21 Шілде, 2018
«Рухани жаңғыру» аясындағы іс-шараларға шолу

Елімізде әрбір күн сайын дамудың шыңына жету үшін жасалып жатқан нақты қадамдар мен халық игілігі үшін атқарылып жатқан шаралар көрініс беруде. Елбасының  "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы жарияланғалы бері бастамалардың қарқыны артып, жеміс бере бастады.  Әрбір күн еліміздегі жаңалықтарға көз жіберсек, даму байқалады. Қоғам да, адам да осы көшке толық бет бұрған. Осынау ұлт тарихындағы ұлы белестен асып түсер кезде біз де өз үлесімізді қосып, жақсы бастамаларды халыққа таныстыру міндетін жүктейміз өз арқамызға. Ендеше апта ішінде жүзеге асқан айтулы жобалар мен іс-шараларға шолу жасап өтелік. 


М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Франция сахнасында 



«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Рухани қазына», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» сынды бағыттарының міндеттемелеріне сәйкес М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Францияның Авиньон қаласында өткен «Festival d’Avignon» атты халықаралық театр фестиваліне қатысып келді. 



Бұл – өнер саласындағы үлкен серпіліс. «Рухани жаңғыру» аясында өнерімізді жаңғыртып, заман талабына сай жаңартып қана қоймай, күллі ғалам жұртына насихаттап отырмыз. Франция жерінде өткен халықаралық театр фестиваліне қатысқан әкемтеатр өздерінің репертуарындағы драматург Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» атты туындысын сахналады.   



Тәуелсіздік алғаннан бері Мұхтар Әуезов атындағы театрдың француз сахнасына алғашқы шығуы – бұл. Бұған дейін, 34 жыл бұрын осы елге әкемтеатр әртістері гастрольдік сапармен барған екен. 1984 жылы театр ұжымы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» қойылымын дәл осы Авиньон қаласында көрермен назарына ұсынған. 



Еліміздегі бас драма театрының өнер майталмандарын маңызды іссапардан оралған кезде, театрдың толық ұжымы Алматы әуежайынан күтіп алды. 



«Елбасы мәдениетіміздің озық үлгілерінің әлемдік деңгейде кеңінен танылуы мен бәсекеге қабілеттілігінің халықаралық деңгейге сай келуі аса маңызды екенін, мәдениет арқылы ұлттың бет-бейнесін, рухани болмысын айқындауға болатынын айтқан еді. Кез-келген ұлттың өнері, ең алдымен, өзінің ұлты үшін керек. Ұлы өнерін әлемге паш ету үшін кез-келген ұлт, ең алдымен, өзі талпыныс жасағаны жөн», - деп пікір білдірген театрдың белді актері Бекжан Тұрыс Франция сапарының қаншалықты маңызы бар екенін жеткізді. 



Расында елдің, ұлттың мәдениетін насихаттап, өнер саласындағы жетістіктерін әлем назарына паш етудің маңызы зор. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғандай, осындай іссапарлар арқылы кез-келген саланың бәсекеге қабілеттілік деңгейі артып, әлемдік дәрежеде тәжірибе алмасу үдерісі жүреді. 



«Өлке тарихы – ел тарихы» атты жылжымалы көрме жұмысын бастады 



Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында  «Өлке тарихы – ел тарихы» атты жылжымалы көрме ашылды. Жылжымалы көрмеде облыстық мұрағаттың тікелей қолдауымен өлке тарихынан сыр шертетін тамаша құнды материалдар, газет-журналдардың қиындылары мен ескі суреттер қойылған. 



Сұлу Көкшеде құрылған жылжымалы көрмеде уағындағы кеңшарлар мен ауылдық окрутегі өмір көрінісі, сол кездегі адамдардың тіршілік тынысы бүгінгі ұрпаққа таңсық дүниелер. Оларға осындай материалдарды тамашалау қызықты болары сөзсіз. 



Жылжымалы көрме екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлмеде өңірдің егемендік алған уақытқа дейінгі тыныс-тіршілігі туралы мәліметтер жинақталса, екінші бөлмеде Тәуелсіздік жылдарындағы мағлұматтар жарияланған. Көрмені ашуға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысты. Салтанатты жиынға қатысқан орынбасар лента қиып, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ашылып отырған көрменің ел тарихын насихаттауда маңызы зор екенін атап өтті. 



Көрменің ашылу салтанатына «Рухани жаңғыру» аймақтық жоба кеңсесінің жетекшісі Еркін Исімбаев, архивтер мен құжаттамалар басқармасының жетекшісі Марзият Тохаева қатысып, құттықтауларын жеткізді. 



Жылжымалы көрме жыл соңына дейін облыстың 17 ауданы мен 2 қаласында халық назарына ұсынылып, 16 мыңнан астам көрермен жинауды жоспарлап отыр. Шара соңында көрме эстафетасы Зеренді ауданына тапсырылды. 



 


ruh.kz
onli En.ppt-online.org