Еліміздің экологиялық жағдайы қандай

Әлем бойынша жыл сайын 15 млрд (ортақ есептік көрсеткіш бойынша) ағаш оталады. Бұл 26 млн га. Ал отырғызылатын көшеттер мұның жартысына да жетпейді...

Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылдың қыркүйегінде 2025 жылдың соңына дейін 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырған. Тапсырма орындалып келеді деп айтуға толық негіз бар. 2022 жылы елімізде 244 млн көшет отырғызу жоспарланған. Бұл сан жыл сайын ұлғая бермек.

Ағымдағы жылы қаламгерлер мен қоғам белсенділері, мемлекеттік қызметкерлер мен еріктілердің есебінен отырғызылған ағаш саны 150 млн-нан асты. Бұл тәуір-ақ көрсеткіш.

Соңғы жылдары азаматтардың экологиялық сауаттылығы артып, табиғатқа жанашырлық танытып жүргендердің қарасы көбейгені дүйімге мәлім. Әрине, итбалықты ұратын, қызыл кітаптағы өсімдіктерді жұлатын, демалыс орындарында қоқыс лақтырып, көл түбін қазатындар да жоқ емес. Десе де, қателерді қайталамауға бірте-бірге үйреніп келе жатқандаймыз.

Әлеуметтік желі беттерінде «Қоқыс жинау», «Ағаш егу», «Көшеттерді суары» сынды түрлі челлендждер ұйымдастырылып жүр. Көңіл қуантарлығы – осы челлендждерді мемлекет емес, жекелеген азаматтардың ұйымдастырып жүргендігі (мемлекет мұндай шараларды ұйымдастырмайды деуден аулақпыз).