Тұңғыш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр

Бүгін ел тарихында тұңғыш рет ауыл, кент, ауылдық округ және аудандық маңыздағы қала әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр. Барлығы 730 елді мекеннің әкімі жергілікті тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы анықталмақ.

Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметі бойынша тіркелген 730 сайлау округінде 2582 кандидат ұсынылған. Олардың 2297-і тіркеуден өткен. Кандидаттардың басым бөлігі – өз-өзін ұсынушылар. Сайлау туралы заңнамаға енгізілген толықтырулар мен түзетулердің арқасында ауыл әкімдерінің сайлауына түскісі келетін үміткерге өз-өзін ұсыну мүмкіндігі берілген болатын. Осы мүмкіндікті бұл жолғы сайлауда 1419 адам пайдаланып отыр.

Сондай-ақ, 878 үміткерді Әділет министрлігінің тіркеуінде бар 6 саяси партия ұсынған. Халықтың дауыс беруі арқылы әкім болуға 1839 ер, 458 әйел үміткер бақ сынағалы отыр. Өз үміткерлерін ұсынған партиялардың атынан қатысатын байқаушылардан бөлек, «Партиялық емес бақылаушылар орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі де дауыс беру процесінің әділ өтуін қадағаламақшы.

«Сайлау үрдісінің барлық ерекшеліктерін ескеретін байқаушының блокнотын әзірлеп, байқаушылардың бәріне тапсырдық. Сайлау күні заңбұзушылық анықталса, сол блокнотқа тіркеп отырады. Байқаушылардың бәріне сайлау учаскелеріне кіруге қажет құжаттар берілді. Дайындық 100 пайыз деп айтуға болады. Біздің басқа байқаушылардан ерекшелігіміз – қатаң бейтараптық танытамыз. Ешқандай партия өкілдеріне болсын, мемлекет билігіне болсын, қандай да бір сайлау учаскесінің комиссия мүшелеріне болсын, бәріне қатаң түрде бейтарап ұстанымда боламыз. Заңнамалық тұрғыда сайлау үдерісіне кедергі жасамай, байқау жүргіземіз», - дейді бірлестіктің төрағасы Төлеген Күнәділов.

Бүгінгі сайлау 14 облыс бойынша 1847 сайлау учаскесінде өтеді. 25 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау туралы Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейтін құжатқа қол қойған болатын. Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде күннің қорытындысы шығарылуы тиіс. Жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жүзеге асырылады. Бұл ретте сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады. Жалпы биыл жыл аяғына дейін 775 ауыл әкімі сайланады.