15 Шілде, 2018
«Рухани жаңғыру» аясында іске асқан игі шараларға шолу

 Ұлттың ұлы бастамасына айналған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында мыңдаған іс-шаралар жүзеге асып үлгерді. Әрине, бағдарламалық мақала бірнеше саланы қатарынан қамтиды. Әсіресе тарихтың тереңіндегі тұнбаларды сүзіп алып, халыққа таныстырудың, білім саласы мен кәсіпкерліктің насихаты артып, ел арасындағы айтулы тақырыпқа айналғаны жалған емес. Біз бүгін дәстүрімізден жаңылмай, апта ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асқан шараларға шолу жасамақпыз.   


Қостанай мемлекеттік университетінің студенттері алдағы оқу жылында «100 жаңа оқулық» бағыты бойынша аударылған алғашқы 18 кітапты қолданады  



Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты бойынша әлемнің үздік 100 оқулығы түпнұсқадан қазақ тіліне аударылуы міндеттелгенін білеміз. Бір жылға толар-толмас уақытта Ұлттық аударма бюросының мамандары жоспардағы 100 кітаптың 18-ін қазақ тіліне тәржімалап үлгерді. Олар философия, психология, журналистика, психология, әлеуметтану, экономика және дінтану салаларын қамтиды.   



Аударылған оқулықтар өткен оқу жылында-ақ еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына беріліп, студенттерге таныстырылған болатын. Міне, ендігі кезек Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетіне келіп жетті. Алғашқы лекпен аударылған құнды 18 оқулық алдағы оқу жылынан бастап, оқу ордасының білім беру үдерісіне енгізілмек.   



Ұлттық аударма бюросындағы 200-ден аса білікті маманның әлемдегі бәсі жоғары оқу орындары өздерінің білім беру бағдарламасына енгізген оқулықтарды жоғары дәрежеде қазақ тіліне тәржімалады. Аударылған оқулықтар 10 мың данамен баспада басылды.   



Кітаптардың қағаз түріндегі және электронды нұсқасының Қостанай қаласының кітапханалары мен жоғары оқу орынына берілуі – аймақтың білім беру ісінің мамандарын шын қуантқан жаңалық. Енді биылғы оқу жылынан бастап қостанайлық студенттер құнды оқулықтарды оқып, өз білімдерін одан әрі жетілдірмек.   



Қазір «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты бойынша екінші лекпен 30 оқулық төңірегінде тәржімалау үдерісі жүріп жатыр.  



«Рухани жаңғыру» аясында қазақ әдебиетінің антологиясы испан тіліне аударылмақ  



Біз «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жаңа гуманитарлық білі. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты шеңберінде әлемнің үздік оқулықтарын түпнұсқадан қазақ тіліне аударуды қолға алдық. Бұл бағыттың алғашқы жемісі де қолымызда. Сондай-ақ, бағдарламалық мақала шеңберінен өз құндылықтарымызды өзге халықтарға насихаттау да қалтарыс қалмапты.   



Испанияның астанасында Испания мемлекетінің Мәдениет министрлігінің қолдауымен қазақ әдебиетінің 2 антологиясын испан тіліне әдеби нақышын бұзбай аудару жөніндегі келісімшартқа «Visor-Libros» баспа үйінің президенті Хесус Гарсия Санчес пен «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева қол қойды.   



Осындай маңызды бастамаға стратегиялық бағытта Испанияның Мәдениет министрлігі серіктес болды. Ал ауқымды бағыттың кеңесшісі ретінде Сервантес институты белгіленді. Қазақ әдебиетінің қос антологиясын басып шығарып, испан тілінде тарату жұмыстарын «Visor-Libros» баспа үйі өз жауапкершілігіне алды.   



Мадрид қаласында орналасқан Қазақстан елшілігінде өткен маңызды шараға Ұлттық аударма бюросының басшысы Рауан Кенжеханұлы және Қазақстанның Испаниядағы елшісі Константин Жигалов қатысты.   



Жоғарыда біз айтып өткен баспа шетелдік әдебиеттермен жұмыс жасайтын арнайы мамандандырылған баспа болып саналады. 600 миллионнан астам адам қолданатын испан тіліне қазақ әдебиетінің қос антологиясының: «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» мен «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» аударылуы – «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының көлеміндегі дамудың белгілі бір айтулы кезеңі.   



«Біздер үшін испандық оқырманның жан-жүрегіне дейін жететіндей аударманың жоғары сапасын қамтамасыз ету маңызды. Шығармашылық ұжымдарымыздың бірлескен жұмысы қазақ пен испан мәдениетін одан ары жақындата түсуге, елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға көпір болады», - деп, бұл келісімшарт жасасу рәсімінің сәтті өткеніне шын қуанғанын жасырмаған Аида Балаева өз лебізін білдірді.  



«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақ мәдениеті» бағыты аясында қазіргі қазақ әдебиетін Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне тәржімалау көзделіп отыр. Жоғарыда айтқан әрбірі 500 беттен тұратын 60 қазақстандық автордың белді шығармалары біріктірілген қос антологияның испан тіліне аударылуы – аталған бағыттың жүзеге асуының бастамасы. 



 


ruh.kz
Kimep.kz