30 Сәуір, 2018
Сырымбетті сағыну

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында айтылған туған жердің даңқты тұлғаларын жастарға үлгі ету, олардың артында қалған мол рухани қазынасын халық арасында кеңінен тарату мақсатында мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың “Сырымбетте мектебім” атты жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді.


Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің қаржылай қолдауымен басылған кітапқа қаламгердің балғын балалық шағы, алтын ұя мектебі, ұлағатты ұстаздары туралы естеліктері мен лирикалық өлеңдері енген.

Сәбит Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханадағы тұсаукесер рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қатысты. Ол өз сөзінде:

– Жерлесіміз Кәкімбек Салықовтың елуден астам жыр жинағы жарық көрген. Еліміздің алпыс шақты композиторы ақынның өлеңдеріне 500 ән жазған. Бұл әндерді бүгінде танымал әншілер орындайды. Жаңа кітап көрнекті ақын, жерлесіміз Кәкімбек Салықовтың туғанына 85 жыл толуына орай басылып шықты. Бұл, оқырманның қолына тиіп отырған мол қазына, – деді.

“Жібек жолы” баспасынан жарық көрген жаңа кітаптың тұсауын кесу құрметі Кәкімбек Салықовтың ұлы Ерлан Кәкімбекұлы мен облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровқа берілді. Ақынның ұлы әулетінің атынан қаламгерге құрмет көрсетіп, кітаптың шығуына қаржылай қолдау білдірген облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа алғысын жеткізді.






– Әкем туған жерден жырақта көп жүрді. Мәскеуде, Қарақалпақстанда, Алматыда және тағы басқа қалаларда ұзақ жылдар еңбек етті. Бірақ қайда жүрсе де туған жерін аузынан тастамайтын, кіндік қаны қамған ауылына деген махаббаты жүрегінің түкпіріне мықтап орныққан еді. Әсіресе, өзі оқыған мектебін ешқашан ұмытқан емес. Себебі үлкен өмірге осы Сырымбеттегі шағын ғана мектептен қанаттанып ұшқан еді, – деді Ерлан Кәкімбекұлы.






Кітаптың атауы да, алғашқы беті де ақынның 2010 жылы жазған “Сырымбетте мектебім” атты мақаласымен басталады. Бұрын еш жерде жарияланбаған бұл мақаланы ақынның зайымы Мәриям Салықова сақтап келген. “Оқып жүргенде аса көп мән бере қоймасақ та, уақыт өткен сайын өскен жерімізді, шыққан тегімізді, оқыған мектебімізді ұлағаттай түстік. Сырымбет маған бұл күнде А.С.Пушкиннің Михайловскоесі, Абайдың Қарауыл төбесі сияқты киелі ордам, құтты шаһарым, аруақты алтын бесігім болып көрінеді”, – деп жазған екен қаламгер. Сол білім ордасынан Қожахмет Балахметов, Шот-Аман Уәлиханов бастаған білікті басшылар мен ғалымдар қанат қақты. Шотамен бір партада отырып, білім нәрімен сусындады. Айша Біркенова деген сыныптасымен кейін Мәскеуде институтта бірге оқыды. Сыныптағы сұлу қыздарға деген сағынышты мынау быр шумақ өлеңмен жеткізуге тырысқан:

 

Ақ шашты жербіретсем тарамай кеп,

Ұмыттым өткен күнді санамай көп.

Қорқамын бірге оқыған сұлуларға,

Қайтадан ғашық болып қалам-ау деп.

 

Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматтары Құдайберген Қалиев пен Жақсылов Ысқақов қаламгермен өткізген әсерлі кездесулерді сағынышпен еске алды. Кәкімбек Салықовтың дүниеден өткеніне биыл төрт жыл толады. Енді оның есімін ел жадында қалдыру шараларын, мектептерге, көшелерге атын беруді ойластыра берген жөн боларын жеткізді. “Кітап – ең үлкен ескерткіш. Одан асқан ескерткіш жоқ”, – деді Жақсылық Ысқақов.

Академик Амандық Төлешов, профессор Зарқын Тайшыбай, ақын Болат Қожахметов те ақын жайлы ескірмес естеліктер айтты. Кәкімбек Салықов оқыған мектептің түлегі профессор, Жанбай Қадыров, Cырымбеттегі мұражайдың директоры Уәлихан Құлбаев, “Жезкиік” қорының басшысы Мереке Қасенова қоғам қайраткерінің ағалық қамқорлығына тоқталды. Кәкімбек әндерін дәріптеп жүрген  Адам Хакім және жергілікті дәстүрлі әншілер Жанат Айтбаев пен Біржан Есжанов ақынның сөзіне жазылған әндерден шашу шашты.


ruh.kz
Талғат ТӘНІБАЕВ