«Терминологиялық база: тәжірибе және технология» семинары өтпек

2021 жылдың 23 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып, «Терминологиялық база: тәжірибе және технология» атты республикалық әдістемелік семинар өткізеді.

Семинардың мақсаты – терминтанушы ғалымдар мен ІТ саласы мамандарының семинардағы пікірлерін ескере отырып, терминологиялық база қалыптастырудың халықаралық озық тәжірибелері мен инновациялық технологияларды зерделеу арқылы терминологиялық базаны жетілдірудің алгоритмін әзірлеу.

Кез келген іздеу бағытында жұмыс істеуге қабілетті, пайдаланушыны терминология бойынша стандартталған және ұсынылған ақпаратпен мейлінше толық қамтамасыз етуді көздейтін, құрылымы жағынан икемді автоматтандырылған жүйені қалыптастыру – қазақ терминологиясының өзекті мәселелерінің бірі.

Семинарда белгілі терминолог ғалымдар – филология ғылымдарының докторы,  профессор, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының докторы Сәбира Исақова, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Сәрсенбай Құлманов және осы мәселемен маманданып жүрген жас ғалымдар баяндама жасайды.

Іс-шараға лингвист ғалымдар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, БАҚ өкілдері және т.б. қатысады.

Семинарға қатысушылар үшін Zoom платформасы және «termincom.kz» сайтының YouTube каналы арқылы іс-шараға қатысу мүмкіндігі қарастырылған.