30 Тамыз, 2018
Серік Ақылбек: «Археология құпиялылығымен өзіне баурап алды...»

Қазақстандағы демократтық, ағартушылық мәдениеттің алғашқы өкілдерінің бірі Шоқан Уәлиханов қазақтың тұңғыш археологі болса, өз кезегінде әдебиеттанушы, шығыстанушы, көрнекті қайраткер Әлкей Марғұлан Қазақстан археология мектебінің негізін салушы болып табылады. «Ел үмітін ел ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, қазақ халқының маңдайына біткен бұл тұлғалардың әр еңбегі еліміздің рухани мәдениетін сақтауда ерекше орын алады.


Бүгінде тамыры тереңге бойлаған тарихымыздың жаңа беттерін ашу жолында қызмет атқарып жүрген ел азаматтары - археологтардың қызметін де айрықша айтып өтуге болады. Атап айтқанда, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің, «Қазақ хандығының 550 жылдығы» медалінің иегері Серік Шаймерденұлы Ақылбек - 60-тан астам ғылыми мақалалар авторы.



Серік Шаймерденұлы 2001-2004 жылдары ЮНЕСКО-Жапония-Қазақстан мақсатты қорының «Ежелгі Отырарды сақтау» жобасы бойынша эксперттік тобының құрамында реставратор, құжаттаушы болған. Кейін 2004-2012 жылдары аралығында Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының Отырар отрядының қазба бастығы болып, Отырар шахристанының фортификациясын қазу, Отырар цитаделіндегі XIV ғ. мешітінің ауласын қазу, Отырар шахристанындағы XVI ғ. орамын қазу, Оқсыз, Қауғаната, Жалпақтөбе, Алтынтөбе, Бұзықтөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан қалажұрттарындағы қазбаларды жүргізген, Отырар оазисінің мәліметтер базасын жасау жұмысы мен Сырдарияның орта ағысындағы суландыру тарихын зерттеген.  



Сонымен қатар, Серік Шаймерденұлы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының Жоңғар маңы отрядының қазба бастығы ретінде Қаялық қалажұртының XIII-XIV ғғ. кесенелерін, ханака және цитаделін қазу жұмыстарына басшылық еткен.



Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқаратын Серік Ақылбектің археологияға қатысты ой-пікірімен бөлісу мақсатында сұхбат жүргізген едік. 



-  Археологияны өткенге сапар шегуге мүмкіндік беретін тылсымға толы бірегей ғылым деуге болады. Бүгінде Қазақстанда археология ғылымы қаншалықты дамыған? Осы ғылымға қажетті көңіл бөлініп отыр деп ойлайсыз ба?



-  Археология бастапқыда тарих ғылымының қосалқы пәні ретінде қарастырылып келсе, қазіргі заманда оны өзіндік әдістемесі қалыптасқан бірегей ғылым деуге болады. Тарих ғылымы жазбаша деректерге негізделсе, археология топырақ басқан немесе су астында қалған заттай (материалдық) тарихи деректерге, археологиялық ескерткіштерге сүйенеді. Әлемнің басқа аймақтарына қарағанда жазба дерекке жұтаң болып келетін Қазақстан тарихын жазу үшін археология ғылымының орны өте маңызды. Сол себепті де елімізде археологияға ерекше мән беріліп келеді. Елімізде жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламалар (мыс. «Мәдени мұра», «Көне Отырарды жаңғырту») аясында көптеген ескерткіштер кешенді түрде зерттелді. Зерттеулер тас дәуірінен бастап (палеолит, энеолит) қола, ерте темір дәуірлерінің, ортағасыр және кейінгі ортағасырлар ескерткіштеріне дейін ескерткіштеріне дейін қамтыды, дала мен қала мәдениетіне қатысты тың мәліметтер алынып, тарихымыз толыға түсті. Ескерткіштер зерттеліп қана қоймай, бірегейлері ашық аспан астындағы музейлерге айналды.



Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы археология саласына да жаңа серпін берді. Осы бағдарлама аясында Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан археологияға гранттар бөлініп отыр.



-  Еліміздегі соңғы жылдары табылған археологиялық қазбалар жайлы айтып өтсеңіз. Ең ерекше жаңалықтарға тоқталып өтсеңіз.



-  Елімізде жыл сайын жүздеген ескерткіште қазба жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде жай адамның аяғы жете бермейтін жерде орналасқан елеусіз, көзге түсе бермейтін обалар, мекен жұрттары, тұрақтар, керуен-сарайлар, т.б. ескерткіш түрлері бар. Осы орайда мынау қазба маңызды, ал, мынау маңызсыз деп айтуға болмайды. Қазбадан шыққан шіріген ағаш пен көн, тот басқан темір мен тиын, кішігірім мекеннің жұрты мен астаналық қаланың орны да археологтар үшін маңызды. Бұны, әрине, жауыр болған сөздер дерсіздер, бірақ, шындығы сол. Өйткені, осылай жиналған деректер массиві кейін талдаудан өтіп, тарих жазылады, өткеннің мәдениеті мен дүниетанымы ашыла түседі. Әйтседе, былайғы жұртқа жарқ еткен айтулы оқиғалар қызықты болып келетінін де түсінемін.



Олардың қатарына Тараз қаласында аршылған Қазақстандағы ең алғашқы мешітті (Сейітжан Ілияс қазбасы), Түркістан қаласындағы Күлтөбеде аршылған Қазақстандағы ең көне ғимаратты (Ерболат Смағұлов қазбасы), Берел обалы қорымының қазбасын (Зейнолла Самашев), Елеке сазындағы «алтын адамдарды» (Ерден Оралбай, Зейнолла Самашев) жатқызар едім. Сонымен қатар, Тараз қаласының жұртында орналасқан базардың көшіріліп, ескерткіште кең көлемде қазба жүргізіліп, археологиялық парктің құрылғаны да Қазақстанда бұрын-соңды болмаған оқиға. Бұл, әрине, жақсы бастама, археологтарға үміт ұялататын жағымды прецедент. Себебі, біздің көптеген ескерткіштерміз Тараздың орны сияқты игеріліп кеткен. Олардың барлығын болмаса да, қазақ тарихында маңызды орын алатындарын шаруашылық жерлер қатарынан шығарып, тарих және мәдениет ескерткіші статусын қайтару қажет.



-  Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобаларының қажет екендігін жеткізді. Осыған орай өз ойыңызды айтып өтсеңіз.



-  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты төртінші жобасы азаматтардың ортақ құндылықтарын бекітуді басты мақсат етіп отыр. Бұл - заман талабынан туындап отырған мәселе. Түбегейлі отырықшы халыққа айналған қазақ жершілдікке бой алдырмауы тиіс. Ошақ қасында қалып қоймай, шығысы мен батысы, оңтүстігі мен шығысы бірдей жүрекке жақын, ыстық болуы тиіс. Мемлекеттің осы мәселеге тиісті назар аударып, арнайы ғылыми-зерттеу орталығын құрып, ғылыми түрде айналысып жатқандығы қуантады.



-  Сіз осы салаға қалай келдіңіз? Археология сізге несімен қызықты?



-  Мен Отырарда дүниеге келдім. Отырарда 1969 жылдан бастап Отыра археологиялық экспедициясы, 1971 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы жұмыс істеп келеді. Бұл экспедицияның құрамында мыңдаған отырарлықтар жұмысшы болып істеді. Соның бірі мен болдым. Алғаш рет мектеп қабырғасында жүргенде, 1989 жылы жазғы демалыс кезінде қазба жұмысына қатыстым. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің археология бөлімінің меңгерушісі Мұхтар Қожа (қазіргі кезде тарих ғылымының докторы, ХҚТУ профессоры) тарихи, археологияға қатысты кітаптармен таныстырып, ғылымға баулыды. Кейін, осы аталған қорық-музейге жұмысқа тұрып, М.Қожаның басшылығымен қазба жұмыстарына араластым. Кейін, академик Карл Молдахметұлы Байпақовтың қол астында жалғастырдым. Алғашқы араласқан кезден бастап археология құпиялылығымен өзіне баурап алды, күнделікті жаңалық ашуға болады. Кәсіби түрде айналысқан соң археология, күнделікті атқаратын, қайталанатын іс-әрекеттері бар, қызығынан шыжығы көп кәдімгі жұмысқа айналатыны рас. Бірақ, көненің көзін топырақтан алғаш аршып алу кезінде сезім, бұрын соңды ешкім ашпаған жаңалықтан дәмелі болу («тойдың болғанынан болады қызық»), сирек те болса сондай жаңалық ашу кезіндегі сәттер ештеңеге бергісіз. Сол себепті осы салада әлі де жұмыс істеп келемін.



-  Болашақтағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Алда қандай археологиялық жұмыстарды жүргізуге ниеттісіз?



-  2015 жылы Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институтының тапсырмасымен Құлан қалажұртына келдім. Алғашқы маусымда-ақ қазба нәтижелі болды. Қазба нәтижесінде VII-VIII ғғ. жататын, яғни, Батыс Түрік (Он оқ будун) және Түргеш қағанаттары дәуіріндегі Құлан қаласы билеушісі сарайының бір бөлігі аршылды. Сарайдың салтанат (тақ) залы мен ғибадатхана қызметін атқарған екі бөлме зерттелді. Салтанатты бөлме қабырғаларында, бөлмелерді безендіруде бұрын соңды кездеспеген, граффити тәсілімен салынған суреттер анықталды. Сонымен қатар, жартасқа сурет салу өнеріне тән бейнелердің архитектурада да пайдаланылғаны алғаш рет анықталып отыр.



Ғибадатхананың қабырғаларындағы порталды ойықтар мен белдемшелердің безендірілу тәсілі мен оюлары да ерекше. Қабырғада сақталып қалған 32 медальондағы оюлар бір-бірін қайталамайды. Сонымен қатар, осы оюлардың қазақи оюлармен ұқсастығын да атап өткен жөн.



Табылған нысанның маңыздылығы ескеріліп, 2017-18 жылдары жұмыстар жалғасын тауып, сарайдың қалған бөліктерінде қазба жасалды. 2019-2020 жж. жұмыстар жоспарланып отыр. Алдағы уақытта да осы нысанда жұмыс істеймін деген жоспар бар. Сонымен қатар, қазақ халқының және мемлекеттілігінің қалыптасу тарихында маңызды рөл атқарған Сауран қалажұртындағы жұмыстарым да жалғасын табады деген үміттемін.



-  Сұхбатыңызға рахмет!


ruh.kz
ruh.kz