17 Сәуір, 2018
ШЕБЕРДІҢ ҚОЛЫ ОРТАҚ

Қалалық білім бөлімі мен «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен №101 мектеп-лицейде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы қолға алынған жұмыстарды жандандыруға орай «Шебердің қолы ортақ» атты қалалық қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті.    


Қала мектептері арасында ұйымдастырылған бұл ауқымды іс-шараның басты мақсаты – заман талабына сай, қыштан, ағаштан, темірден зергерлік бұйымдар жасаушы, көркем сурет салушы, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасаушылардың жұмысын жандандыру. Сонымен қатар, мектеп мұғалімдері мен оқушыларының қолынан шыққан ұлттық бұйымдарды халыққа таныстырып, кеңінен насихаттап, өскелең ұрпаққа ұлтымыздың қасиетті құндылықтарын сақтауға шақырып, еңбекке баулу болмақ.

Шараның қорытындысы бойынша үздік туындылар анықталып, нәтижесінде №217 орта мектеп мұғалімдерінің жұмысы І дәрежелі дипломмен марапатталса, «Мұрагер» және №101 мектеп-лицейдің шеберлері жүлделі ІІ орынды қанжығаларына байлады. Ал, №12, 120 және 140 мектеп мұғалімдерінің жұмыстары ІІІ орынға ие болды. Қалалық қолөнер шеберлерінің туындыларынан әзірленген көрме жұмыстары жоғары деңгейде өтіп, лайықты бағаға ие болды.


ruh.kz
syrboyi.kz