Әлеуметтік кәсіпкер деген кім?

«100 жаңа оқулық» жобасымен аударылған Дональд Ф. Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика» кітабынан үзінді. 

Әлеуметтік кәсіпкер терминінің мағынасы әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатын ұйымның негізін қалаушы немесе басқарушы тұлға (немесе жеке тұлғалардың шағын тобы) дегенді білдіреді. Әлеуметтік кәсіпкерлерді кейде «қоғамдық кәсіпкерлер», «азаматтық кәсіпкерлер» немесе «әлеуметтік новаторлар» деп те атайды. Танымал эксперт Артур С. Брукс әлеуметтік кәсіпкерді сипаттайтын іс-әрекет түрлерін былайша айқындайды:

  • Әлеуметтік құндылықтар қалыптастыратын және оларға арқау болатын миссияны қабылдау (жеке құндылықтарынан тыс, артық).
  • Әлеуметтік құндылық мүмкіндіктерін мойындау және оларға тынбай ұмтылу.
  • Үздіксіз инновациялар мен білім алуға ұмтылу.
  • Шектелген ресурстардан тыс жұмыс істеу.
  • Жоғары жауапкершілік сезімі. 

Белгілі басылымдар насихатының арқасында әлеуметтік кәсіпкерлік термині кеңінен танымал болды. Мысалы, соңғы жылдары Тhe New York Times, the Economist, Forbes және Тhe Harvard Business Review сынды басылымдарда әлеуметтік кәсіпкерлік жөнінде бірқатар көлемді мақалалар жариялаған.

Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы саясаткерлер, журналистер, ғалымдар мен жалпы қоғам жаппай айта бастады, оған себеп – әлемде қоғамдық түйткілді мәселелердің пайда болуы. Бүкіл әлемдегі әлеуметтік күрделі мәселелерді шеше алады деген үміт әлеуметтік кәсіпкерлікке аударылатын назарды ұлғайтты.

Кәсіпкерлікте табысты нәтижелер көрсетіп жүрген принциптерді бейімдеу арқылы жұмыс істейтін әлеуметтік кәсіпкерліктің барлық көшбасшылар қолдауына ие болу мүмкіндіктері бар. Сол арқылы олардың барлығы да ұлт алдында тұрған әлеуметтік мәселелерді шешуде қаржылық жағынан тұрақты, трансформациялық шешімдер қабылдайды. Stanford Social Innovation Review басылымында жарияланған соңғы мақалаларының бірінде: «Экономика үшін кәсіпкерліктіктің маңызы қандай болса, қоғамның дамуы үшін әлеуметтік кәсіпкерліктің маңызы дәл сондай. Сондықтан да бүгінде оған барынша байыпты және терең назар аударылуы керек» делінген.

Asoka-ның негізін қалаушы Билл Дрейтонның: «Әлеуметтік кәсіпкерлер балық үлестірумен немесе оны қалай аулауды үйретумен айналыспайды. Олар бүкіл балық аулау индустриясына революциялық өзгеріс жасамайынша, тыным таппайды», деп атап көрсеткені белгілі.

Өзге кәсіпкерлер сынды әлеуметтік кәсіпкерлер үнемі инновацияға ұмтылатын креатив ойлаушылар, сол арқылы жаңа технологияларға қол жеткізеді, жеткізу түрлерін өзгертеді, дистрибьюторлық жүйелерді немесе өндіріс әдістерін жанартуы мүмкін. Сонымен қатар инновациялық жаңа ұйымдардың пайда болуы – жаңа өнімдер мен қызмет көрсетілетін түрлерін ұсыну дегенді білдіреді. Инновациялық идеялар – тың дүние немесе бар дүниені жаңаша көзқараспен дамыту болуы мүмкін.

Әлеуметтік кәсіпкерлер – өзгерістердің жаршысы. Олар қалыптасқан ұғымдарды бұзатын идеяларды қолдана отырып, кең көлемдегі өзгерістерге түрткі болады. Олар әлеуметтік мәселелердің түпкі себептерін жете тани алады. Жаңа идея енгізу және оны басқаларға мойындату арқылы жүйелі өзгерістер жасағысы келеді. Осындай трансформация типтері ұлттық немесе жаһандық деңгейде өріс алуы мүмкін.

Сонымен қатар олар тек жергілікті аумақты ғана қамтуы да мүмкін, бірақ одан оның қуаты азаймайды. Көбінесе, трансформациялық өзгерістер әкелетін әлеуметтік кәсіпкерлер инновациялық әдістер, әлеуметтік мәселелер туралы терең білім және көздеген мақсатына жету үшін ең соңғы, озық зерттеулерді өзара ұштастырады. Әлеуметтік салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін инновация дегеніміз – бір реттік қана іс-шара емес, ғұмырлық мақсат боларлық процесс.