23 Қараша, 2017
СҚО-да студенттер арасында республикалық шеберлік байқауы өтті

СҚО-да «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» әлеуметтік жобасына қатысушы жастардың «Мені шыңдаған Серпін» атты бірінші республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті. 



Мені шыңдаған – Серпін” атты бірінші республикалық кәсіби шеберлік байқауының мақсаты жастар арасында жұмысшы мамандықтарды дәріптеп, олардың мәртебесін, кәсіптік даярлықтары мен біліктіліктерін арттыруды және “Серпін” студенттері арасында өз мамандығының үздігін анықтауды көздейді.



Байқау он мамандық бойынша өтті. Онда жоғары оқу орындарынан – бір, колледждерден екі студенттен қатысты. Жұмысшы кәсіптерінің беделін көтеру, бүкіл әлем бойынша кәсіптік даярлау және біліктілік стандарттарының мәртебесін арттыру үшін ұйымдастырған “WorldSkills International” қозғалысы форматындағы кәсіби шеберлік сайысына еліміз бойынша жүзден астам серпіндік жиналды. Олар “Аспапты қайта жасау”, “Радиотехника, электроника және телекоммуникация”, “Ақпараттық жүйелер”, “Азық-түлік өнімдерінің технологиясы”, “Электромеханик”, “Аспаздық іс”, “Кірпіш қалау”, “Ветеринар-техник”, “Автомеханик” біліктіліктері бойынша өз кәсіби шеберліктерін сынға салды.



Екі күнге созылған “Мені шыңдаған – Серпін” байқауының жеңімпаздарын облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет марапаттады.



«Экономикалық өсудің жаңа моделін таңдаған, озық технологиялық жаңғыру мен дамуды мұрат тұтқан Қазақстан экономикасы жоғары білікті мамандарға мұқтаж. Сондықтан адам капиталы мен болашақ ұрпақты жан-жақты дамытуға, нәтижелі жұмыспен қамтуға баса назар аударылып отыр. Жас ұрпақтың білімге және ақпараттық технологияларға, кәсіптік және жеке бәсекелестікке қол жеткізуі, елжандылыққа тәрбиеленуі басты назарда», – деді Мадияр Қожахмет жеңімпаздарды марапаттау барысында.



Айта кетейік, солтүстікқазақстандық студенттердің бесеуі – І, тағы соншасы – ІІ және екеуі ІІІ орынды иеленіп, жалпыкомандалық есепте жеңіске жетті.



Естеріңізге сала кетейік, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» әлеуметтік жобасы аясында студенттер еліміздің 26 жоғары оқу орнында және 37 колледжінде білім алуда. 


ruh.kz