28 Мамыр, 2018
«Шұғылалы Шалқарым» атты республикалық жерлестер форумы өтті

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағыты және «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Шалқар қаласында «Шұғылалы Шалқарым» атты республикалық  жерлестер форумы өтті. Бұл шара бір кездері осы өңірден түлеп ұшқан, бүгінде республиканың әр түкпірінде қызмет атқарып жүрген шалқарлық түлектердің басын қосты. Әр аймақтан барлығы 140 азамат келді. Форумның негізгі мақсаты - аймақтағы меценаттардың басын біріктіріп, олар атқарып жатқан шаруаларға шолу жасау.  


Аталмыш шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және Шалқардан шыққан абзал азамат, белгілі нейрохирург, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серік Ақшолақов форумның басты қонақ болды. Сондай-ақ, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова мен облыстық басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы және барлық аудан әкімдері қатысты. 



«Шалқар суы» экспортқа шығады 



Форум «Шалқар су» минералды су құю зауытының салтанатты ашылуымен басталды. Іргесі 1961 жылы қаланған зауыт 1979 жылы  қайта жабдықталып, тұрақты түрде жұмыс істеді. Алғашқы жылдары минералды судың емдік қасиеті дәлелденіп, Мәскеуге де жіберілді. Судың танымалдылығы артып, сұраныс көбейген. Алайда 1999 жылы қаржылық дағдарысқа байланысты зауыт жұмысын тоқтатты. Жиырма жылға жуық қолданыста болмаған цехқа жергілікті кәсіпкер Бердібек Шәкірбекұлы қайта жаңарту жұмыстарын жүргізді. 780 млн теңгеге  еуропалық құрал-жабдықтар әкеліп, орнатты. Мұнда жалпы есеппен жылына 1,5 млн литр минералды су мен сусын шығару жоспарланып отыр. Қазіргі күні зауытта қырық адам жұмыс істейді. Еңбекақы мөлшері 50-200 мың теңге көлемінде. Цехтың ашылуында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарды өндірістің қайта жандануымен құттықтады. 



– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Өйткені кіші, орта және ірі бизнес – әрбір дамыған елдің экономикасының негізі. Президент тапсырмасына сәйкес, біздің облыста кәсіпкерлікті, соның ішінде тұрып қалған кәсіпорындарды қолдауға қажет барлық шаралар қолға алынып жатыр. Кезінде «Шалқар суы» бүкіл Кеңес одағына белгілі болды. Бірақ дағдарысқа байланысты тоқтап қалған еді. Енді, міне, Бердібектің арқасында цех қайта жанданды. Бұйырса, бұл су елімізден бөлек,  көршілес Ресей,  Өзбекстан мемлекеттеріне де тарайды.  Шынын айту керек, соңғы екі жылда бұл ауданда көп жұмыс атқарылды. Ет өңдейтін цех ашылды, мал бордақыланып жатыр. Өзге де шаруалар іске асуда. 



Биыл «Ауыл қамқоршысы» деген акцияны қолға алдық.  Мақсат – азаматтарды  өзінің туған жеріне көмектесуге үндеу.  Бірақ қосымша  мемлекет тарапынан қолдау болса, тіпті жанданары анық, – деді облыс әкімі. 



Сонымен қатар, Шалқар өңірінен шыққан азаматтардың облыс, республика аумағында жемісті еңбек етіп жүргенін, облыстың он екі ауданының алтауын шалқарлық азаматтардың басқарып отырғанын айтты. 



Сондай-ақ, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, нейрохирург, ғалым Серік Ақшолақов жерлестерін құттықтады. 



Зауыттың лентасы салтанатты түрде қиылған соң, қонақтар аралап көрді. Кәсіпорынның бас технологі Роза Халикованың айтуынша, минералды су көзінің эксплуатациясына жаңа технологиялар қолданылған. Бұл судың сапасын нашарлатпай, құрамын өзгертпей және оның қасиеттерін сақтауға мүмкіндік береді. 



Құрылысқа кәсіпкерлер көмектеседі 



Саланатты шара аудандық Мәдениет үйінде өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарды форумның ашылуымен құттықтады. 



– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында, бүгінгі ұрпақ бабалар аманатынан қол үзбей, ғаламдық жетістіктің шыңына шығу керектігі туралы кеңінен айтылса, соның бір бағыты – «Туған жерге тағзым» бағыты.  Бұл ретте біздің міндетіміз – өсіп келе жатқан ұрпаққа өткенімізді ұмыттырмау, салт-дәтүрімізді олардың бойына сіңіру. Әрбір жас өзінің қазақ, қазақстандық екенін ұмытпауы керек. Былтырдан бері «Туған жерге тағзым» акциясын өткізіп жатқанымыздың бір мақсаты – осы. Мүмкіндігі келгенше әрбір азамат туған жеріне көмектескені жөн. Ол міндетті түрде ақша беру немесе ғимарат салу деген сөз емес, әркім қолынан келген көмегін көрсетуі тиіс. Осы орайда жерлестеріңіз Серік Қуандықұлының ісін үлгі қылып айтуға болады. Ол қаншама науқас жандардың өмірін арашалап қалды, дәрігерлердің біліктілігін көтеруге күш салды. Жалпы, ақын-жазушылар, спортшылар туған жеріне жиі келуі керек.  Олар жас ұрпақпен кездесіп, сұхбаттасып, сол жердің қасиетті екенін жастарға жиі айтуы тиіс, – деді облыс әкімі. 



Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев Астана қаласының жиырма жылдығына орай және «Бақытты бала» шарасы аясында 100 балаға Елордаға тегін саяхаттау үшін сертификат берді. Құны – 6 миллион 500 мың теңге. Сонымен қатар, 25 оқушы Түркістан қаласына тегін жолдама алды.  Ал ата-ана қамқорлығынсыз қалған 38 оқушының есеп шотына  3 миллион 800 мың теңге аударылды. «Анаға тағзым» арнайы бағыты аясында көп балалы он анаға шипажайларға тегін жолдама сыйланды. Барлық жолдаманың құны – 1 миллион 400 мың теңге. Сондай-ақ облыс әкімі соғыс ардагері Шудабай Тахаевқа шапан жауып, арнайы сыйлық берді. 



Жиында Шалқар өңірінен  шыққан елімізге белгілі  нейрохирург, ғалым  Серік Ақшолақовқа ерекше құрмет көрсетілді. Жерлестерінің ыстық ықыласына алғысын білдірген дәрігер қай  уақытта да еліне адал қызмет ете беретінін айтты. 



– Әр адамның туған жері өзіне ыстық. Шалқар – киелі өңір. Осы жерде туып-өскен қаншама азаматтар қазір еліміздің өркендеуіне үлесін қосып жүр. Мен де шалқарлық екенімді мақтаныш тұтамын.  Бүгін өзіме сабақ берген ағай-апайларды көріп, қуанып қалдым. Жалпы бұндай шара кейінгі ұрпақ үшін керек. Былтыр Бердібек Машбекұлының бастамасымен Ақтөбеге еліміздің әр аймағынан және шетелдерден жерлестер жиналды. Бүгін Шалқарда ұйымдастырылып отыр. Осындай шараны өткізген азаматтарға алғысым шексіз. Мен қайда жүрсем де туған жерімді ұмытқан емеспін. Мүмкіндігім келгенше көмектесуге тырысамын. Осыдан екі-үш жыл бұрын – Ұлттық нейрохирургиялық орталықтың көмегімен Шалқардан инсульт орталығын ашуды қолға алған едік. Қазір осы жұмыстар жүріп жатыр, – деген дәрігер туған жерге көмегі бұнымен тоқтап қалмайтынын, әрі қарай жалғаса беретінін айтты. 



«Туған жерге тағзым» акциясы аясында жеке кәсіпкерлер ауданда ірі жобаларды қолға алмақ. Өңірден шыққан белгілі кәсіпкерлер Бердібек Шәкірбекұлы аудан орталығында құны елу миллион теңге тұратын «Жастар» сарайын, ал Бақтыбай Көкенов Қауылжыр ауылдық округінде құны жиырма миллион теңге тұратын спорт сарайын салмақ. Іскер азамат А.Ескеев Жаңа қоныс ауылдық округіне тоқсан миллион теңгеге 150 орындық мәдениет үйін салуды көздеп отыр. 



Шалқарлықтарға есімі жақсы таныс азаматтың бірі Б.Әуезханов Қауылжыр ауылдық округіне 50 орындық балабақша салуды қолға алған. Ал кәсіпкер Сәуле  Дәулеталина мемлекет пен жекеменшік  серіктестігі негізінде аудан орталығына  құны 200 миллион теңге тұратын емхана және «Бақытты бала» жобасы аясында балабақша салады. Балабақшаның құны – 150 миллион теңге. Ал «Ауылға қамқорлық» акциясы аясында кәсіпкер Данияр Қобыландин құны 75 миллион теңгеге 2,5 шақырым қала ішілік автомобиль жолын жөндеп береді. Жалпы шалқарлық кәсіпкерлер туған жерін көркейтуге 630 миллион  теңге қаржы аударды. Кәсіпкерлер мен жергілікті билік өкілдері меморандумға қол қойды. 



Салтанатты шарада өнерпаздар өнер көрсетті. Жиыннан кейін облыс әкімі бастаған қонақтар №8 мектепке барды. Осы маңда салынып жатқан балабақшаның құрылысымен танысты. 



Сондай-ақ, форумға қатысушылар медицина, жергілікті тауар айналымы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі төңірегінде сұрақтарды талқылады. 



Қала сыртында ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Аламан бәйге мен көкпар тартысы өтті. Жарысқа Арал, Қазалы өңірлерінен келген шабандоздар да қатысты. Аламан бәйгеде аты озған азаматқа 500 мың теңге сыйлық берілді. 



Кешкілік «Факел» стадионында елімізге танымал әншілер Роза Рымбаева, Айгүл Елшібаева, Қайрат Нұртас және «МузАрт» тобы өнер көрсетті. Сондай-ақ, өзге де Шалқар өңірінен шыққан өнерлі азаматтар ән шырқады. 


ruh.kz
Ақтөбе обл. Рухани жаңғыру жоба кеңсесі