29 Сәуір, 2019
ШӘЙТАНКӨЛДЕ САЙТАН ДА ЖОҚ!

«Осы ма, жұрт айтатын Шәйтанкөлі?



Енді мен «періште» — деп, айтам нені?»



Осы тармақтарды оқыдым да, Қарағандының баласы бола тұрып, табиғатымыздың ең бір әсем, ең бір айтулы жерін әлі де көзіммен көрмегеніме қынжылып қалдым.


Өзіңіз ойлап қараңызшы, — «Енді мен «періште» — деп, айтам нені?» – дейді. Бұдан асқан теңеу болар ма, сірә?! Бір көруге, сол табиғатпен танысуға құмарттым. Қаты құмарттым. Оның орайы да ұшыраса кетті.



Бір топ бала жиналып, ауыз толтыра әңгімелеп, аңыздарын айтысып, сан кідіріп демалып ақыры айтулы тау басына шықтық. Алғашқы сезім керемет. Жаңағы жолдардың буы болса керек. Мәзбіз. Суына түстік. Тасына шықтық. Әлсін-әлсін көз үйренісе бастады. Көз үйренгеннен соң кемшіліктерді байқайтыны белгілі. Осы турасында:





Ең бір үлкен кемшілігі демалуға барған адамның екі өкпесін қолына ұстап, тау басына әрең көтерілуінде. Туризмге ең бір ыңғайлы ортаны неге осы күнге дейін дұрыс пайдалана алмай келе жатқанымызды түсінбеймін. Сонау таудың етегінен басына дейін көтеретін құрылғыларды неге орнатпасқа? Әлде бар қызығы осында ма екен?! Оқжетпестегіндей қылып, аяққа ыңғайлы, адамға жайлы қылып неге саты салмасқа? Қолдан келмесе жеке кәсіпкерге неге бермеске?



Екінші кемшілігі – айналасының лас болуы. Көл бетін жалбыз жапқан, жан-жаққа пакеттен бастап киім де, бөтелкелер де, қалбырлар да шашылып қалған. Әп-әдемі пейзажды сыраның бөтелкесі құртып-ақ тұр. Табиғат тазалығымен қымбат емес пе?



Үшінші кемшілігі – ешқандай жағдай жасалмағандық. Яғни, демалуға барған адамдардың демалысын көркейте түсетін отырыстарға ыңғайлы жағдайдың болмауы. Судан бастап азық-түлікке дейін сататын бір дүңгіршек, тамақтануға болатын бір үстелдің жоғы... «Оның бәрін тау басына шығару бейнет-ақ», дерсіз. Заңды да. Осы жерде бірінші олқылықтың орнын толтырудың маңызы екі есе артады. Тау басына азық-түлік арқалап шықпақ түгелі өзің әрең көтерілесің. Тамақтанатын орын болса қоқыс та шашылмас еді ғой?!





Тағы бір кемшілігі – сауықтыратын ештеңенің болмауы. Көлдің бетіне шығып жүзуге болатын қайықтар, жүзу білмейтіндерге арналған желеткелер, тіпті сол күннен, сол демалыстан жылы естелік болар суреттерді түсіретін фотографтардың жоқтығы. Ана табиғат құшағында отбасымен, достарымен барған адамның қайтсе бір сүгірет алғысы келетіні сөзсіз еді ғой.



Осы мәселе бір жыл бұрын El.kz сайтында да көтерілді. Әріптестер, Шәйтанкөлде сайтан да жоқ, әлі! Бәз қалпында. Туризм туралы айтып жақ талдыратындар осындайда неге үнсіз? Осы төрт кемшіліктің орнын толтырса Бұғылының басынан адам азая ма?



Сұлтан Мұстафин,



Ruh.kz


Ruh.kz
Анель Кайргалиева, Ruh.kz