Ауыл балалары уақытты қалай өткізеді (сараптама)

«Рухани жаңғыру» ҚҚДИ зерттеуі: Ауыл балаларының 50%-дан астамы далада ойнағанды жақсы көреді, 16%-ы әлеуметтік желілерде отырады.

Биыл «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты «Ауыл отбасының әлеуметтік портреті» тақырыбына әлеуметтік зерттеу жүргізді. Зерттеу аясында 54 ауылдық елді мекеннен 1200 респонденттен жауап алынды.

Енді соның қорытындысына тоқталайық. Ауылдық отбасылардағы басты құндылықтардың үштігіне «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» ұстанымы (63,9%), дәстүрлер мен әдет құрыптарды сақтау (41%) және өзара сүйіспеншілік пен мейірбандық (37,4%) кіреді.

«Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?» сұрағына респондентке қатысқан ауыл тұрғындарының 64%-ы отбасына, туыстарымен және достарына уақыт бөлгісі келетінін айтқан. 38,2%-ы уақытын теледидар мен интернетке жұмсайды. Ал 19,3%-ы өз шаруаларымен айналысады.

Сонымен қатар, сауалнама балалар арасында да жүргізілген. Ауыл балаларының 50,8%-ы уақытын таза ауада, далада өткізгенді ұнатады. 36%-ы уақытын кино мен мультфильмге жұмсайды. 26,9%-ы үй шаруашылығына көмектеседі.

Бұдан бөлек, бос уақытында ауыл балаларының 22,7%-ы мобильдік құрылғыларда отырса, 16,2%-ы әлеуметтік желілерге жұмсайды. (Айта кетейік, респонденттер бірнеше жауапты таңдай алды). Зерттеу барысы көрсеткендей, ауыл тұрғындарының 74,2%-ы бала тәрбиесінде күш қолданғанды дұрыс көрмейді.

Айта кету керек, респонденттердің 88,2%-ы өз денсаулығын жақсы және қанағаттанарлық деп бағалаған. Сауалнамаға қатысқан ауыл тұрғындарының 41,2%-ында денсаулығына байланысты ешқандай проблема жоқ. Ал 46,6%-ы салауатты өмір салтын ұстанады.

Жалпы, респонденттердің 72,1%-ы қалаға көшуге ниеті жоқтығын айтты. Қалған 27,4%-ы балаларының сапалы білім алуы, жақсы жұмысқа орналасу және басқа да перспективалар үшін қалаға көшкісі келетіндігін жасырмаған.

«Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Отбасы институтын зерттеу орталығы сауалнама нәтижесінде ауыл тұрғындары бала туғанда берілетін жәрдемақы, көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы сынды барлық мемлекеттік қолдау бағдарламаларынан жақсы хабардар екенін айтады.