26 Ақпан, 2019
САҒЫНЫШТЫҢ СОҢЫ БОЛМАЙДЫ... Элегия

 26 ақпан - Ілияс Жансүгірұлы, Бейімбет Майлин, Жұмат Шанин, Хамза Жүсіпбеков сынды ұлт әдебиеті мен мәдениетінің аса ірі өкілі болған 37 қайраткердің сталиндік режимнің құрбан болған күні. Ұлт тарихындағы ең қаралы кезең осы –  сталиндік жаппай жазалау, қуғын-сүргінге толы репрессия ылаңы. 


1937, 1938, 1939 жылдары қаншама қазақтың алдыңғы қатарлы, озық ойлы, өркениетті елдердің білімін алған, мәдениетін жетік меңгерген дегдар азаматтар НКВД-ның тиріне «ермек» болды. И. Сталин, Л. Берия, Н. Ежов бастаған қаны бұзық шовинист, солақай идеологиялы большевиктік биліктің басшылары «Халық жауы» деген кесірмен өз ұлтын алға сүйрер, өз елінің тіреуі болар асыл ерлерді лек-легімен түрмеге тоғытты. Қуғын-сүргінге ұшыратты. Балаларын тентіретіп, қолдан аштық ұйымдастырып, өлтірді. Әйелдерін де сорлатып, тірі азапқа салды. Ақырында, ең ақырында интеллигент, ұлттық потенциалы зор қайран қабылан азаматтарды ату жазасына кесті... Міне, содан бері сексен жылдан астам уақыт өтті. Биыл, Ілияс ақынның туғанына 125 жыл!



  Сталиндік қызыл террордың құрбаны болған қайран аймаңдай арыс, құлагер тағдырлы өр ақын Ілияс Жансүгірұлы туралы ойлағаныңда, қаның басыңа шауып, жүрегің кеудеңе сыймай, ұлттық намысың оянып, бұлқыны-ақ кетесің. Рас, Ілияс қазақтың Абайдан соңғы ірі ақыны әрі поэзияға алапат жарылыс әкелген эпик, төкпе ақын еді. Құлагер-ақынның тағдыр-талайына өлеңсөздің өрен жүйрігі болу бағы жазылғанымен, тартар соры, арқалар азабы да бес елі екен. Тағдырдың кермек дәмін тартқан Ілияс ақынның өмірінің соңғы күндері жайында сөз қозғауды ниет еттік. Арынды ақынның мәңгілік музасы болған, қазақтың белгілі фольклорист, мұратанушы әрі үш бірдей асыл азаматтың жары болып, ұрпақтарын жезтырнақ тағдырдың тезінен аман-есен алып қалған аяулы Фатима Ғабитованың күнделік дәптерінде: «...1937 жылдың май мерекесін Ілияс үйде, балаларының ортасында қарсы алды. Бірінші май мерекесіне арнап қой сойып, қонақ шақырдық. Мәжіліс тарқағанша Ілияс қонақ күтумен болды. Екінші май күні сусын-азықтарымызды арқалап, балаларымызды ертіп, Алматы өзенінің жағасына бардық.  Ілияс балалармен бірге суға майда тастар лақтырып, шай қайнатуға балалармен отын теріп, көк майсада балалармен күресіп, оларға түйе болып өзі шаршағанша ойнады. Мен қойтастар арасында шай қайнаттым. Шайдан соң көгалға жатып дем алып, күн еңкейе үйге келдік. Үшінші май күні балаларымызбен суретке түстік. Бұл суретіміз балалардың әкесімен бірге түскен соңғы суреті болды. Ілияс кеткенде мен төрт ұл, екі қыз алты баламен қалдым»,  – деп ақынның бақыт құшағындағы соңғы сәтін жазған еді.



  Былтыр, ақынның туған күні қарсаңында асылдың тұяғы Ильфа Ілиясқызымен кездесіп, сексеннің бесеуіне жақындаған тағдырлы кейуанамен сырласып едім. Мұңға толы әңгіме арасында Ильфа апам: «Балам ау, біз де қайбір балалық шақ. Қайбір жақсы жастық кез болды дейсің. Үш әріптің адамдары қашан үйге келіп, берекені алар екен деп зәреміз зәр түбіне қысылып, жанымызды шүберекке түйіп отыратын едік» деп толқып, көзінен тамшы жас іркіп түсіп еді. Рас, Ілияс ақын темір торлы құрсауға алынғанда, Ильфа қызғалдақ небәрі екі жаста ғана еді. Екі жастағы сәбидің есінде әке бейнесі қалды ма екен! Қатал тағдырдың сойылы Ілиястың өзіне ғана емес, оның жан-жарына да, балаларына да тимеді емес пе. Қос жүректің нәзік сезімінен туындаған аңсар-арманды махаббаттың белгісі осы –  Ильфа еді. Ильфа – Ильяс пен Фатиманың бастапқы әріптерінің қосындысынан шыққан есім. Яғни, бұл есім ақынның бақытты бір аяулы дәуренінің куәсіндей көрінеді де тұрады. Жүзін әжім басса да, көңілі көктем, мәңгі жаз Ильфа апам екеуіміз ақынның неміс тіліне аударылып жатқан «Құлагер» поэмасының аударма нұсқасымен танысып, жаңа кітапқа іріктелген суретші Дулат Үсенбаевтың штрихтарын қарап отырғанымызда, терезе саңылауына әппақ құс келіп, сайрай жөнелді. Сандуғаштың дауысын естіген апам: «Жақсы хабар болсын!» деді де, «Елдосжан, білесің бе баяғыда анам марқұм ауламыздағы құстарын дауысын естігенде, «Жақсы хабар болсын!» деп үміттеніп отыратын еді»,  – деп аяулы Фатима ананың қамшының сабындай қысқа ғұмыры үмітке, сағынышқа толы болғанын аңғардым. Шынжырға байланған запыранды тағдыры арқау болған қасірет күнделік дәптер бетіне тағы бір үңілсек, жазықсыз жапа шеккен Фатиманың дауысы естіледі. «Мен Отанымның құрбаны... алты баланың анасы, Совет Одағында тұрамын. Отаным – Советтер одағы. Бірақ, менің шыққан табым Совет Одағынан талай таяқ жеген тап. Өзім де бірталай тойтарысты көрдім... Революцияның алғашқы күндерінде он бес жазар қыз едім. Сол он бес жасымнан бастап, осы күнге шейін (38 жыл) жаныма бір де тыныштық болмады...



 



 



Қыз күнімде (революцияның алғашқы жылында) туып-өскен қаламызды Совет Одағының қысымына шыдай алмай, тастап кетуге мәжбүр болдық. Іргеміз сөгілген соң, ерге де ерте шықтым (Он алты жасымда). Ерім – ақылды, батыл, өз халқын сүйетін қазақ халқының белді, беделді ағартушысы еді. Ерімді ешбір жазықсыз, «Ұлтшыл-ау» деген оймен Советтер одағы жоқ қылды. Екі ұлыммен еңіреп мен қалдым. Екінші рет ерге шықтым. Аузым барып айтады екінші ерім де ешбір жазықсыз еді, НКВД оны да жоқ қылды. Бұл ерім –  теңдесі жоқ асқан шебер ақын еді.



... екі ерімнің ізімен мен де жоғалмақ едім. Жоғалудан да қорықпадым, балаларымды ойладым, оларды қимадым. Балалар орта мектептерді озат бітірсе де, өздері тілеген жоғары дәрежелі оқу орындарына түсе алмады. Тіпті өздері сүймеген, тек амалсыздан оқыған сол жоғары дәрежелі оқу орындарын үздік аяқтаса да, аспирантураға түсуге правосыз болды. Ал қызмет істеу мүмкіншілігі болғанда әлдеқайдағы алыс түкпірлерге, адам бармайтын жерлерге жіберілді. Қайда теңдік? Қайда бостандық? Жауап беретін жан жоқ! Мен Совет Одағына не істедім, не үшін жазықтымын?». Оқуға жүрегің дауалмайды. Тамағыңа өксік тығылады. Опасыз советтік билік Біләл Сүлейұлы, Ілияс Жансүгірұлы сынды арыстардың перзенттерін осылай қинап, ауыр тағдырды, қасіретті тауқыметті арқалатты. Осы қасіретті тағдыр жазылған қаралы дәптерде айтылғандай Ильфа да өзінің жүрек қалауымен оқуға түсе алмай, еліміз өз алдына дербес мемлекет болғанға дейін «Халық жауының» ұрпағы» деген қасіреттің азабын шегіп өтті. Ендігі Ильфаның бар ісі, бар аңсары – әкеге деген зор махаббатпен оның портретіне қарау, өлеңдерін оқу, әке бейнесін аялы саусағымен сипалау ғана...  Болмаған балалық. Отқа оранған соғыс шағы. Аштық. Жоқтық. Тауқымет.



  Тағдырлы перзентті одан әрі сұрақтың астына алып, жапырақтай нәзік жанын қайта-қайта тілгілемейін деп, мен де үнсіз қалдым. Бір сәттік тыныштықты тағы да құстардың дауысы «бұзып» жіберді. Еркіндікке не жетсін десеңізші!



  Фатима ханым азамат ақынды соңғы рет 1937 жылдың  5 тамыз күні көрген. Сосын, сосын аяулы ақын, асқар таудай қамқор әке, қазақтың біртуар арысы түрмелі қуғынға ұшырап, абақтыдан айдауға, айдаудан тергеуге, тергеуден қайыра түрмеге түсті. 1938 жылы 26 ақпан күні Азамат арыс қанды жүйенің құрбаны болды. Бірақ, адам айтса нанғысыз бұл жантүршігерлік зұлматтан Фатима да, оның балалары да бейхабар еді...



 PS:   Бүгінде Ілияс Жансүгірұлы – ұлтымыздың өрен жүйрік үлкен ақыны, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі. «Алыптар әдебиеті» деп аталатын арналы әдебиеттің төлбасы. Ақын есімімен аталатын елдімекен, университет, Мәдениет сарайы, көшелер мен даңғылдар өте көп. Десе де, ел жүрегі – Астана қаласынан арынды ақынның Алатаудай айбат берер мүсінін көргің келеді. Бас қалаға ақынның «Құлагер» поэмасының желісі бойынша композициялық «Құлагер» ескерткішін орнатса, ақынның да жалт етіп жанып, сөнген күрмеуге келмейтін, келте қайырылған тағдыры көрініс берер еді...



 Есілдің жағасына барған сайын,  Ілиястың рухты жырларын оқып тұратын әдетім бар еді. Өлеңін оқыған сайын оны сағына түсесің. Есіме бірден жазушы Серік Жәнәбілдің ақынның тағдырына арналған «Ол ертең атылады...» хикаяты түседі. Өзеннің асау толқынынан сағыныш сазы естіледі де тұрады...



 Бүгінгі күн – сейсенбі. Ақ таң рауандап атқанда, ақынның рухына батиқа оқып, дұға еттік. Қабыл болсын!



  Иә, сағыныштың соңы болмайды. Сағыныш – мәңгілік!



 



Елдос ТОҚТАРБАЙ,



Ruh.kz


Ruh.kz
Ғаламтор желісінен