7 Шілде, 2018
«Рухани жаңғыру» аясында іске асқан іс-шараларға шолу

 Тарихты ұлықтау, өткенді елеп-ескеру, ғылым тұрғысынан зерттесек – бүгінгі ұрпақтың бұлжымас парызы. Келешекте тұтқа ұстар азаматтардың өткенінен хабардар, ұлттық құндылықтарды, тарихи ескерткіштерді көз қарашығындай қорғап, бабалар салған дара жолдың сарынын ұстанғаны абзал. Бүгін біз сөз еткелі отырған шаралар – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» секілді кіші бағыты аясында жүзеге асқан тарихи оқиғалар. Әрі қарай оқи түсіңіз. 


Ақмолада «Ботай» мәдениетінің насихаты артты 



Ақмола облысына қарасты «Бурабай» демалыс аймағында «Ботай» мәдениетінің ерекше қазыналарын насихаттайтын «Ботай» тарихи-мәдени визит орталығы ашылды. Шетелдік және отандық туристердің қызығушылығын тудырған орталық Көкшетаудағы Жекебатыр тауының баурайында орналасқан Ақылбай орман шаруашылығы көлемінде жүзеге асты. Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин қатысып, 6 мың жылдық тарихы бар ескерткіштермен танысты. 



Ботай мәдениеті – 15 гектар жерді алып жатқан көлемді ескерткіш. Виктор Зайбертің жетекшілігімен ашылған ескі қорымдарды зерттеу арқылы ерте заманда жылқы төлінің ең алғаш дәл осы жерде қолға үйретілгені анықталды. 



158 обаға жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде қолға түскен археологиялық бұйымдар арқылы Ботай мәдениетінің жұрты энеолит дәуірінде Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалардан қалғаны белгілі болды. 



«Осыдан бір жыл бұрын біздің министрлік «Жылқы» телевизиялық ғылыми жобасына қатысты. Әлемнің 16 елі қатысқан жобаның мақсаты – жылқының шығуы тарихы мен эволюциясын зерттеу. Ғалымдар алғашқы жылқылар Қазақстан аумағында, яғни қазіргі Астана, Ақмола облысының аралығында осыдан 4 мың жыл бұрын қолға үйретілгенін анықтаған. Жоба жыл соңына дейін аяқталады. Сондықтан, аталған жоба біз үшін маңызды. Осы жобаға Ақмола облысының әкімдігі қызығушылық танытып, «Ботай» мәдени-тарихи музейінің визит орталығын ашуды қолға алды. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып отыр», - деді министр Дәурен Абаев. 



Визит орталықтың ашылуы арқылы отандық және шетелдік туристердің Ақмола облысына толассыз ағылары сөзсіз. Өйткені, бұл жерде жай ғана ескерткіштер табылмаған. Әлем ғалымдары жылқының ең алғаш осы жерде қолға үйретілгенін бірауыздан мойындаған. 



Визит орталықтың ашылуына ақжарма тілегін айта келген Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің айтуынша, орталық ашылған бойдан келушілер бой көрсеткен, сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» аясында қолға алынған бұл игіліктің облыс, тіпті, ел туризмі үшін маңызы өте жоғары болмақ. 



Визит орталықтағы Ботай мәдениетінің дәуіріне тән ғимарат жеті нысаннан тұрады. Әрбір нысанның астында тереңдігі шамамен бір метрге жуықтайтын жертөлелер бар. Ал үстіңгі қабаты ағаштардан шебер қиюластырылып, тамаша үйлесім тапқан. Ботайлықтар уағында шатыр орынына тері, шөп секілді дүниелерді пайдаланған екен. Сонымен қатар, әрбір тұрақ келесі бір тұрақпен жер асты жолы арқылы байланысып отырғаны туралы да айта кеткен жөн. 



Диаметрлері 8-10 метрді құрайтын баспаналардың ішінде энеолит дәуіріне тән қару жарақтар ен еңбек құралдары қойылған. Бұл құндылықтар кешенді тамашалауға құлық танытқан барша азаматқа қолжетімді. 



Жоба авторларының бірі Нұрбол Баймұханов өз пікірін білдіріп, аталған визит орталықты ашуға қанша қаржы жұмсалғанын мәлімдеді. Жалпы құны 70 миллион теңгені құрайтын тарихи-мәдени кешенді «Шежіре DNA» компаниясы тура бір ай уақытта салып бітірген. Бұл бастаманың жылдам орын алуына Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникация министрлігі және Ақмола облысының әкімдігі айтарлықтай үлкен қолдау көрсеткен. 6 мың жылдық тарихтан сыр шертетін нысандардың сырт пішіні киіз үйге әбден ұқсас. 



Кешенді тамашалауға келген қонақтар энеолит дәуіріне тән құндылықтармен танысып қана қоймай, сол дәуірге сапар шеккен секілді ләззат ала алады. 



Түркістанда «Тимуридтер тарихы мұражайының жауһарлары» атты фото-кітап көрмесі ашылды 



Үстіміздегі жыл елімізде «Өзбекстан жылы» болып бекітілгенін білеміз. Соған орай, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында Өзбекстан Республикасының Ғылым Академиясының «Тимуридтер тарихы» мұражайы мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының бірлесе отырып жасаған тартуы – бұл. 



Біз сөз етіп отырған «Тимуридтер тарихы» мұражайы Өзбекстан Республикасының алғашқы президенті Ислам Каримовтың басшылығымен сонау 1966 жылы күллі әлемді дүр сілкіндірген Әмір Темір баһадүрдің 660 жылдығына арналып, негізі қаланған. Сол уақыттан бері мұражайдың жәдігерлер қоры молайып, Орта Азиядағы іргелі мұражайлардың біріне айналды. 



Түбі түркі деп есептелетін қазақ-өзбек қатынасы жыл санап артып келе жатыр. Биыл, міне, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында мәдениетімізді жақындастыру жұмыстары жүргізіліп, тамаша нәтижелерге қол жеткізудеміз. 



«Тимуридтер тарихы» мұражайының фото-кітап көрмесі өтуі, ең алдымен, бауырлас халықтардың мәдениетін жақындастыруды, мұражай ісін дәріптеп, тәжірибе алмасуды негізгі мақсат етіп отыр. 



Түркістан төріндегі алқалы жиында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайының директорының орынбасары Серік Үркімбаев сөз алып,  осындай бастамалар арқасында көрші әрі бауырлас халықтармен қарым-қатынастың нығайып, мәдени байланысымыз арта түсетінін айтты. Сондай-ақ, басшылық өкілі келген қонақтарға шын жүректен алғыс айтып, өз жолымен кәдесыйлар жасады. 



Ал өз кезегінде сөз алған «Тимуридтер тарихы» мұражайының директоры Файзиев Хуршид те Түркістан халқының жылы қарсы алғанына ерекше алғыс айтып, зор ілтипатпен өзбекстандықтардың ықылас-сәлемін жеткізді. Сондай-ақ, ол алдағы уақытта осындай қарым-қатынастардың молайғанын қалайтындығын айтты. 



Көрші елден келген ала тақиялы қонақтармен бірге келген тарихы ғылымдарының докторы, профессор Абдулмажид Мадраимов өз кезегінде Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайына «Жемчужины Государственного музея истории Тимуридов» альбом-каталогын және «Адолат ва Қудрат Тимсоли» кітабын сыйға тартып, бұл дүниелер өзі үшін халқы үшін үлкен маңызға ие екенін жеткізді. 



«Тимуридтер тарихы» мұражайының көрмесінде мыңнан аса сол дәуірдің жәдігерлері, мыс, қола секілді түсті металлдардан жасалған тұрмыстық қажеттіліктер мен алтын, күміс сияқты құнды тастардан жасалған әшекей бұйымдар қойылған. Тарихи танымдық көрме көпшілік назарына бір ай көлемінде жұмыс жасамақ. 



 


Ruh.kz
Camonitor.kz