13 Қараша, 2019
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке сұрақ

«Рухани жаңғыру» жобасының Ruh.kz ақпараттық порталы облыс әкімдерімен еліміздің әрбір өңірінің мәдени мұрасы, жетістіктері мен бірегей адамдары туралы сұқбат сериясын жалғастыруда. Бүгінгі шығарылымның кейіпкері – Шығыс Қазақстан облысының басшысы Даниал Ахметов. 


Ruh.kz: «Рухани жаңғыру» бағдарламасын мектеп оқушысына қарапайым түрде қалай түсіндірер едіңіз?

Даниал Ахметов: «Рухани жаңғыру» – бұл еліміз бен әрбір азаматтың дүниетанымын өзгерту бағдарламасы. Халықтың рухани құндылықтарын сақтай отырып, болашаққа ұмтылуы. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, қоғамдық сананы жаңғыртудың негізі өзінің мәдениетін, ұлттық кодын сақтау және жаңа шындық жағдайында жаңаруға ұмтылуы болып табылады.

Кез келген мемлекеттің болашағы минералдық ресурстар, мұнай, табиғи байлықтарының санына емес, ең алдымен адами әлеуетіне, біліміне, тәрбиесіне, мәдениетіне, компьютерлік сауаттылығына және тілдерді меңгеру дәрежесіне байланысты. Әр адам күн сайын тек жақсылыққа ұмтылып, өзін-өзі дамытумен айналысу керек. ХХІ ғасыр – бұл қарқынды жылдамдықпен жаһандық өзгерістер жасайтын жаңа дәуір ұрпағының әлемі.

Ғылым, білім, мәдениет саласында сәт сайын жаңалықтар ашылуда. Жоғары белсенділікпен жаңа технологиялардың сан түрі өмірімізге еніп, біз елестете алмаған небір гаждеттер шығарылып жатыр. Қазіргі Қазақстан жастар үшін әлемдік еңбек нарығында сұранысқа ие, жоғары кәсіби тұлға болуы үшін барлық мүмкіндікті беріп отыр.

Мен оқушылармен, жастармен жиі кездесулер өткіземін. Әр түрлі тақырыптарға әңгімелесеміз. Кездесу барысында олардың шығармашылыққа қаншалықты жақын екендігін, бойларындағы дарынын байқаймын. Олардың жаңа технологияларға танытып отырған қызығушылығы жоғары. Жыл сайын өздерінің ғылым, спорт және шығармашылық жетістіктерімен қуантады. Қазіргі дәуірде тек сапалы білім мен құзыреттілік қана жастарға өзін табысты жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 

Даниал Ахметов.jpg

Осыған байланысты, біздің өңірде жүзеге асқан «Менің мектебім» жобасы туралы айтқым келеді. Осы жобаның арқасында өңірдің барлық толық жиынтықты мектептерін Назарбаев Зияткерлік мектебінің стандарттары бойынша жаңа модификациядағы кабинеттермен, сондай-ақ өңірдің барлық 647 мектебін бюджеттен тыс қаражат есебінен ІТ-кластармен қамтамасыз еттік. Оқушылар жыл сайын «Skills for Geeks» чемпионатында робототехника, 3D модельдеу және бағдарламалау бойынша алған білімдері мен шеберліктерін көрсетеді. Тек осы жылы аймақтық турда 2000-нан астам бала қатысты.

2018 жылы ШҚО-да бірінші «Digital East – болашаққа қадам» IT-форумы өтті. Жалпы сомасы 10,6 млн. теңгені құрайтын 10 Start Up-жоба грант ұтып алды. Ағымдағы жылы бұл жобалар тағы да іске асырылды. Биыл 200-ден астам мектеп оқушылары мен колледж, жоғары оқу орындарының студенттері жыл сайынғы VII «Jastar Time» IT-фестивалінде өздерінің ғылыми жобаларын ұсынды. Балалар «Мейкерство», «Junior Skills», «Startup-проекты», «Cluster Pro» және робополигон сияқты төрт секторда 95 жобаны ұсынды. 

Шығыс Қазақстан.jpg

Ал облыстық «Кәсіп және Мен» жобасы өңірдегі ТжКБ жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Жалпы біз өңірдегі 14 колледжге 32 жаңа модификациялы кабинет сатып алдық. Семей қаласының Электротехникалық колледжі мен Өскемен жоғары политехникалық колледжінің базасында IT-бағыттағы құзыреттілік орталықтар ашылды. Нәтижесінде, біздің балалар жаңа деңгейде өздерінің кәсіби құзыреттіліктерін шыңдап, жақсы нәтижелер көрсетуде. 2018 жылы Worldskills Ұлттық чемпионатында ШҚО студенттерінің командасы 8 алтын, 1 күміс, 2 қола иеленді. Республика бойынша үздік құрама деп танылды.

Қазан қаласында өткен 2019 жылғы әлем чемпионатына ШҚО колледж оқушылары лайықты өнер көрсетті. «Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару» құзыреттілігі бойынша 1 қола медаль, «Вest of Nation» және «Өз елінің үздік өкілдері» марапаттарымен, сондай-ақ «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша орташа балдан жоғары нәтиже көрсеткені үшін медальонмен марапатталды. Республика үшін барлық марапаттарды ШҚО балалары жеңіп алғанын атап өту қажет.

Балаларды «Әдеби Шығыс», «Өз жеріңді таны», «Туған өлке тарихы», «Өлкетану», «Киелі Алтайым – туған жерім» жобалары өз отанын сүюге үйретеді, рухани және мәдени мұраларға баулиды. Оқушылар осы жобаларды іске асыруға тікелей қатысады. Зерттеу жұмыстарын жазады, туған жерінің тарихын зерттейді. «Әдеби Шығыс» жобасының нәтижесі бойынша 2200 оқушы белгілі жазушылар Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайберді, Федор Достоевский, Мұхтар Әуезов өмір сүрген және жұмыс істеген киелі орындарға сапар шекті. Ғалымдар мен педагогтар «ШҚО өлкетану» оқулығын, 5-7 сыныптарға арналған хрестоматиясын дайындады, олармен барлық мектептер қамтамасыз етілді. Қоғамның және әрбір адам санасының өзгеруі ұзақ процесс. Бұл жерде барлық ұрпақ өкілдерінің бірлесе әрекет етуі өте маңызды дер едім.

Ruh.kz: Шығыс Қазақстанның еліміздің тарихи-мәдени мұраларын дамыту мен танымал етуге қосқан үлесі туралы айта кетсеңіз?

Даниал Ахметов: Шығыс Қазақстан жері көптеген тарихи құпияларға толы. Жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулер өлкенің ежелгі дәуірден қоныстанғанын айтады. Бұл туралы Алтайда, Зайсанның қазаншұңқырында, Саура мен Тарбағатай беткейлерінде сақталған көне тау-кен жұмыстарының, суару каналдарының, көптеген құрылыстардың іздері дәлелдейді. «Ежелгі қазына» жобасы аясында профессорлар Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев пен Франциядан келген Марк Оливер Перу бастамасымен Берел, Шілікті, Елеке сазы қорғандарына, Аблайкит бекінісіне, Қырықүңғыр ескерткішінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Үш жыл ішінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының барлық қорлары 20 мыңнан астам жаңа артефакттарға толықты.

Бірегей олжалар мен қайта өңдеуден өткен Шілікті, Елеке сазы жауынгерлері және Үржар ханшайымы «Алтай-түркі әлемінің алтын бесігі» атты Халықаралық ғылыми – практикалық конференцияда ұсынылды. Біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырда-ақ, микродәнекерлеу технологиясын игерген ата-бабаларымыздың бай мұрасын сақтау үшін Патшалар алқабында еліміздің археология тарихындағы тұңғыш рет ашық аспан астындағы мұражай салынды. 

Даниал Ахметов.jpeg

Ағымдағы жылдың наурыз айында Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында көшпенділердің ежелгі өркениеті жауһарларының шынайы қазынасын көрсеткен «Ұлы Дала алтыны» көрмесі ұйымдастырылды. Бір ай ішінде оны 7 мыңға жуық мәскеуліктер мен қала қонақтары тамашалады. 2020 жылдың маусым-тамыз айларында Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында Ұлыбритания Біріккен Корольдігінің Кембридж университетінің Fitzwilliam мұражайында және Солтүстік Ирландияда «Ұлы Дала алтыны» көрмесін өткізу жоспарлануда. Облыс археологиясын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру өз мәдениетін сақтау негізінде қазақстандық ұлтты жаңғыртуды табысты жүзеге асыруға бағытталған іргелі зерттеулердің стратегиялық инновациялық бағыттары бойынша отандық және шетелдік ғалымдардың күш-жігерін біріктіретін ауқымды халықаралық ғылыми-зерттеу жобасын құруға ықпал ететінін сеніммен атап өтуге болады.

Ruh.kz: Сіздің аймақтағы қазіргі заманауи мәдениетінің дамуы туралы айтып берсеңіз.

Даниал Ахметов: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстанда шығармашылық бастамалар қолдау табуда. Ағымдағы жылдың маусым айында «Аrt заман» жобасы бойынша әлемнің 10 елінен және Қазақстаннан 22 суретшінің қатысуымен «Ұлы дала палитрасы» халықаралық суретшілер пленэрі өтті. Өнер мұражайының қоры облыстың көркем жерлерінде жасалған және сыйға әкелінген 140 жұмыспен толықты.

«Абай әлемі» жобасы аясында биыл жалпы таралымы 6500 дананы құрайтын 12 кітап шығады. Нұрлыбек Баймұратовтың, Қалихан Алтынбаевтың, Станислав Черных, Тыныштықбек Әбдікәкімовтың және басқа да авторлардың кітаптары, сонымен қатар В. Обручев, А. Седельников, Е. Михаэлис, А. Белослюдов, Г. Потанин және т. б. еңбектері енгізілген орыс өлкетанушыларының жинағы да жарық көрді.

«Жастар жылы» белгісімен жас ақындар мен жазушылардың Мерей Қарт, Бауыржан Игілік, Александр Мещеряков, Қызырбек Дүргінбайдың шығармалары енгізілген 4 кітап шықты.

«Ертіс музыкасының әлемі» жобасы бойынша Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт–Петербург, Димитровград, Барнауыл, Таулы Алтай, Белоруссияның Брест қаласына филармониялар мен шығармашылық ұжымдардың сапарлары ұйымдастырылды. Нұр–Сұлтан, Алматы, Павлодар, Жезқазған, Көкшетау қалаларында концерттер өткізілді.

Даниал Ахметов.jpg

Келесі 2020 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда Абайдың 175 жылдық мерейтойы басты бағытымыз болмақ. Ғалымдардың, абайтанушылардың, соның ішінде Ғарифолла Есім, Роллан Сейсенбаев, Арап Еспенбетов, облыстың жоғары оқу орындарының, Семей қаласы мен Абай ауданының ақсақалдарының ұсыныстары ескерілген тұжырымдама мен іс-шаралар жоспары әзірленді. Барлығы 560 іс-шара, оның ішінде 24 халықаралық (Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Польша, Қытай) 21 республикалық, 515 облыстық іс-шаралар жоспарланған.

Ruh.kz: Сіздің өңірдің қазіргі батырлары мен замандастары туралы не айта аласыз?

Даниал Ахметов: Жаугершілік заманда қазақ халқы «ақ найзаның ұшымен, қос білектің күшімен» жері мен елін қорғап, сақтай білді. Жауға қарсы қасқая аттанып, ел іргесін қорғаған елдің ішіндегі мықты батырлар мен жау жүрек бабалар туралы естеліктер ұрпақтан ұрпаққа тарап келеді. Алтай мен Тарбағатайдың атырабында ғасырлар бойы аты аңызға айналған батырларымызды мақтанышпен айта аламыз. Абылай хан заманында мыңдаған әскерді басқарған Қабанбай батырдың дара жолы қазіргі ұрпаққа өнеге. Ер Жәнібек, Дәулетбай, Көкжал Барақ, Мамай мен Шыңқожа батырлардың орны бір төбе. Олар туралы тарихи мәліметтер халық ауыз әдебиетінде, мұражайларда және халық жадында сақталған. Шығыс Қазақстан – көрнекті әдебиет, өнер және ғылым қайраткерлерінің отаны. Біздің өлкеде әлемге ұлы ақын Абай Құнанбаев, көрнекті философ Шәкәрім Құдайберді, жазушы Мұхтар Әуезов, атақты әнші Әміре Қашаубаев дүниеге келді. Облыста 143 Социалистік Еңбек Ері және 109 Кеңес Одағының Батыры, 22 Даңқ орденінің толық кавалері бар. Шығыс топырағы Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов өмірге келген киелі жер. 

Шығыс Қазақстан облысының әкімі.jpg

Бүгінгі күннің батырлары – ол ғажап дарын иелері, төрткүл тарапқа танымал болған жерлестеріміз – халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, мәдениет қайраткерлері ағайынды Абдуллиндер, Төлеген Мұхамеджановтар. Олар халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғайтын спортшыларымыз – Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, «Әлем барысы» Айбек Нұғымаров, Қазақстан тарихында қысқы Олимпиада ойындарында могулден тұңғыш рет жүлде тағынған Юлия Галышева.

Бүгінде өзге де мамандық иелері – құтқарушылар, өрт сөндірушілер, дәрігерлер, полицейлер ерліктерімен дараланып жатыр. Біз олармен әлбетте мақтанамыз және өскелең ұрпаққа үлгі етеміз. 

Ескерту: сұқбат Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз бөлімінің көмегімен дайындалды.

Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz
Фото: Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз бөлімінен алынды