5 Қазан, 2018
«Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асқан фестиваль

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғалы бері елімізде бірқатар мәдени шараларға да жол ашылды. Ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді, ұлттық өнерді насихаттайтын бірнеше шаралар өткізіліп, жас ұрпақтың санасын ұлттық қазыққа жақындатуға әрекет жасауда.


Жоғарыда аталған типтегі шаралар қатарына үстіміздегі жылдың 1-3 қазан күндері аралығында Алматы қаласында Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойын қарсаңында ұйымдастырылған «Құрманғазы және дала сазы» атты Халықаралық фестивалін жатқызуға болады.



«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық аспаптар оркестрі ұйымдастырған іс-шараның негізгі көрермендерінің дені студенттер мен жасөспірімдер.



Шара барысында жастарға Құрманғазы күйлерінің шығу тарихы таныстырылып, атақты күйші туралы бірқатар естеліктер, аңыз-әңгімелер айтылды.  



Кештің модераторы Жастар саясатының басқармасы, химия және фармацевтикалық пәндер кафедрасының доценті К.К.Шекеева болды.



Шара барысында қазақ күй өнерінің атасы аталып кеткен Құрманғазының өмірінен мысалдар, ғибратлы әңгімелер айтылып, жас ұрпақты ұлттық өнермен жақындастыра түсті.



Үстіміздегі жылы қазақ ұлтының маңдайына біткен атақты әрі арқалы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы аталып өтуде.



Құрманғазы күйшінің алғашқы шығармаларының бірі – “Кішкентай”. Бұл күй көтеріліс басшысы Исатайға арналған. Оның шығарған “Ақбай”, “Ақсақ киік”, “Көбік шашқан”, “Түрмеден қашқан”, “Адай” деген күйлерінде нұрлы болашақ, халық үміті, үстем тапқа деген ыза-кек шебер суреттеледі. Күйші “Сарыарқа” күйі арқылы туған жерді, кең байтақ даланы көз алдына келтіре отырып, тыңдарман жүрегіне жеткізеді.  



Құрманғазы күйлері тыңдаушысын бай сазымен, кербез нақышымен, жігерлі қуатымен борандатып, ұшқыр екпінімен баурап əкетеді. Күйлерінің көпшілігінің тақырыбы бар, құрылымы жағынан бір жүйеге түскен ауқымды туындылар. Күйші домбыраның орындау əдістерін, аспаптың дыбыстық жəне техникалық бай мүмкіндіктерін мейлінше толық қолдана білген. Құрманғазы күйлерінің ерекшеліктеріне – күйдің шарықтау шегінің, яғни кіші саға мен үлкен сағаның жазыла түсуінің арқасында домбыра диапазоны толық игеріліп, күйдің өзіндік өлшемі мен ырғағы шығарманың өне бойында ауытқымай сақталып отырады.



Жалпы, Құрманғазының әрбір күйінде ерекше тарих, айтулы оқиға, ел басына күн туған шақтар бейнеленеді. Мысалы, күйшінің «Қайран шешем» атты күйінің тарихы адам баласының жүрегіңе елжіретерліктей оқиғаға байланысты туған.



Құрманғазыға азу қайрап жүрген Ақбай шабармандары атақты күйшіні құрықтап, арбаға байлап, алып бара жатқанда, шешесі Ақбаланы көрген күйші көзіне жас алады. Көзіне жас алуының себебі – өзін осы күнге дейін мәпелеп, әлпештеп өсірген анасына бірде-бір рет қайырымды дүние жасамағанына деген өкініш.



Сонда Құрманғазыны тапқан алтын жатыр анасы Ақбала күйшіні жағынан шапалақпен тартып жіберіп: “Мен ұл таптым деп жүрсем, жаман, жасық немені туған екем ғой. Кімнің алдында көзіңнен жас шығарып тұрсың?” – депті.



Бұл мысалдардың домбыра пернесіне түсіп, шанағынан үн болып шыққаны өз алдына ерек құдірет. Екінші көзқараспен қарар болсақ, осы мысалдар қазақ ұлтының әрбір жеткіншегі, әрбір азаматы қайсар, рухты болуы қажеттігін айқын көрсетіп береді.



Құрманғазының күйлерінің дені ерлік, батырлық тақырыбына арналып шығып отырды. Сондықтан, оның күйлері қазақтың ұлттық кодына жатталған құндылықтай өтіміділігі ескірмей келе жатыр.



«Рухани жаңғыру» кезеңінде ұлттық құндылықтардың жастарға насихатталуы – көңіл қуантарлықтай жайт.



Мақала авторы: Ruh.kz


Ruh.kz
pharmacy.kaznmu.kz