30 Маусым, 2018
Сымбат Әбдрахманова «Сиқырлы кілт» мультфильмін туған өлкенің мерейтойына тарту етті

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстандағы 100 жаңа есім» бөлімі аясында әр саланың ең үздік мамандары қалың жұртшылыққа кеңінен танылып келеді. Олардың елеулі еңбектері мен жасаған игілікті істері қашан да көпке үлгі. Бүгінде осы жобаның жеңімпаздарының бірі – Сымбат Әбдрахманова Қызылорда облысының 200 жылдық мерей тойына орай "Сиқырлы кілт" атты анимациялық мультфильмінің тұсаукесер рәсімін өткізді. Бұл туындыны бүлдіршіндер ғана емес, үлкендер де ерекше ықыласпен тамашалады.       


Сымбат Нұртазақызы бұл танымдық-фантастикалық мультфильмі арқылы Сыр өңірінің тарихы мен киелі жерлерін, туған жердің тұлғалары мен қасиетін дәріптеуді мақсат тұтқаны айқын. Әрі осындай дүниелер арқылы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жүзеге асуына аз да болсын үлес қосуға деген талпынысы құптарлық дүние.



Аталмыш өнімді дайындауға «Bilim Foundation» қоғамдық қоры демеушілік еткен. Автор өз туындысын дайындауға 6 ай уақытын жұмсаған. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда қазақ анимациялық фильмдерінің қатары көп емес. Ал Сыр өңірінің тарихынан сыр шертетін анимациялық фильм бұрын-соңды болмаған. Сондықтан да, мұндай туындылардың көбейгені ел еңсесін көтеріп, ел мен жердің тарихы мен тағдырына бей-жай қарамауға үндері анық. 



Жалпы көпшіліктің қызығушылығын оятқан мультфильм Байқоңыр қаласынан бастау алады. Өзге ғаламшарлықтар құпияға толы сиқырлы кілтті ұрлап кетеді. Бұл Қызылорда ғаламшарының жойылып кетуіне әкеліп соқтыруы мүмкін еді. Әли, Мәди, Ару есімді үш балақай бұл қауіптің алдын алу үшін үлкен сапарға шығады. Түрлі қиындықтарға тап болып, ақылдылықтарымен жол тауып шығады. Осы арқылы туындыда аймағымыздың тарихы толық қамтылып, балақайларға қызықты, жаңаша нұсқада ұсынылған. Сонысымен де көрермендерді баурап алып, жүректеріне жол тапты деуге толық негіз бар.



Мультфильм аяқталғаннан кейін көрермендер орындарынан тұрып қол соғып, авторға ерекше ықыластарын білдірді. Осы ретте 2008 жылы парсы тілі бойынша Орта Азиялық олимпиадада І орын алған, аудармашы, психолог мамандығыны үздігі Сымбат Нұртазақызы да көрермендердің толғандырған сауалдарына өзінің тұщымды жауаптарын берді.



– Өлкеміздің кешегі тарихы мен бүгінгісін байланыстырған туындыға үздік педагогтар мен тарихшыларды тарттық. Сондай-ақ, кейіпкерлердің үнін облысқа танымал әртістер дыбыстады. Менің бұл жұмысым Сыр елінің туған күніне жасаған тартуым болмақ, – деп мультфильм авторы өзінің жүрекжарды тілегін де білдірді.



Ал «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Гүлмира Әшірбекова мұндай жаңалықтың алар орнын айқындап:



– Бұл туынды біздің әрбір мектеп оқушысына Сыр өңірінің табиғатын тануға, тарихын білуге көмегін береді деген үміттеміз. Өлкетану бағытындағы әрбір сабақта пайдалануға қолайлы ең тиімді құралға айналады деген ойымыз да бар, – деп өз пікір ортаға салды.



Өз кезегінде Ақзира Қасымова ешқандай артық шығынсыз-ақ балаларға арналған қазақ тіліндегі дамытушы мультфильмдер құрастырған жас маманның еңбегіне оң пікірін білдіре отырып, «Сиқырлы кілт» мультфильмі Сыр өңірінің тарихынан сыр шертіп қана қоймай, жас ұрпақтың өлкетану бағытындағы білімінің салтанат құруына жол ашып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтінін, көрерменнің прагматикалық көзқарасын қалыптастыратынын да айтты.



100esim.el.kz сайты хабарлағандай, Сымбат Нұртазақызы 1988 жылы 10-желтоқсанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар мен Әлем тілдері университетінде 2005-2009 жылы «филология» мамандығы бойынша, 2007 жылы Иран мемлекетінің «Таботабои» университетінде арнайы біліктілік арттыру курсында білім алды. 2007-2009 жылдары Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінде аудармашы қызметін атқарды. 2009-2011 жылдары «ілеспе аудармашы» мамандығы бойынша магистратурада білімін шыңдады. 2012 жылдан бастап Қызылорда облысының білім басқармасы жанындағы облыстық оқу орталығында «Әлеуметтік педагогикалық қызмет» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруда.



2016 жылы Испания мемлекеті, Овьедо қаласында өткізілген 16-шы «Суицид және суицидалды әрекет» тақырыбында Европалық симпозиумында «Қазақстандағы кәмелетке толмағандар арасында суицидтердің алдын-алу: Қызылорда облысының тәжірибесі» тақырыбында Қазақстаннан тұңғыш баяндама жасап, өз тәжірибесін әлем сарапшыларымен бөлісті.



«Педагогикалық ізденіс» ғылыми-әдістемелік журналының редакция алқасының мүшесі. Сымбат тілінде мүкістігі бар балаларға арналған бірнеше мультфильмдердің авторы. Мәселен, «Дыбыстарды машықтандыру», «Көңілді түстер» деп аталса, «Логоритмика» әдістемелік құралы, сондай-ақ, «Компьютерлік психодиагностика» атты жасөспірімдер арасындағы психологиялық өзгерістерді анықтауға арналған жобаның авторы. «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер превенциясы» БҰҰ балалар қоры (ЮНИСЕФ) жобасының координаторы.



Сонымен қатар, ол баланың ақыл-ойын дамытуға арналған мультипликациялық өнімдердің қазақ тілінде дайындалуына күш салып, жоғарыда келтірген нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Бүгінде арнайы дайындалған мульфильмдерді кез келген тұрғын облыстық білім басқармасының Ютуб каналына өту арқылы жүктеп, қолдана алады.



Қорыта айтқанда, еліміздің Сымбат Нұртазақызы сынды дарынды жастары еліміздің өркендеуі мен мәдени дамуына сүбелі үлестерін қосып келе жатқаны болашағымыздың жарқын болуынның кепілі деуге болады. Әрі осы арқылы өскелең ұрпақ та жан-жақты жетіліп, рухани кемелденіп, жарқын болашаққа нық қадам басады деп сенеміз.


ruh.kz
Syr-media.kz