14 Ақпан, 2018
ШҚО-дағы аудан мектептері оқушыларының әкелері байрақты бәсекеге бақ сынады

Үржар ауылындағы Абай атындағы орта мектепте Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Әкелер дәстүріне адалмыз» тақырыбында аудан мектептерінің әкелері қатысқан байқау болып өтті.


Аудан орталығындағы Абай, Абылайхан, Б.Момышұлы, І.Жансүгір, Б.Тұрлыханов атындағы ОМБ оқушыларының әкелері қатысқан ауқымды шара әкелердің ұрпақ тәрбиесіндегі ролін арттыру, салт-дәстүрімізді жаңғырту, салауатты өмір салтын ұстану мақсаттарын көздеді.



Сайыскерлер бірінші өздерін таныстырудан бастап, әр мектептен бір әке өзінің жеті атасын айтып өтті. Екінші, үшінші бөлімдерінде әкелеріміз ұлттық салт-дәстүрге, төрт түлік малға, аңшылыққа, байланысты сұрақтарға жауап беріп, ақындық қырларынан танылды. Келесі бөлімде әкелер арқан, таспа, қамшы өріп, әдемілігіне, сапалылығына, күрделілігіне қарай бағаланды. Сайыстың екінші жартысы спорттың мылтық ату, кір тасын көтеру, денені жерден көтеру, қол күрестіру, өгіз тартыс түрлері бойынша барынша тартысты өтіп, әр мектептен келген әкелер қауымы өздерін жан-жақты көрсете білді.





Мәселен отставкадағы әскери қызметкер Жармұхамедов Марат(Абай ОМ) мылтық атудан мергендігімен көзге түссе, Өтегенов Бөлеухан(Момышұлы ОМ) сегіз өрім қамшы өріп, алға озды. Қайрат Қалиұлы(Жансүгір ОМ) ақындық өнерімен тамсандырса, Адильмуратов Қуат(Момышұлы ОМ), Байболов Нұржан(Абылайхан ОМ) қол күрестен мықтылықтарын байқатты.





Нәтижесінде Абай ОМ 1 орын, Момышұлы ОМ 2 орын, Жансүгір ОМ 3 орынға ие болып , жарысқа қатысқан барлық әкелеріміз қазылар алқасынан алғыс хаттармен марапатталды.



Айта кетейік, осымен екінші жыл қатарынан өтіп отырған шара келер жылы да жалғасын табады.


ruh.kz...