«Астана Опера» мерейтой алдындағы маусымын ашады

Тоғызыншы театр маусымы 30 тамыз - Конституция күніне арналған мерекелік концертпен ашылмақ. Театр маусымы өте мазмұнды болғалы тұр: көрермен назарына бірқатар орасан зор опера және балет премьералары, гастрольдік қойылымдар, сондай-ақ айрықша авторлық концерттік жобалар мен шығармашылық кештер әзірленген.

- Театр маусымдарының ашылуы – ең алдымен әртістер мен көрермендер үшін мереке. Бұл маусымды біз еліміздегі жаңа ахуалға бейімделген жағдайларда бастаймыз. Көрермендерді отырғызу кезінде бұрынғыдай әлеуметтік қашықтықты, сондай-ақ барлық басқа санитарлық талаптарды сақтаймыз. Театр ұжымы вакцина алған, себебі біз өз денсаулығымызға ғана емес, көрерменіміздің де денсаулығына қамқорлық танытамыз. Маусымның бірінші жартысында 5 премьера ұсынуды жоспарлап отырмыз – бұл опера және балет труппасына айтарлықтай үлкен жүктеме, өйткені мұнымен бірге  репертуар қорында жинақталған спектакльдер қатар орындалатын болады. Сондай-ақ опера сахнасы кемеңгерлерінің шығармашылығына арналған мерейтойлық кештер афишаның сәнін келтірмек. Біз ата-аналарға да қызықты болатын балалар репертуарын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Біздің театр – жас, жанды, жаңарып отыратын ағза сияқты, сондықтан да 9-маусым театрға әуес жандар  үшін балет әртістерінің жаңа есімдерін ашады, сонымен қатар қысқа үзілістен кейін сахнада біздің прима-балерина Мадина Басбаева тағы да жарқырап өнер көрсететін болады, - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

Труппа қазірден өз жұмысына кірісіп кеткен, залдарда дайындықтар қызу жүріп жатыр, опера, балет, оркестр және миманс әртістері көрермендермен кездесуге дайындалуда. Дайындық кезінде театрдың әр бұрышынан атақты композиторлардың музыкасын естуге болады. Афишаға отандық және әлемдік классиканың үлгілері енген: Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Борис Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» және тағы басқалары.

2 және 3 қыркүйек күндері көпшілік назарына ұсынылатын Тасқын Жармұхаметтің «Домалақ ана» операсының декорациялары сахнаға орнатылған. Шымкент опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы бастаған театрдың гастрольдік қойылымы үшін бұл спектакльдің таңдалуы кездейсоқтық емес. Театр репертуарындағы аталмыш жаңа опера премьерадан кейін бірден зор табысқа ие болды. Онда қазақ халқына тән Қасиетті Ана бейнесі терең сипатталған.  Өсиеттер мен рухани құндылықтардан шабыт алған жас қыз Нұрилә бейнесінің арқасында ана махаббатының күші өте кең және шынайы ашылады. «Домалақ ана» операсы Бәйдібек батырдың өз халқына деген сүйіспеншілігін жеткізеді, ол риясыз ананың жүрегін бейнелеп қана қоймай, қазақ халқы тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі туралы баяндайды.

Мәдениет және спорт министрлігінің және театрдың тұрақты бас демеушісі Halyk Bank қолдауымен «Астана Опера» жаңа маусымының тұсаукесерлік қойылымдарының кезегін Piccolo театры жас жобасының аясында «Астана Опера» үшін бұрыннан таныс қойылым тобымен өтетін Д.Чимарозаның «Жасырын неке» операсы жалғастырады.  Қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин. Қоюшы режиссері – Алла Симонишвили, сценограф әрі костюмдер бойынша суретші – Манана Гуниа.

Балалар аудиториясын М.Минковтың «Сиқырлы музыка, немесе операны бірге жасайық» және А.Байғожаевтың либреттосына қойылған Ж.Дәстеновтің «Қаңбақ шал» деп аталатын алғашқы қазақ балалар операсының премьералары күтеді.

Балет өнерін бағалаушылар В.А.Моцарттың музыкасына қойылған Иржи Килианның «Алты би», сондай-ақ Дьюла Харангозоның хореографиясындағы Тибор Кочактың музыкасына қойылған «Ақшақар мен жеті ергежейлі» спектакльдерімен бетпе-бет келуді асыға күтуде. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» ұлттық қаһармандық операсы жылдың ең күтілетін оқиғасы болмақ.