15 Мамыр, 2018
Шәкәрім мен Ахмет жолы «Рухани жаңғыру» тұсында қайта жаңғырды

Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте Шәкәрімнің 160 жылдығы, Ахмет Байтұрсыновтың 145 жылдығы, Амангелді Имановтың 145 және Халел Досмұхамедовтың 135 жылдығына арналған студенттік ғылыми жобалардың конкурсы өтті. 


Қос арыстың Алашорда астанасы Семейде «Рухани жаңғыру» аясында ұлықталуы – ұрпақтың баба қызметін бағалай білгендігінің куәсі. Елбасы Тәуелсіздік алған жылдан бастап, ұлт қайраткерлерінің ұлы істеріне жоғары баға беріп, жаңа ұрпаққа өнеге етіп көрсету бастамасын ту етіп көтеріп келеді. Тарихтағы ақтаңдақтарды ақтап, олардың шығармаларын, артына қалдырған бай шығармашылық мұрасын терең зерттеуге көңіл бөлінді. "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының арқасында тарихта көміліп жатқан қаншама құндылықтарымыз жарыққа шығарылуда. Бұл игілік те солардың бір парасы.  



Конкурстың мақсаты «Тарих» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерге Шәкәрім мен Ахметтің рухани болмысын түсіндіріп, халқымыздың тәуелсіздік жолындағы күресін насихаттау мақсатында өткізілді. Өткен уақытта елім деп еңіреп өткен ер-азаматтардың ұлт үшін жан пида еткен жанкештілігін, патриоттық сезімінің күштілігін бүгінгі ұрпаққа көрсету, сол арқылы жаңа буынның руханиятын байыта түсу - бүгінгі күні алдымызда тұрған ірі міндеттердің бірегейі.  



"Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын әлі де күшейтеміз деген болатын, осыған орай облыстық әкімшіліктің қолдауымен осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Қазіргі уақытта түрлі кітаптар жазылып жатыр, елдің өз туған жеріне, тарихына деген қызығушылғы басым. Ал біз тарихты тереңінен оқытатын педагог мамандар тәрбиелеуіміз керек" - дейді тарих кафедрасының меңгерушісі Майра Ибраемова. 



Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – ұлттың езгіге түскен шағынан тыртық болып қалған құлдық санадан арылтуды, қоғамның ой-санасын толық тәуелсіз етуді көздейтін бастама. Әрбіріміздің жүрегімізді қан жылататын 1937-1938 жылғы қуғын, сүргін, жалпы шамасы он жылға жуықтайтын аштық кезеңі ұлттың еңсесін түсіріп, рухын бәсеңдетті. Сол жылдары білім алған, көңіл көкжиегі кең әрі азаматтық парызын өтеуге жанын пида еткен азаматтар ұлттың сауатын ашып, рухын көтеру үшін қараңғыға күн шуағын төккендей ерен еңбек етті. Ондай асыл азаматтардың алдыңғы қатарында Ахмет Байтұрсынов та, Шәкәрім Құдайбердиев те бар. 



Өздерінің шығармалары арқылы күллі халықтың, тұтас ұлттың болашағы үшін қызмет қылған есіл ерлер бір оқтық болып кете барды. «Алаш қозғалысының» басында болған Ахмет Байтұрсынов саяси мәселелерде де, оқу-ағарту ісінді де суырылып алға шыққан ұлтшыл азамат. Ал Шәкәрім қарғыс атқан қоғамнан безіп, Париж сапарынан келгеннен кейін жайлауында жүріп жатқан кезінде қаскөйлердің оғына ұшады. Шығармашылықпен ғана айналысқан абызды «ұлтшыл, ел арасына бүлік салушы» ретінде көрсетіп, атуға шешім қабылдапты-мыс. Ең өкініштісі, ақын, ағартушы қарттың мүрдесін де топырақпен жаппай, құдыққа толығымен тастап жүре берген. 



Студенттердің жоғарыда аталған тақырыптар бойынша жазған ғылыми жобаларын бағалауға Қымбат Байсарина, Бақыт Атантаева, Мұхтарбек Кәрімов, Амантай Исин сынды белгілі азаматтар қатысты. Жұмыс екі секциялық бағытта жүрді. Біріншісінде университет атын алып отырған Шәкәрімнің рухани мұрасы және Ахмет Байтұрсыновтың ілімдері зерттелді. Екінші секцияда Алаш қозғалысының тарихы қарастырылды. 



Қорытындысында Шәкәрім мен Ахмет Байтұрсынов мұралары бойынша бірінші орынды Мөлдір Заманбекова алса, екіншіге Диана Жолдина, Әсем Ерболат шықты. Ал Еламан Омарғалиев үшінші орынға көтерілді. 



Ал, Алаш қозғалысының тарихы бағытында Әйгерім Нұржанова, Динара Қайраттар «Рухани жаңғыру: Туған жер бағыты – қасиетті жерлерді зерттеудің негізгі кепілі» тақырыбын қорғап, бірінші орын алды. «Қазақ зиялыларының қоғамдағы қызметі» дегенді тереңінен зерттеген Келтай Өмірбеков екінші орынды иеленсе, «Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс» мәселесін зерттеген Бауыржан Юлдашев үшінші орынға шықты. 



Шәкәрім Құдайбердіұлының қаламынан терең ойлы, сыршыл лирикалық өлеңдер, басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туды.  



 


ruh.kz
Old.aikyn.kz