23 Қараша, 2018
Серіктес тараппен қалай дұрыс әңгімелесу керек?

Келіссөздер – кез-келген әріптестік-серіктестік сұхбаттардың маңызды түрі. Жүргізілген келіссөздер алдағы жоспарлардың тыңғылықты орындалуына тікелей әсер етеді. Демек, сапаы келіссөз – сапалы істің алғашқы қадамы.


Психологиялық көзқарастан қарар болсақ, біздің әрбіріміз – кіршіксіз таза тұлғамыз. Біздің өмірге, кәсіпке, іске деген өз көзқарасымыз, қоғамдық позициямыз бар. Міне, келіссөз барысында осы дүниелерді ескеру керек. Екінші тараптың пікірін, ұсыныстарын мұқият тыңдап, оған тағылымды жауап бере білген жөн.



Директор, менеджер, қаржыгер, PR-менеджер секілді тұлғалар нақты ісі бар нақты фирмалардың, кәсіпорындардың, өндірістердің атынан сөйлейді. Демек, оларды өздеріне ісі жағынан, қаражат жағдайы турасынан сәйкес келетін, өздеріне қандай да бір пайда келтіретін серіктестер қызықтырады. Ал жеке тұтынушыны көбіне жекелеген тауарлар, өнімдер қызықтырады.



«Тең теңімен, тезек қабымен» деген қазақ нақылы осы жерде тура айтылғандай әсер қалдырады.



 Сіз келіссөз жүргізетін тараптың ең басты талап ететін дүниесі – нақылық. Келіссөз этикасында жалпылама сөздер, жадағай жоспарлар мүлде болмауы тиіс деп есептеледі.



Сонымен қатар, келіссөз жүргізетін тұлға сөзге шебер, тілге шешен болғаны абзал. Оның сөйлеу әдісі, сұхбаттасушымен жасырын жүретін психологиялық текетіресі барынша басым болғаны жөн. Өйткені, сөз құдіреті сізде бар олқылықтарды толығымен жасырып, тиісінше, екінші тараптың жасырмақ болған дүниелерін сізге ашып беруге қауқарлы.



Енді сапалы келіссөз үшін қажет болатын қағидаларға көз жүгіртіп өтелік.



Дайындық



Сіз келіссөз жүргізуге жауапты болсаңыз, алдымен келіссөздің мақсатын түсініп алуың керек. Сонымен қатар, сіздің тараптың екінші тараптан қандай дүниені алуды көздейтініне қанық болғаныңыз жөн.



Кез-келген келіссөз қорытындысы жоспардағыдай, қабылдауға тұрарлық немесе нашар болып шығуы әбден мүмкін. Қорытынды - сіздің келіссөзді қаншалықты дұрыс жүргізгеніңіздің белгісі.



Сондықтан, келіссөздер алдында тыңғылықты дайындалып, барлық ақпараттарды игеріп алғаныңыз дұрыс болады. Соынен қатар, екінші тарап жасаған психологиялық қысымдардан шығу амалдарын білген жөн. Өйткені, бұл жағдай барлық келіссөздерде орын алады.



Таныстыру



Келіссөз шараларын бастамай тұрып, сіз өзіңіздің кім екеніңіз, қандай компаниядан және не мақсатта келіссөз жүргізбекші болғаныңыз туралы ақпарат беріп өтіңіз. Бұл сіздің сұхбаттасушыңыздың санаңыздан бірнеше күрделі сұрақтарды алып тастап, жайбарақат келіссөз жүргізуге септігін тигізеді.



Бірден іске көшіңіз



Келіссөз жүргізуді міндетіне алған бірнеше адамдар нақты мәселеге тура көшпей, әр нәрсені әңгіме етіп отырады. Мысалы, ауа-райы, валюта бағамы деген секілді. Есіңізде болсын, іскер адамдардың көпшілігінде артық уақыт ешқашан болған емес. Сіз ол адамның өзіңізге бөлген уақытын бос әңгімемен өткізсеңіз, нақты мәселеге келгенде екінші тарапта уақытқа алаңдаушылық басталуы мүмкін. Ал алаңдау үстінде немесе асығыстықпен болған келіссөздің сапалы шықпасы анық.



Сыйластық пен түсіністік



Келіссөз барысында екі тарап та өз қызығушылығын, өз жоспарын айтатыны анық. Бірақ әңгіменің екінші тарапты жалықтырып жібермеуін қадағалаңыз. Оны тыңдай біліңіз және өзге позицияны сыйлай біліңіз. Орынды әңгіме айта білуге асыққаныңыз абзал.



Кездесу орыны және сыртқы келбет



Кездесу орыны мен келіссөз жүргізуге жауапты тұлғаның киген киімі, шаш үлгісі, сөйлеу мәдениеті жақсы серіктес табуға әсер ететін бірден-бір факторлар. Келіссөз өтетін орынның тыныш болуы қадағалану керек. Егер ол кеңсе болса, онда ол жердің іскерлік жұмысқа ыңғайланған болуы шарт. Ал егер кафе немесе мейрамхана болса, бұл орынның тыныш әрі жайлы болғаны абзал.



Келіссөзге жауапты тұлғалардың ғана қатысқаны жөн. Бұл ойдың тиянақты жеткізілуіне әсер етеді.



Келіссөз жүргізетін адамдарға мүмкіндігінше классика үлгісінде киінген дұрыс. Өйткені, бұл киім үлгісі екі тараптың бір-біріне деген құрметін көрсетеді. Сағатқа қайта-қайта қарай бермегеніңіз жөн. Себебі, бұл – сыйламағандықтың, жүргізіліп жатқан келіссөздің сізге қызықсыз екендігінің нышаны.



Есіңізде болсын, келіссөздің аяқталуы мәселенің шешілгенін білдірмейді. Екі тарап та ұсынылған серіктестіктің талаптарын, қызметтерін әріптестерімен бірге талқылап барып, шешім шығарады. Келіссөз аяқталғанда екінші тарап өкіліне табыс тілеп, серіктес болуға қуана-қуана келісетініңізді жеткізіп, шығарып салыңыз.


Ruh.kz
Ilmira64.ru