Атырауда өсетін 5 гүл (қызыл кітапқа енген)

1981 жылы Қазақстан «Қызыл кітабы» жарық көрді. Кітапта сиреп бара жатқан және құрып кету алдында тұрған 300-ден астам өсімдік тізілген.

Назарларыңызға Атырау облысы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің қолдауымен дайындалған облыс аумағында өсетін, табиғи ылғалдың жеткіліксіз болуынан, топырақтың тұздылығы мен шөлейт зонада өсетіндікетен ерекше болып есептелетін 5 өсімдік туралы ақпар ұсынамыз:

Ақ тұңғиық – тұңғиықтар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін су өсімдігі. Су астындағы жүрек тәрізді, сопақша, тамыр сабағы топыраққа төселіп, кейде дөңгелек жапырақтары су бетіне жайылып өседі.

Бор сиякөгі – бақажапырақ тұқымдасы, сиякөк туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Ембі өзенінің орта ағысының бойындағы балшықты төбелерде өседі. Биіктігі 30 см. Сабақтарының жоғары жағы бұтақтанып келеді. Дөңгелек пішінді етжең жапырақтары қос-қостан, кейде үшеуден біріге орналасады.

Қатпар баршынгүл – құртқашаштар тұқымдасының баршынгүл туысына жататын көпжылдық өсімдік түрі. Сирек кездеседі. Халық медицинасында кеңінен қолданылады.

Інжугүл – қасқыржемдер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы.

Лотос немесе Шамгүл – қос жарнақты өсімдіктерінің Лотос тұқымдасына жататын көп жылдық су өсімдіктерінің бір туысы. Лотостың 100-ге жуық түрі бар. Бұл өсімдіктің тамырлары тоғанның түбіне бекініп, жапырақтары мен гүлдері судың бетінде орналасады.