15 Қыркүйек, 2018
Шетелдік БАҚ өкілдері Қазақстанның қасиетті орындарымен танысуын жалғастыруда

Қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы өз сөзінде «Сөздің ең ұлысы - тарих» деген екен. Өткенсіз өмір болмайды. Әр мемлекеттің қайнар көзі - сан ғасырлық тарихы болып табылады. Қоғам тарих беттерінен сабақ алу арқылы ғана алға қарай дами түседі.


Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында аталмыш жайтқа баса назар аударылып, Қазақстанның ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар ел екендігі айтылады. Сонымен қатар, халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру мақсатында «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобалары қолға алынуы тиістігі көрсетілді. 



Мемлекет басшысы өз бағдарламалық мақаласында: «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз», - деп атап өткен болатын. Яғни, Қазақстан тек жер қойнауындағы байлықпен ғана емес, сан ғасырлық тарихы мен рухани мәдениеті, салт-дәстүрі мен қасиетті орындары арқылы танылуы тиіс. Әлем бізді мойындау үшін тарихымызды білуі қажет. Аталмыш жобалардың қолға алуының басты өзегі де осында жатыр.



Осыған орай бүгінде республикамыз бойынша көптеген ірі жобалар қолға алынуда. Мәселен, оқушыларды Қазақстанның қасиетті орындарына апарып, таныстыру, ұлттық мәдениетімізді насихаттайтын түрлі іс-шаралар осы мақсатты ұстанады. Шетелдік журналистердің Қазақстанның мәдениеті мен қасиетті объектілерімен танысу мақсатында елімізге келуі аталмыш жоба аясында жүзеге асырылып жатқан шаралардың бірі болып табылады.



Ағымдағы жылғы 11-18 қыркүйек аралығында Қазақстанға бір топ шетелдік журналистер келді. Бұл сапар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.



Аталмыш сапардың мақсаты - еліміздің мәдениетімен терең танысу, өткенге куә болған қасиетті орындар мен объектілерге барып, жан-жақты ақпарат алу, Қазақстанның рухани бейнесінің куәгері болу. Сонымен қатар, еліміздегі туризмді дамытуға және жалпы Қазақстанның қарқынды түрде дамып жатқан мемлекет ретіндегі мәртебесін арттыруға жәрдемдесуге арналған.    



Бұқаралық ақпарат құралдарына арналған саяхатқа Ұлыбритания, Италия, Польша, Қытай, Корея және Индонезия елдерінен 7 журналист, атап айтқанда, «The Calvert Journal» Надиа Беард, «Saga Magazine» Шарон Элизабет Амос, «Indonesia Tatler» Ливиана Синтияна, «AGIR» Гуендалина Фиамменджи, «Global Times» Лилия Чанг Ю, «International Policy Digest» Джон Люман, «Turystyka.rp.pl» Анна Клоссоуска қатысуда.  



Бір аптаны қамтитын саяхат аясында шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларында болып қайтады. Саяхаттың алғашқы күні Астана қаласынан бастау алды. Шетелдік қонақтар Қазақ Ұлттық өнер университетінде, ҚР Ұлттық мұражайында болып, «Қасиетті Қазақстан» жобасының көрсетілімімен танысты. Сонымен қатар, «Экспо-2017» қазақстандық павильоны, «Астана-Бәйтерек» монументі, «Астана Опера» секілді елордамыздың көрнекті жерлерімен танысып, Астананың қазіргі көрінісі жайында көптеген ақпараттар алды.  



Аталмыш саяхат аясында шетелдік журналистер Түркістан облысындағы тарихи қала Отырарды, Арыстанбаб және Қожа Ахмет Яссауй кесенесін аралап, көненің көзі саналатын қасиетті орындармен танысты. Сондай-ақ, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайына саяхат жасап, тарихы тереңге тамыр жайған өңір жайлы мәліметтерге қанықты. 



14-қыркүйек күні саяхатқа қатысушылар Алматы қаласына келді. Бұл күндері шетелдік журналистер «Qazag-Oner» шеберлер орталығын, «Көк-төбе» саябағын, «Медеу» биік таулы сырғанағы және басқа да көптеген орындарды аралады. Сондай-ақ, Алматы қаласының ең көрікті орындарының бірі саналатын Арбат бойымен қыдырып, қала тұрғындарының өмірімен танысты. Және де еліміздегі өнер саласындағы басты оқиғалардың бірі саналатын «Гәкку Дауысы 2018» атты қазақстандық танымал музыкалық фестивальге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Алдағы уақытта алқаптар ғимараты деп аталатын Шарын шатқалына бару жоспарланған.



Аталмыш саяхат «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» және «Қасиетті Қазақстан» арнайы жобалары аясында үшінші рет ұйымдастырылып отырған ірі шара болып табылады.



Мақала авторы: Ruh.kz


ruh.kz
ruh.kz