27 Қазан, 2017
ШҚО-да кәсіпкер туған ауылындағы мектеп кабинетін толығымен жабдықтап берді (фото)

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының тұрғыны, кәсіпкер Бақытгүл Зайнолдақызы өзі оқыған мектептегі география кабинетін толығымен жабдықтап берді. Кабинетті заман талабына сай жасақтау үшін Бақытгүл мен оның отбасы үш миллион теңге қаражат жұмсаған.



https://www.nur.kz/kk/1658185-shqo-da-kasipker-ayel-tughan-auylyndaghy.html">Nur.kz хабарлағандай, Бақытгүл Зайнолдақызы жұбайы Бауыржан Баймұхамбетовпен бірге 1994 жылдан бері бизнес саласында еңбек етіп келеді. Ел экономикасы төртаяқтап, халықтың жағдайы сын көтермеген аумалы-төкпелі жылдарда бизнес бастау кез келгеннің қолынан келмегені хақ. Әйтсе де, табан ет пен маңдай тердің арқасында ерлі-зайыптылар кәсібін өркендетіп, өздерінен артылған қаржыны халықтың игілігіне жаратуды дәстүрге айналдырған.



Мәселен, Зайсандағы орта мектептің оқушылары биылғы оқу жылын су жаңа география кабинетінде бастады. Аталған кабинет Ұлы отан соғысының ардагері Зайнолда Қойшыбаевтың есімімен аталады. Бақытгүл апай асыл жары Бауыржанмен бірге кабинетті жабдықтау үшін 3 млн теңге қаражат жұмсапты.



«Кабинетті толығымен күрделі жөндеуден өткізіп, қажетті керек-жарақтардың барлығын сатып алдық. Оқушыларға қажетті интерактивті тақтаны да ұмытқан жоқпыз. Бар мақсатымыз - балалардың заман талабына сай сапалы білім алуына жағдай жасау. Бизнестің тілін тауып, өз кәсібімізді дөңгелеткелі бері жиырма жыл да заулап өтіпті. Осы уақыт аралығында артылған ақшамызды қайырымдылыққа жұмсап, халықтың керек-жарағын қамтуға тырысып келеміз. Жолдасым Бауыржан егін салады, ал кәсібімізді алғаш рет наубайхана ашудан бастадық», - деді Бақытгүл Зайнолдақызы.



Бүгінде ерлі-зайыпты Бауыржан мен Бақытгүл Зайсан ауданында бірнеше сауда орнын ашып, болашақта зауыт ашуды көздеп отыр. 2010 жылы қайырымды жандар өз қаражатына 35 балаға арналған жеке балабақша ашты. Одан бөлек, мүгедек адамдарға үй салып берді. Өздері ашқан кәсіпорында қызмет ететін 60 жұмысшының барлығы да Бауыржан ағай мен Бақытгүл апайдың жіті назарында. Олар жағдайы төмен тұрғындарға көмектесіп, төрт бірдей қызметкеріне өз қаражаттарына үй салып берген.



«Қайырымдылық жасаудан, халыққа қызмет көрсетуден жалыққан емеспіз. Бізде егініміз жақсы шықса деген бір ғана тілек бар. Егін қаншалықты жақсы шықса, халыққа қажетті нысандар салу мүмкіндігіміз де көбейе түспек. Біз туған ауылымыз бен халқымыздың алдында әрқашан борыштармыз. Осыны кәсіпкерлер де ұмытпаса екен. "Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін" деген аталы сөз бар. Байлығымыз асып-тасып жатпаса да, құдайдың бергеніне шүкірлік етеміз», - деді Бақытгүл Зайнолдақызы.



Айта кетейік, бүгінде қайырымды ісімен үлгілі болған ерлі-зайыптылардың кәсібін ұлы мен келіні жалғастырып отыр. Бауыржан ағай мен Бақытгүл апай болашақта талай игілікті істің атқарылатынына сенімді.


Nur.kz