Конституция – ел тірегі

Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 26 жыл болды. Еліміздегі басты құжат 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған. Содан бері 30 тамыз мемлекеттік мереке ретінде аталып келеді. Егемен мемелекетіміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан заңнамалық құжаттың тарихы мен міндетін оқырманға таныстыруды жөн көрдік.

1993 жылғы Конституция

Елдің егемендігін танытатын 1993 жылғы тұңғыш Конституция – мемлекет тәуелсіздігін жоғарғы заң тұрғысында саяси-құқықтық сипатта алғаш бекіткен құжат. Тұңғыш Коституцияның ел тарихында алатын орны туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында былай деп жазады:

«Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын».

Ал Конституцияның мәні мен маңызына тоқталар болсақ, құжат Президент атап көрсеткен мақсаты бойынша төрт басты мәселеге жауап беруі тиіс болатын.

Оның біріншісі – мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншіден – экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару,

үшіншіден – жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртіншіден – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздерді Ата заңда көрсету.

 

1995 жылғы Конституция

Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады. 1998 және 2007 жылдары Конституцияға Президенттің өкілеттілігін ұлғайту жөнінде елеулі өзгерістер енгізілді. Сол кездегі тарихи маңызды кезеңді Конституциялық кеңес мүшесі Үнзила Шапақ былай деп түсіндіреді:

«1993 жылғы Конституция консервативтік бағытта еді. Жоғары Кеңестің туынды құжаты. Егемен Қазақстанның саяси-құқықтық негізі ретінде танылмады. Елдегі әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық, жүйелі реформаларға тұғыр бола алмады. Ең бастысы, оның шын мәнінде, әлеуметтік-экономикалық және саяси процестерден алшақ тұрғаны көрінді. Негізгі Заңда әртүрлі мемлекеттік институттар арасында туындайтын келіспеушіліктерді шешетін тетіктердің жоқтығы – атқару және заң шығару органдарында қайшылықтардың объективті түрде өрістеу себептерінің бірі болды. Басқаша айтқанда, 1993 жылғы үлгідегі Конституция мемлекеттік құрылымды жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды одан әрі тереңдете дамытудағы құқықтық кедергіге айналды. Конституция қоғам күткен барлық үміттерді ақтамады. Себебі, онда ең бастысы – біздің қоғамдық мақсаттарымыз бен басымдылықтарымыз айқындалмады. Сондықтан да Мемлекет басшысы сол кезде қалыптасқан жағдайды шешетін, дүниежүзілік стандартқа сай, жалпы халықтың қатысуымен түбегейлі жаңа Конституция қабылдау жөнінде тарихи, әрі ұтымды шешім қабылдады», дейді ол баспасөзге берген сұхбатында.

1995 жылғы 30 тамызда өткен республикалық референдумда Конституцияны қабылдауға азаматтардың 89,14% дауыс берген. Бүкілхалықтық талқылаудың барысында 30 мыңнан астам ұсыныстар мен ескертулер келіп түсіп, 1100-ден аса түзетулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл орайда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бастамасымен əлемнің 20-дан астам елінің конституциялары сарапталып, дүниежүзілік конституциялық дәстүрлердің озық үлгілері пайдаланылды. Ата заң адамдардың ажырамас құқықтарымен қоса, адамзат қоғамында жаппай танылған демократиялық құндылықтарды бекітті. 1995 жылғы Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы – алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енгізілген.  

Конституциялық Кеңестің міндеті

Конституцияның алтыншы бөлімінде Республикада конституциялық бақылауды орнататын негіз қалаушы нормалар қамтылған, оны жүзеге асыру Конституциялық Кеңеске жүктеледі. Ол сот жүйесіне кірмейді, мемлекеттің Негізгі Заңы ретіндегі Республика Конституциясының Қазақстанның бүкіл аумағында жоғары тұруын қамтамасыз ететін мемлекеттік орган болып табылады. Ал Конституциялық Кеңестің міндеті – азаматтардың құқықтарының үстемдігін, жалпы мемлекеттік құндылықтарды бекітетін, елдің Негізгі Заңының мызғымастығын қамтамасыз ету. Бұл тараптағы Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциялық Кеңесті күшейтуге қатысты шешімі – Конституциялық Кеңеске жоғары дəрежеде сенім білдіруі, оның жауапкершілігін арттыра түсті. Бірқатар шетелдік сарапшылардың пайымдауынша, конституциялық түзетулер арқылы Қазақстанның Конституциялық Кеңесі өз құзыреті тұрғысынан Еуропадағы бірқатар елдің конституциялық сотына теңесе алды.

Конституциялық Кеңес жеті мүшеден тұрады. Кеңестің Төрағасы мен екі мүшесін Республика Президенті, екі-екіден мүшелерін Парламент Сенаты мен Мәжілісі алты жыл мерзімге тағайындайды. Кеңес мүшелерінің жартысы әр үш жылда ауыстырылып отырады. Бұған қоса, Республиканың экс-Президенттері құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестің мүшелері болып табылады.

Еліміздің Негізгі Заңына түзетулер енгізуге міндетті алдын ала конституциялық бақылау жасау енгізілді. Олар Конституциялық Кеңестің оң қорытындысы болған жағдайда ғана республикалық референдумға немесе Республика Парламентінің қарауына шығарылуы мүмкін.

Қазақстандағы Конституциялық бақылау институты кезең-кезеңмен дамып келеді. Конституцияның ІІ тарауы «Адам және азамат» деп аталуы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ықпал ететінін растайды. «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін жаралған» деген тұжырым билік тармақтарының қоғамдағы рөлін айқындайтын осынау маңызды құжаттың негізгі бағдары болса керек.