Отбасы күні аясында қайырымдылық акциясы басталды

Жылдағы дәстүрге сай Отбасы күні мерекесі қарсаңында кезекті іс-шаралар жиыны басталып кетті.

Атаулы күнге орай «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институтының Отбасы институтын зерттеу орталығы мұқтаж отбасыларға арнап қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Аталған қайырымдылық акциясы аясында дағдарыс орталықтарына, аналар үйлері сынды өзге де орталықтарға көмек көрсету жоспарланып отыр. Осыған орай 18 тамыз күні «Ана үйі» қоғамдық қорына көмек көрсетілді.

Жеті жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық қордың мақсаты – жетімдер үйіне балалардың көп түспеуіне атсалысу, сондай-ақ тастанды балалардың санын азайту. Қор қиын жғдайға ұшыраған кәмелетке толмаған қыздардан бастап, 30 жасқа дейінгі қыз-келіншектерді қабылдайды. Оларға аналар үйінде тегін тұру, психологиялық, медициналық көмек көрсетіліп, құжаттарды қалпына келтіру, жәрдемақы тағайындау сынды мүмкіндіктер беріледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, отбасы күніне арналған қайырымдылық іс-шаралары 12 қыркүйекке дейін жалғасады. Игілікті іске «Рухани Жағыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қызметкерлері бастамашы болып, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетуді жалғастыра бермек.