14 Қыркүйек, 2020
«Шаңырақ» қандай орталық?

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығы ашылды. 

Бүгінде орталыққа арнайы ғимарат бөлініп, ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.

Наурыз айынан бастап қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін «Самғау сенім» орталығының жанынан «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығы секторы құрылып, қазіргі таңда халыққа өз қызметін жаңа үлгіде ұсынуда.

Орталықтың басты мақсаты – аз қамтамасыз етілген отбасыларға және көп балалы аналарға кәсіпкерлік жөнінде бағыт-бағдар беру, қысқа мерзімді курстарға жіберу, жұмысқа бейімдеу, қаржылық сауаттылығын арттыру. Сонымен қатар, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық кеңес беру.

Орталықтың жұмысы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының тәжірибесін негізге ала отырып ұйымдастырылған.

Отбасы күніне орай ашылып отырған ғимараттың жұмысымен танысқан Мұрат Әйтенов өз құттықтауын жеткізді.

«Мемлекетіміздің ең басты мақсаты – әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын жақсарту. Бүгінгі таңда экономикалық өсімнің арқасында әлеуметтік төлемдердің мөлшері көбейіп, отандық білім берудің деңгейі өсіп келеді. Қазір қаламыз да күннен күнге көркейіп келеді. Демографиялық көрсеткішіміз артып, тұрғындардың саны миллионнан асты. Күн сайын қаламызда шамамен 70-80 сәби дүниеге келеді. Мереке қарсаңында орталыққа арнайы ғимарат беріліп отыр. Мұнда әкімдікке қарасты басқармалардың мамандары сұранысқа сәйкес кесте бойынша азаматтарға кеңес береді», - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Айта өтсек, Шымкент қаласында көпбалалы 38 148 отбасы бар. Ал атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар – 26 435 болса, оның ішінде көпбалалы отбасылар саны - 9 428. 

Ruh.kz
Фото: Ашық дереккөздерден