8 Қараша, 2019
«Егемен Қазақстан» газетінен «Шымкент» арнайы қосымшасы шығады

Бұл сүйінші хабарды «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған жиында жеткізді. Шымкенттегі «Отырар» кітапханасында еліміздің нөмірі бірінші газеті көрме өткізіп, өз оқырмандарымен кездескен болатын.

Дархан Қыдырәлі, «Egemen Qazaqstan» жалпы ұлттық республикалық газетінің басқарма төрағасы: «Ел газеті «Егемен Қазақстанның» 100 жылдық мерейтойын наурыз айынан бері атап өтіп келеміз. Ал оқырмандармен кездесуді Шымкенттен бастауды жөн көрдік. Өйткені, басылымның 50 мың оқырманы, яғни төрттен бірі осы оңтүстіктен. Бұл біздің оқырманға деген құрметіміз. Шымкентке зор ризашылықпен келіп отырмыз. Қала әкімі Ерлан Айтахановпен әңгімелесе келе, газет жанынан «Шымкент» арнайы қосымшасын шығармақпыз. Онда ендігі жылы қаланың ТМД елдерінің мәдени астанасы аясындағы шаралары, тағы басқа шахардағы жаңалықтар айшықталатын болады. Біздің газет еліміздің түкпір-түкпіріне тарайды. Онан ары халықаралық деңгейге көтерілгеніміз де белгілі. Күн сайын 32 бет жарыққа шығады. Түркі әлемінде ең көп таралымы бар. Жаңа 100 жылдыққа біз жаңарып, жасарып келіп отырмыз. Газеттің 100 жылдық цифрлі архиві енді Hard дискте шығады. Оны оқырман талабына сай жасап отырмыз. Біз билік пен халық арасындағы көпір ғана емес, халық сөзін билікке жеткізушіміз».

74692510_2359154951064124_606046346759110656_o.jpg 

Алқалы жиынға Дархан Қыдырәлімен бірге, ел газетінің ардагерлері Сүлеймен Маметов пен Қарашаш Тоқсанбай, Оңтүстік өлкесі мен үшінші мегаполистің танымал қаламгерлері, белгілі журналистер, қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы өкілдері, БАҚ өкілдері, кітапхана қызметкерлері мен басылымның қалың оқырманы қатысты. Жүздесу барысында ардагер тілшілер естеліктерімен бөлісіп, ел тарихындағы ерекше орны бар, тарихы бір ғасырлық газеттің республика өміріндегі алатын орны мен маңызы туралы сөз болды. Оқырмандар мен жас ұрпаққа жеткізілді. Ұрпақтар сабақтастығының көрінісі жайлы сөз қозғалды.

Сүлеймен Маметов, публицист, жазушы: «Оңтүстік- қазақ халқының ұйытқысы, іргесі, тілге де дінге де тірек болып отырған ордасы. Бүгінгі өткен ғылыми-конференция мен кездесу ұрпақтар сабақтасығының көрінісі. «Екі Арысымыздың» 125 жылдық конференциясы мен «Егеменнің» кездесуі кездейсоқтық емес, мұнан дәстүрлер жалғастығын көріп отырмыз. Газеттің 100 жылдық жылнамаыснда осы уақыт аралығындағы ең елеулі оқиғаларды қамтыдық. Дүние жүзінде 800 ден астам тіл бар. Онда 3500 ғана сөзі бар ел бар. Біз соған ұқсап кетпейікші! Қазіргі жастар тілді де, техниканы да біледі, өз саласын да жақсы меңгерген. Әбіш, Шерхан ағалардың үлгілерін алып, ұлттық рухты көтеруге ат салысып жүрген жас толқынға да ризамын. Олар ұлттық сананы, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келеді».

74701500_2359155087730777_4393399326424956928_o.jpg 

Айта кетейік, «Egemen Qazaqstan» газетінің тарихы 1919 жылдың 17 желтоқсанынан басталады. Сол күні «Ұшқын» газетінің алғашқы саны жарық көрген болатын. Содан бері басылым «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ», «Еңбекшіл қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» деген атаулармен жарық көріп келді. 1991 жылдың маусымында басылымның аты «Егеменді Қазақстан» болып өзгерді. Ал 1993 жылдың қаңтарынан газеттің бас редакторы Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен басылым атауы «Егемен Қазақстан» болып өзгерді. Осы атаумен 23 жылдан бері шығып келеді.

Ал Шымкенттегі зиялы қауым кездесуінде 100 жылдық тарихы бар басылым ардагерлері мен редакция мүшелеріне Шымкент қаласы ішкі саясат және дін басқармасының басшысы Жанар Әлібекқызы құрмет көрсетіп, шапан жапты.

Шымкент қаласы,

«Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесі