Құмай тазы – құс күшігі ме?

Халқымыздың нешеме сарындағы аңыз-әпсаналары жетерлік. Алып бәйтеректің басына ұя салған самұрықты, қарлығаштың адамға жасаған қамқорлығын естімеген, білмейтін қазақ кемде-кем.

«Жеті қазына» атты 7 сериалы танымдық бейнеконтент топтамасын ұсынғанымыз көзіқарақты оқырманға мәлім. Бәрі осыдан басталып отыр. «Құмай тазы» сериясын дайындау барысында түрлі ақпараттарға кезіктік. Сөз қазақтың құмай тазысы һақында.

Республикамыздың далалы, шөлейтті аймақтарында тіршілік ететін «Италақаз» деген құс бар. Халық арасында «Сарыалақаз» деген атауға де ие. Қазтәрізділер отряды, үйрек тұқымдасына жататын құс. Жалпақ тілмен айтқанда қазға да, үйрекке де ұқсайтын жыл құсы. Ерте көктемде ұшып келіп, көктем келе жатқанын да жаршылайды.

Италақаз ұясын мазарларға, елсіз төбе басына, аң апандарына салатын көрінеді. Отандық БАҚ беттерінде сарыалақаздың жылына екі-ақ жұмыртқа басатыны айтылған.

Міне осы құстың мыңнан бір жұмырқасынан төсі қара күшік шығады-мыс. Бұл өте сирек болатын құбылыс. Осы күшікті қазақ «Құмай тазы» деп атаған. Құмай өзге тазылардан ептілігімен, шапшаңдығымен, жүйріктігімен ерекшеленсе керек.

Этнографтар мен қоғам белсенділері бұл оқиға туралы ақсақалдардан көп есіткенін айтады. Бұған сенбейін десе, Сауыр-Сайханның бір биігінде күркенің көлеміндей итала қаздың ұясы әлі тұр.

Мұның рас-өтірігін дөп басып айтуға да болмас. Халық ішіндегі әр аңыздың бір шындыққа негізделіп тарағанын ескерсек, құмай тазының да шығу тегі тегін емеске саяды.