23 Қазан 2018 Ruh.kz 2274

Сергей Ахметов: «Орта қалыптаспаса, өсу мүмкін емес...»

 | RUH.kz

«Талаптыға нұр жауар», - дейді дана қазақ халқы. Қазақстандық кәсіпкер, ІТ саласының маманы, стартапер Сергей Ахметов өзінің күш-жігерінің арқасында Қазақстанмен қатар, шет елдерде бірталай жетістіктерге жеткен кәсіби маман ретінде танылған. Сонымен қатар, қазақстандық нарықта Big data саласындағы жұмысымен танымал.


Өзін «ауылдың қарапайым жігіті» ретінде бейнелейтін Сергей Ахметов қазақ тіліндегі ІТ-контентті дамыту саласына жіті көңіл бөлетін мамандардың бірі болып табылады. «Өз Отаныңды сыйлап, өз-өзіңді құрметтеу қажет» деген ұстаныммен өмір сүретін жас кәсіпкер тұңғыш қазақстандық бағдарламалау мектебінің негізін қалаған.



Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бәсекелік қабілет дегеніміз - ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы деп көрсетілген. Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында өзектеліп отырған басты мәселелердің бірі - бәсекеге қабілеттілік болып табылады.



«Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы,  компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында», - дейді Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында.



Біздің сұхбатымыздың кейіпкері де аталмыш мәселелерді баса назарында ұстайды. Қазақстандағы ІТ-саласының әл-ахуалы мен өзекті мәселелері жайында Сергей Ахметовпен өткен сұхбат барысында таныса аласыздар.



Сіз тұңғыш қазақстандық бағдарламалау мектебінің директоры болып табыласыз. Бұл салаға алғаш келген сәтте қандай мақсатқа қол жеткізуді қаладыңыз? Бүгінде қандай жетістіктерге жеттіңіз? 



Мен ІТ-саласына 2009-2010 жылдары келдім. Сол кезде бұл саланы жан-жақты зерделеп, үйреніп жүрген болатынмын. Сонымен қатар, қосымша қаражат ретінде қарастырып, жұмыс істей бастадым. Бір жылдай жеке өзім ғана болдым. Кейін қасыма бір маманды алып, екеуіміз бірлесе жұмыс атқардық. Уақыт өте келе, халықтың да өзіндік қызығушылығы арта түсті. Ата-анасы жоқ, көп балалы отбасылардан балалар келіп, өздерінің қызығушылықтары мен үйренуге деген талаптарын көрсете бастады. Бұл салаға келген алғашқы жылдары ойға түйгенім, көп жағдайда адамда ниет болады, бірақ мүмкіндік болмайды. Бұл, жалпы, көп адамға таныс жайт. Біз осындай талабы бар, қаржысы жоқ адамдарға көмек ретінде тегін оқытуды бастадық. Басында 20-30 адам оқытылды. Негізінде, Қазақстанда осындай тегін білім алуға мүмкіндік беретін бірде-бір компания көрмедім. Бүгінде аталмыш мектеп жас буынның қолына тапсырылды. Олар осы үрдісті сабақтастырып жатыр. Мәселен, айына 30-40 бала тегін оқып, тәлім алады. Бүгінде мектепте веб-әзірлемелер, сайт жасау сынды бірнеше бағыттар бар. Бір қуантарлығы, мектепке жас балалармен қатар үлкен кісілер де келеді. Өздеріңіз білетіндей, қазір көптеген бизнес жобалар электронды жүйемен тығыз байланысты. Осы орайда кәсіпкерлер сайтпен жұмыс жүргізе алмағандықтан, екі-үш бағытта білім алуды қалайды. Не болмаса, ата-аналары өздерінің кішкентай балаларын алып келеді. Мектепке болашақта жұмыс табу мақсатымен келетін адамдар соңында міндетті түрде жұмысқа орналасады. Яғни, қазіргі таңда 60%-ға жуық білім алушы жұмыспен қамтылған. Көптеген адамдар фрилансер ретінде кетеді. Ресейде, өзге де шет елдерде кішігірім тапсырыстарды орындай бастады.



Қазіргі таңда Қазақстанда ІТ-саласының деңгейі жайында өз ойыңызды айтып өтсеңіз.



Жалпы, Қазақстанда ІТ саласының деңгейі жақсы. Бізде Украина, не болмаса, Беларусь елімен салыстыру секілді теріс үрдіс қалыптасқан. ІТ саласын үш бағытқа бөліп, қарастыру қажет. Бірінші бағыт - дайын бағдарламаларды жасау, екінші бағыт - аутсорсинг, ал үшінші бағыт - компьютер жинау. Украина Еуропаға жақын болғандықтан, аутсорсинг бағыты өте жақсы дамыған. Дегенмен, ол бағыттың кем тұсы - өздерінің жасаған өнімдері жоқ. Осы факторды көбісі ескермейді. Ал дүние жүзі бойынша маңызды бағыт - дайын бағдарламаларды жасау. Осы тұста біз еш мемлекеттен кем емеспіз. Өйткені, біздің көп стартаперлер де әлемдік нарыққа шығып жатыр. Мәселен, қазір нейрон жүйесі атты жаңа ұғым пайда болды. Бізде осы бағытта ІТ компаниялар консорциумға бірігіп, адамның бейнесін анықтау сынды стартаппен Ресей нарығына шығуда. Елімізде ІТ саласында жұмыс істейтін көптеген талантты балалардың тың идеялары баршылық. Тек бұл жобалар мемлекет ішінде толыққанды жүзеге асырыла алмайды. Себебі, бір жағынан адам саны аз, ал екінші жағынан инвесторлар тарапынан қолдау көрсетілмейді. Сондықтан да, көптеген мамандар шетел асып, Ресей мен Украина секілді елдердің мамандарымен бірігіп, стартаптар шығарады. Өкінішке орай, Қазақстанда бағдарламалау ортасы әлі де қалыптаса алмай келеді. ІТ саласы сайт жасау, ұялы қосымшалар әзірлеу сынды кішігірім жұмыстармен шектеліп қалмайды ғой. Ал біздің нарықта үлкен жобаларға тапсырыс берілмейді. Біз ІТ саласының бір бөлігімен ғана шектеліп қалғанбыз.



Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бәсекеге қабілеттілікке баса назар аударылады. Сіздің ойыңызша, еліміздегі ІТ-саласы әлемдік трендтерге сәйкес келеді ме?



Бұл жерде ІТ саласының көп бөлікке бөлінетін сала екендігіне назар аудару қажет. Шыны керек, біз барлық бағытта бәсекелесе алмаймыз. Бірақ, елімізде бірқатар бағыттар бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізілген. Мәселен, машина оқыту - жаңа трендтердің бірі. Осы орайда біздің қазақ жігіттері Google рейтингінде ТОП-3-ке кіреді. Нейрон жүйесі секілді бағыттар бойынша да табысты жұмыстар атқарылуда. Бұл жерде нарықтың тым ұсақталып кеткеніне баса назар аудару қажет. Сонымен қатар, батыста Google сынды көптеген компаниялар тұрақталған. Олардың көптеген стартаптары бар. Мәселен, жақсы бір идея туындады делік. Біздің мамандарға қарағанда, Google сынды ірі компания мамандарында бұл жобаны жүзеге асыруға мүмкіндігі көп болады. Олардың өз ортасы бар. Бізде ІТ саласының баяу дамып келе жатуының себебі де - осы. Сөз басында айтып өткендей, бізде орта жоқ. Орта қалыптаспаса, өсу мүмкін емес. Бүгінде Қазақстанда ІТ Кеңесі құрылып, еліміздің бар өңірлерінен ІТ компаниялар жиналып, өзара пікір алмасулар өткізіледі. Аталмыш мәселелер де талқыланады. Мәселен, көптеген ірі кәсіпорындар өз жобаларын қазақстандық мамандарға емес, шетелдік ІТ компанияларына сеніп тапсырады. Бұл қадамның да өзіндік кереғар тұстары бар. Себебі, үлкен ІТ компаниялардан бағдарламалар сатып алынады, кейін сол бағдарламаны өзгерту үшін шетелден маман қажет болады. Себебі, біздің мамандар бұл жүйемен жұмыс жасамайды. Осындай мәселелердің салдарынан біздің ІТ саласы әлі де осал болып тұр. Ал көптеген өз ісінің кәсіби мамандары шетелге шығып, сол елдің нарығында жетістіктерге қол жеткізуде.



«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асу барысы мен аясына қатысты пікіріңізбен бөліссеңіз. Бүгінде елімізде цифрландыру қандай дәрежеде жүзеге асырылып жатыр?



Ахмет Байтұрсыновтың «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болады» деген тамаша бір сөзі бар. Елбасымыз «Цифрлық Қазақстан» бағытына баса назар аударғаннан кейін, көптеген ІТ компаниялар консорциумға бірікті. Сонымен қатар, аталмыш бағдарламада ел ішіндегі компанияларға басымдық берілген. Сандық жүйенің басты мақсаты - адам өмірін жеңілдету. Мысалы, жұмыс орны сізден халыққа қызмет көрсету орталығынан анықтаманы талап етеді. Сіз ХҚКО анықтаманы кезекте тұрып аласыз да, жұмыс орныңызға алып келесіз. Ал бұл - бір хабарламамен шешілетін дүние. Біздің ІТ саласында көптеген патриот балалар жұмыс атқарады. Олар өз елінің дамып, көркеюіне барынша үлестерін қосуға бар. Дегенмен, үлкен жоба жасайық десек те, тендерге қол жеткізу қиын үрдіс болуда. Бүгінге дейін көптеген шетелдік бағдарламалау жүйелері алынғаннан кейін, біз бұл бағдарламаларды өзгерте алмаймыз. Ал ірі кәсіпорындар өз жүйелеріне байланып қалған. Осы орайда ортақ бір мәмілеге келу белгілі бір күрделіліктерді туындатуда. Мәселен, тендер барысында қағазбастылық тым көбейіп кеткен.



Жуырда Digital arena алаңында Мирус Курмашев вице-министрлермен үлкен кездесу өткізді. Аталмыш алаңда жан-жақты келелі мәселелер талқыланды. Мәселен, біз өз тарапымыздан қандай кедергілер туындайтынын ашық айттық. Ресей нарығына шыққан кезде мынандай бір тосын сауалдар қойылады. «Сіздер осы жобаны неге өз еліңізде жүзеге асырмайсыздар? Өз мемлекеттеріңде енгізбейсіңдер ме?» сынды сауалдар қойылған да, іштей кереғарлық туындайды. Көптеген мамандар Өзбекстан нарығында жұмыс атқарады. Егер де біздің елімізде ІТ саласына қатысты белгілі бір жоба қолға алынып жатқан шақта, ІТ мамандарға хабар берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.



Сіз қазақ тіліндегі ІТ-контентті дамыту саласына аса көңіл бөлетін мамандардың бірісіз. Осы орайда бүгінгі таңда қазақ тілінде бағдарламалау жүйесі жайында толығырақ айтып өтсеңіз.



Мынандай қызық жағдай бар. Мәселен, қалада тұратын жас балаларда бағдарламалау жүйесімен қиыншылық болмайды. Қалаларда түрлі мектептер бар. Ал ауыл балаларында осындай мүмкіндіктер жоқ. Сонымен қатар, қазақша мағлұмат мүлдем жоқ. «Көптеген бағдарламалар ағылшын тілінде болғаннан кейін, ағылшынға бастау керек» деп есептейтін кісілер баршылық. Біз қандай да бір салаға деген қызығушылық жас кезден бастау алатынын ұмытпауымыз қажет. Ал ауылда ағылшын тілінің деңгейі де шамалы. Осыған орай, бізде қазақ тілінде контент жасау туралы ой туындады. 300 бала бірігіп, осындай бағыттағы жобаны қолға алудамыз. Дегенмен, редакторлар күрделі тілде жазады. Ал балалар қарапайым ауызекі тілді жақсы түсінеді. ІТ саласы көптеген бөліктерден тұратынын білеміз. Жас бала арман қуып осы ортаға тап болады да, түсінбеушілік туындайды. Осыған орай біз кәсіби бейімделу секілді арнайы жоба әзірлеп жатырмыз. Мысалы, ұялы қосымшаларды әзірлеуші деген мамандық бар. Осы мамандыққа қатысты қазақ тілінде ақпараттар дайындаймыз. Бұл саладағы білікті мамандармен сұхбаттар түсіріп, олар қазақ тілінде жан-жақты түсіндіріп береді. Адамда белгілі бір түсінік қалыптасады. Қазір жоғары оқу орындарында жалпы білім береді. Ал балалар түсінбейді. Олар ІТ саласын тұтас бір әлем деп таниды. Дегенмен, бұл сала бірқатар тармақтардан тұрады. Әр тармақ адам түсіне алатындай болуы керек. Жас маман өзіне қажетті бағытты таңдай алуы тиіс.



Сіз өзіңізді ауылдың қарапайым жігіті ретінде бейнелейсіз. Негізі, осы салаға қалай келдіңіз? Еңбек жолыңызға тоқталып өтсек.



Жалпы, ІТ саласын қандай да бір оқу орнында тереңірек оқымадым. Бұл салаға деген қызығушылығымды оятқан кісі - мектеп кезінде информатика пәнінен тәлім берген Мақсат ағай. Сол кісінің арқасында бесінші сыныптан бастап, осы саланы жан-жақты қарастыра бастадым. Адам өзіне ұнаған істі әрі қарай алып кетеді. Осы себепті, жас бала өзіне жақын мамандықты білуі тиіс. Өкінішке орай, бізде көршінің баласы деген ұғым бар. Елге қарап, әрекет етеміз. Ал баланың қызығушылығын әрі қарай дамыта түссеңіз, тұлға ретінде жақсы қалыптасады. Көп жағдайда мен өзім оқыдым. Бүгінде балалар әлемдегі ірі кәсіпкерлердің өмірлеріне көз жүгіртеді де, оқудың қажеті шамалы деп есептейді. Бұл - қате пікір. Бізде оқудың екі түрі бар. Бірі - жоғары, орта жүйелі білім алу. Екіншісі - өзінің білімін жетілдіру, өз-өзін тұлға ретінде қалыптастыру. Білім әрқашан қажет. Әлемдегі ірі кәсіпкерлер мектептегі оқуын аяқтай алмаса да, әрқашан өз білімдерін жетілдіріп отырғаны сөзсіз. Өз-өзің жетілдіру мақсатында оқуда да қиыншылықтар туындайды. Себебі, сіз осы салаға қатысты барлық материалдарды игеруіңізге тура келеді. Сізде нақты бір бағдар болмайды. Жан-жақты оқып, өзіңізге керекті ақпаратты ғана алып қала аласыз.



Қазіргі таңда ІТ-саласына қызығушылық танытатын жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз...



Қай саланы таңдасаңыз да, ең бірінші кезекте өз-өзіңізбен ашық та адал болыңыз. ІТ саласы - жаңа бағыттардың бірі. Егер де жас баланың қызығушылығы болса, ол бұл саланы толыққанды игере алады. Сонымен қатар, ІТ саласында математика аса қажет. Математиканы жақсы игере алмаған адамнан білікті ІТ маманы шығады деп ойламаймын. Мұндай маман бір бағытта ғана шектеліп қалады. Сондай-ақ, ағылшын тілін жақсы игеру қажет. Бүгінде бұл саладағы көптеген материалдардың 70%-ға жуығы орыс тіліне де аударылмайды. Осы себепті, ағылшын тілінің маңыздылығын түсінген дұрыс.



Сөз соңында айтарым, әр адам өз отанын ұмытпауы тиіс. Себебі, ІТ саласы белгілі бір жермен шектеліп қалмаған. Осы себепті маман қандай да бір дәрежеге қол жеткізгеннен кейін шет ел компанияларынан сұраныс артады. Осы себепті, туған жеріне деген сүйіспеншілік қасиеті берік болып, елінің көркеюіне бар күш-жігерін жұмсауы тиіс.


Достарыңызбен бөлісіңіз

Басқа жаңалықтар

25 Маусым, 2019

#ҰЛЫ_ДАЛАНЫҢ_ЖЕТІ_ҚЫРЫ: СӘНДІК ЖОЛАҚТАР

25 Маусым, 2019

МАҒЖАННЫҢ РУХАНИ ІНІСІ

24 Маусым, 2019

ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРЫ

24 Маусым, 2019

ОЮ-ӨРНЕКТЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ МАҒЫНАЛАРЫ