9 Қараша, 2018
Сәнді саябақ ашылды

Қостанай ауданында әлеуметтік нысандар қатары артып, жоспарланған жобалар сәтті жүзеге асуда. Солардың бірі, Затобол кентінде «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Жаңару» демалыс алаңы пайдалануға берілді. Оның тапсырылуы ерекше сән-салтанатпен өтті. Жаңа нысанның ашылуына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты.


Затобол кентіндегі Тәуелсіздік  көшесінің бойында біраз жыл  қаңырап  бос тұрған үлкен аумақ, міне аз ғана уақыт ішінде адам танымастай жаңаша кейіпке енді. Тас жолдар төселіп, айналасы абаттандырылды. Сәні мен сәулеті келіскен нысан енді  затоболдықтар мен   қонақтардың серуендейтін сүйікті орнына айналатыны сөзсіз.



«Жаңару» атты саябақтың құрлысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталған болатын. Аумағы 1,9 гектар жерді алып жатқан аумақ пен монумент құрылысына 240 млн теңге қаржы жұмсалған. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдің дамуы ауыл-аймақтан басталатынын атап өтті. 



Елді мекен тұрғындары мен қонақтарының қуанышын жергілікті өнерпаздар еселеп, ән-күйден шашу шашты.

Аймақ басшысы А.Мұхамбетов "Жаңару" саябағының ашылуымен көпшілікті құттықтап, қала мәртебесін иеленгелі отырған кенттің әлі де ажарлана түсетінін айтты.



«Құрметті Затобол тұрғындары, сіздерді мұнда бұрын-соңды болмаған жаңа саябақтың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл әлеуметтік жобаның жүзеге асуы «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында мүмкін болып отыр. Саябақтың негізін қалауға 240 млн теңге жұмсалып, құрылысымен «Жаңа өмір» мердігерлік компаниясы айналысты. Бұл тек серуен құру орны ғана емес, спорт алаңдары,скейтборд нысаны жұмыс істейтін болады. Бұдан былай мәдени-көпшілік шаралар да осы саябақта өтеді», — деді А.Мұхамбетов.



«Жаңарудың» ең ерек жаңалығы – биші субұрқақ. Жиылған жұрттың тағатсыз күткен сәті де сол еді – аймақ басшысы айрықша фонтанды өз қолымен іске қосты.



Би-музыкалық субұрқақ жоғары атқақтап, қазақ күйімен ырғалып билей жөнелді. Ізін ала өзге әуендер де қосылды. Түрлі-түсті бояулармен құбылып, ырғаққа ілесіп мың бұралған көріністі көрермен жұрт көпке дейін көз алмай тамашалады.

Бұл нысанның, расында да, затоболдықтардың жиі басын қосып, татулық-бірлігін нығайта түсетін сәнді саябаққа айналарына шүбә жоқ.


ruh.kz
Ruh.kz