағар уақ болған екен. Әл-әзір жол көрініп тұрғанда бізге іргедегі қалаға жету керек. Мына ғажап даланы, құймақұлақ Құрманғазы ағаны да қимаймын. Дархан дала менен әлі талай құпияны бұғып жатқандай, анау төбелердің ішінде тылсым бардай.



Қазақ даласының кең алқабында киелі жерлер көп-ақ. Міне, насихаты азайып, кешегі кеңестік салқын саясаттың сызы кете қоймаған шақта ұрпақ санасын жаңғыртқан «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы болды. Әсіресе «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты аталған қасиетті орындарға саяхат жасауды, олардың жағдайын қадағалауды мақсат тұтады. Екідіңге жасалған жорналшы «жортуы» да осы бағыт аясында жүзеге асқан еді. Нәтижесінде мыңдаған оқырман қасиетті орынның тарихына қанық болды.


ruh.kz
Astana.zagranitsa.com