7 Сәуір, 2018
«Рухани жаңғыру» орталығы ашылды

Талдықорған қаласында ірге тасы  қаланған «Рухани жаңғыру» орталығы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарлама аясында ашылған республикадағы тұңғыш орталық болып отыр.


Аталмыш орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі А.Баталов пен аудандық ардагерлер, Ассамблея мүшелері және қала жұртшылығы қатысты.



Ең алдымен облыс әкімі сөз алып:




 – 2017 жыл Жетісу өңірі үшін үлкен жаңалықтарға, маңызды оқиғаларға толы болды. Осы жетістіктеріміз бен шыққан биігіміз – Елбасының сарабдал саясаты мен Қазақстан халқының бірлігінің нәтижесі. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі және нақты бағытын көрсететін маңызды құжат. Біз облысымызда атқарылатын істерді нақтылап алу мақсатында ел ағаларымен кездесіп, пікір алыстық. Маңызы зор құжатты іске асыру үшін «Жастар» саябағында орналасқан ғимаратта «Рухани жаңғыру орталығын» ашуды дұрыс деп санадық. Жаңа ғимарат ел игілігіне қызмет ететін болады», – деп өзінің жүрек жарды тілегін білдірді.




Жалпы, «Рухани жаңғыру орталығы» республикадағы алғашқы орталық. Аталған ғимаратта жобаның толықтай жабдықталған өңірлік кеңсесі орналасқан. Мұнда бағдарламаға байланысты ұсыныстар талқыланып, идеяларды жүзеге асыру жоспарлары түзілетін болады.



Қонақтар Жетісу өңірінің жетістіктерінен, қазақтың ұлттық құндылықтарынан хабар беретін экспозициялық залды, «дөңгелек үстел» жиыны өтетін залды тамашалады.



Мұнан соң салтанатты рәсім «дөңгелек үстел» басында жалғасып, өзара пікір алмасылды. Облыс әкімі А.Баталов «Рухани жаңғыру» бағдарламасының түрлі бағыттары бойынша атқарылып жатқан істердің ауқымды екенін тілге тиек етіп, бағдарламаның «Киелі Қазақстан», «Туған жер» және басқа да бағыттарында жұмыстарды жандандыра түсуге жастардың да атсалысуы керектігін, істелген істің нәтижелілігі маңызды екенін айтты.


ruh.kz
«Жастар» саябағында орналасқан ғимаратта «Рухани жаңғыру орталығы»