Алма Сайлауқызы: Қазақ әйелі отбасы, ошақ қасымен шектелмеген

Отбасы – адам өміріндегі ең маңызды іргетас. Тұлғаның қалыптасуы дәл осы отбасынан басталып, тұтас қоғамның үйлесімді дамуы үшін қажетті дағдыларды қалыптастырады. Елімізде Отбасы күні Мемлекет басшысының жарлығымен қыркүйек айының екiншi жексенбiсiнде аталып өтiледi. Осы орайда белгілі журналист, «Мерейлі отбасы-2021» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпазы Алма Сайлауқызының әңгімесін оқырман назарына ұсынамыз.

– Сіздіңше бұл мерекенің маңыздылығы неде?

– Отбасы деген әр адам үшін ең жақын, ең ыстық, ең қадірлі ұғым болса керек. Адамның жалпы дүниетанымы, өмір туралы түсінігі, арманы мен мақсаты, көзқарасы мен тәрбиесі бірінші кезекте отбасында қалыптасады деп түсінемін. Сол себепті отбасы күні осы бір құндылықтың мәні мен маңызын тағы бір еске салып, оны қастерлеуге үндейтін шуақты мереке деп қабылдаймын.

– Отбасында не маңызды? Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын болар. Десе де махаббат, түсіну, қамқорлық, адалдық ұғымдарының орны қандай? Немесе отбасылық дәстүрлерді қатаң сақтау керек пе?

– Менің ойымша, өзара түсіністік, гармония – отбасындағы ең маңызды фактор. Ол үшін оның мүшелері бір толқында болуы керек. Әр адамның өз көзқарасы, өз темпераменті бар. Тіпті бір әке, бір шешеден туған үш баланың мінезі үш түрлі болып жатады. Бес саусақ бірдей емес, бірақ оның екеуі бірігіп, ине ұстай алады, үшеуі бірігіп, қалам ұстай алады, ал бесеуі біріксе жұдырық болып, сес көрсетуге қабілетті. Сондықтан әр адамның өзінің ерекшелігін мойындай отырып, оны түсінуге, сыйлауға, қолдауға тырысу әр отбасы мүшесінің міндеті дер едім. Сүйіспеншілік, еңбекқорлық, адалдық, шынайылық сынды асыл қасиеттер – сол өзекті мазмұнға толтырар маңызды элементтер.

– Сіздің байқауыңызша, бала тәрбиесінің дамуында қандай жаңа тенденциялар пайда болды? Бұл өзгерістер қалалар мен аймақтарда бірдей ме?

– Бала тәрбиесі туралы түсінік жаңа заманның тың білімімен толысып жатыр. «Заманына қарай адамы» деген халық даналығы. Цифрлық қоғамның заңдылығына сай, оның жаңа мүшелерінің де ақпарат қабылдау, ой қорыту, өмірлік ұстанымын қалыптастыру сияқты қағидаларына өзгерістер енуде. Жас ұрпақ бізден басқа. Көнбіс, аса шыдамды, көңіл жықпастық немесе барлық жағынан мінсіздікке ұмтылатын мінез оларда жоқ, тіпті мүлдем қалыптаспауы да мүмкін. (Бұрынғы Nokia мен қазіргі iPhone телефоны сияқты). Соған сай біздер, ата-аналар да олардың сол ерекшелігімен санасып, жартылай өзіміз оларға бейімделіп, жартылай оларды өзімізге бейімдеп, бір консенсусқа келмесек, басқа жол жоқ деп санаймын. Қазіргі балалар еркін, ашық. Өзіне қажеттіні өздері таңдағысы келіп тұрады. Керексіз дүниеден қиналмай бас тарта алады. Жаңа технологиямен дүниеге кел сала танысқандықтан, оны жетік меңгеруді ерекше бір қабілет деп те санамайды. Ғалымдардың дерегінше, Z буынынан кейін, 2010 жылдан бері Альфа буын қалыптасып жатыр. Оларға «Ғылым бар болса, отбасы не үшін керек?» деген ұранымен ой тастайтын «Рик және Морти» сынды ғылыми-фантастикалық анимациялар қызық. Сондай жаңа сана иелері алдыңғы буынды мойындап, онымен санасып, үлгі тұтуы үшін бізге де үздіксіз алға жылжып, білімді толықтыру ауадай қажет. Мегаполистер мен аймақтарда алшақтық әлі де бар. Дегенмен ғаламтор заманында ауыл мен қала түгілі, мұхиттың екі жағындағы екі елдің арасы санаулы секунд болып қалды, сондықтан бұл теңсіздік уақытша құбылыс деп санауға болады. Тек ақпараттар тасқыны, яғни инфодемия дәуірінде сол алапат лекті аз-кем жүгендеп, «арналарға» бөліп, іріктеп отыратын қоғамдық инструменттер қалыптастырмаса болмайды, әрине. Бес баланың ата-анасы ретінде ұл-қызымыздың жан дүниесі мен психологиясы, қабілеті мен арманы қатты толғандырады. Сондықтан үнемі ізденіс үстінде жүреміз. Осыған қатысты пайымдарым мен түйгендерімді «Бақытты келіншек кітабында» талдап жазуға тырыстым.

– Сіздің авторлығыңызбен жарық көрген «Бақытты келіншек» кітабының негізгі айтар ойы қандай? Келіншектерге қандай кеңес береді?

– Әйел – әлем. Ұлттың діңгегі мен болашағы. Әр шаңырақтың жылуы мен берекесі. Кішкентай кезімізде анамыз бірнеше күн үйде болмай қалса, әкеміз қанша жерден бәйек болса да, әбіржіп кететін едік. Мұндай заңды көрініс әр қазақтың отбасына тән деп ойлаймын. Халқымыз қашан да қыздың орнын төр деп біліп, анасының ақ батасын алуды зор міндет санаған. Біздің жерде өмір сүрген алтын адамдар  заманында әйел-патшалар да болғанына тарих куә. Ер мен әйелді құстың екі қанатындай тең көру дәстүрі қанымызда бар. Олар –  өзара сыйластық пен гармонияға негізделген мықты қоғамның екі тірегі. Алайда, соңғы жылдардағы надандықтан «нәр алған» кейбір ағымдар қыз балаға төмен саналы тіршілік иесі сияқты қарап, оны тұқыртып, кейбірі тіпті ол қисық қағидаларына діни «негіз» бергісі келіп жатқаны қынжылтады. Өмірде өз миссиясы мен қалауын айқындарда көп толғанатын сіңлілеріме жол нұсқар бір дүние жазу бұрыннан ойымда жүрген болатын. Соңғы 6-7 жыл университет қабырғасында шәкірт тәрбиелеп жүрген кездері ол тақырыптың өзекті екеніне тағы да бір көз жеткіздім. «Бақытты әйел кітабында» бақытты қыз, бақытты жар, бақытты келін, бақытты ана, бақытты қарындас, бақытты әпке, бақытты сіңлі, бақытты жеңге, бақытты маман және бақытты құрбы образдарын өз көзқарасыммен ашуға тырыстым. Сол арқылы әр қазақтың қызына тамырыңа үңіл, бүгініңді бағамда және батыл болашаққа қадам бас дегім келді.

– Дәстүрлі жүйеде ер адам – әке, асыраушы, ал әйел – ошақ иесі, ана рөлінде еді. Қазір жас отбасылар қарым-қатынастың қандай түрін құп көреді? Дәстүрлі отбасы жүйесі қазір ыдырап жатқан жоқ па?

– Дәстүрлі отбасы деген сіз айтып отырған формула дегенмен келіспес едім. Қазақтың дәстүрі бойынша барлық қазақ әйелдері ошақтың жанында, үйден шықпай отырды деуге келе ме? Арыдағы Ұмай, Домалақ анадан бастап, берідегі Айғаным, Фатима, Бопай ханшалардың қоғамдағы рөліне тоқталар болсам, ұзақ уақыт керек. Қарапайым ғана мысал, менің нағашы әжем Гауһар Оспанқызы ауылсоветің хатшысы болып қызмет атқарған. Бірақ бұл қызметі оның отбасын ұйытып, көпбалалы ана болып, қолөнермен айналысуына кедергі жасады деп айта алмаймыз. Өз әжем Ақайдан Үрәйрақызы да он баласын тауып, колхоз басшылығында жүрген атамның бар қонағын күтіп, жағдайын жасаумен қатар, түрлі кілем, текемет тоқыған, сол туындыларымен тіпті Мәскеу көрмесіне дейін барып қайтқан. Соны көріп өскен қыздары бүгінде республикаға еңбегі сіңген суретші, қолөнершілер. Анам да өмір бойы мектепте мұғалім, әрі парторг болып жұмыс істеген әрі аудандық кеңестің депутаты болып, қоғамдық жұмысқа да белсене араласты. Бірақ ол қызметі мен міндеті ауданның құрылыс саласын басқарған жары мен бес баласының жағдайын жасап, келіндік міндетін атқарып, қонағын күтуге кедергі келтірген жоқ. Қазақ әйелі ешқашан түрік немесе араб әйелдері сияқты тек отбасы, ошақ қасымен шектелмеген. Отбасын да, жеке мансабын да қатар алып жүріп, бір-бірімен әдемі үйлестіре білген. Нәзіктігін де сақтаған. Қазіргі кезде сол қанымызда бар қасиетті шыңдап, заманға сай бейімдесек болғаны, негізгі өзекті ауыстырудың қажеттілігі жоқ, ішінара эволюциялық жаңарулар ғана керек. Мысалы, қонақ күту және тойға бару форматын өңдеп, тұрмыстағы шаруаны жеңілдететін игіліктерді тиімді пайдалана білген, бірігіп даму мен ізденуге басымдық берген жас жұбайлар қазақы отбасының жаңарған моделін қалыптастырып жатыр.

– Дәстүрлі деп саналатын бұл рөлдер қазір бұлыңғыр. Өйткені отбасы мүшесі ер де, әйел де қатар жұмыс істейді. Яғни үй шаруашылығы кімнің бос уақыты бар екеніне байланысты ымырамен бөлінеді. Осы тұста әйел құқығын жақтаушылар мен өздерін «дәстүр жақтаушысы» санайтын кей бастамашыл топтар өзіңіз атап өткендей мәмілеге келе алмай жатады, бұған қандай ой қосар едіңіз?

– Үй шаруасы деген ұғым шартты дүние болып қалатын күн таяу сияқты. Бір мезетте бірнеше асты әп-сәтте дайын ететін «ақылды» асүй комбайны, бөлмеңізді сканерлеп алып, тып-тыныш қана шаңды жинап, сулы шүберегімен тазартып жүретін робот-шаңсорғыш... Бұлар қазіргі кей заманауи отбасылар жүгінетін клининг пен аспаз қызметінің өзін шеткері ысыруы мүмкін. Өз басым ер азаматтың алжапқыш тағып алып, ыдыс жуып тұрғанын ұната қоймаймын, тіпті маған көмектесем десе де. Дегенмен балаға қарау, үй жинау, тамақ пісіру, ыдыс жуу, қонақ күту, қоқыс төгу, тағы басқа сан шаруа тек әйел адамның маңдайына қашап жазылған міндеті деп диванда шалқасынан түсіп жататын безбүйрек, дөрекі, жатыпішер жалқау азаматтардан да опа жоқ. Жаңа туған сәбиі шырылдап жылап жатқанда, түн ұйқысын төрт бөлмесе де, ең болмаса сүйген жарына жәрдемін тигізетін азаматтар ғана «әке» деген атқа лайық дер едім. Ерлер жарына деген қамқорлығын тамақ пісіріп немесе ыдыс жуып  қана көрсетуі тиіс деген пікірмен де аса келіспеймін. Ақылды, іскер, әр минуты алтын, отбасын сүйетін, жарын сыйлайтын азаматар өз жанашырлығын таныту үшін әйелінің жұмысын әлдеқайда жеңілдететін тиімді жолдар іздейді. Мәселен, жарына High-tech техника әпере алады немесе арасында көмекші жалдауына болады. Сондықтан сіз айтып отырған екі топтың түйісу нүктесі бар. Ол «дауды» заман талабы, тұрмыс техникасы және ерлі-зайыптының ішкі мәдениеті, өзара сүйіспеншілігі, сыйластығы мен өмірлік құндылығы шешеді деп ойлаймын.

– Бүгінде ажырасудың жоғары деңгейі мен толық емес отбасылардың көбеюі анық мәселеге айналды. Отбасы институтын сақтап қалу үшін мемлекеттен қандай қолдау қажет деп ойлайсыз?

– Ажырасқан отбасында жеңген жақ болмайды, тек жеңілген тарап бар: анасы да, әкесі де, баласы да отбасы шапағатынан құр қалады. Әр шайқалған шаңырақ – үлкен трагедия. Әке-шешесі екіге айрылған әр сәбидің жүрегінде өмірлік дақ қалып, ішкі жарамен жетіледі. Ажырасудың жиілеп кетуінің бірнеше себебін көремін. Біріншіден, саналы түрде үлкен жауапкершілікті сезініп, отбасын құруға әзірленіп келетін жастар қатары көп болмай тұр. Үйлену деген физиологиялық тұрғыдан ғана емес, ең алдымен рухани, интеллектуалды тұрғыдан да толысып, жаңа өмір бастауға дайын болу деген сөз емес пе? Екіншіден, әлеуметтік кедергілер де жаңадан бүр жарған бәйшешек тәрізді жас отбасының тамырының тереңдеп, жайқалуына бөгет болып жатады. Кей жандар келісе қоймас, бірақ «Лашықта махаббат болмайды» деген тәмсіл бар. Қанша жерден «сүйдім, күйдім» дегенмен, ішерге асы, киерге киімі болмай, бір пәтерден екінші пәтерге көшіп, тоз-тозы шығып жүрген жас отбасылардың бір күні жан дүниесі қажып, бәріне қолын бір-ақ сермеуі мүмкін. Осыдан бірнеше жыл бұрын докторантурамның ғылыми тағылымдамасымен Парижде бірер ай тұрдым. Сонда байқағаным, аула сыпырушыларына дейін өміріне риза. Ең төмені жалақы 1400 еуро көлемінде екенін білгенде, бәрі түсінікті болды. Олар тапқан табысының 60-70 пайызын біздің азаматтар секілді тамаққа жұмсауға мәжбүр емес. Айлығы пәтеріне де, киіміне де еркін жетіп, өзінің жеке өміріне, жеке саяхатына да қалып жатады. Тек біліміңе білігің сай келіп, қажырлы еңбек етсең болды. Осының бәрі отбасының әлеуметтік қамтылуына, болашағына деген сеніміне, жоспар-мақсатына әсер ететін маңызды факторлар. Екінші жағынан адамгершілік қағидалары әлсіреп, тіпті деградацияға ұшырап жатқанда, рухани жұтаңдық белең алары сөзсіз. Мемлекет өрт сөндіруші секілді жеке мәселелерді шешумен емес, стратегиялық мәні зор кешенді дүниелерді бағдарлайтын мықты менеджер болуы тиіс деп есептеймін. Рухани, әлеуметтік, мәдени, білім беру, экономика салалары заң салтанат құрған құқықтық мемлекетте ғана дамиды. Әсіресе біздің ел үшін әр адам, әр отбасы алтынға тең болуы керек. Әр азамат білім мен тәрбиені қатар сіңіріп, қабілеті мен біліктілігіне сай лайықты қызметін атқарып, қоғамға мықты кірпіш болып қаланса, келешегіне сеніммен қарай алса, ондай жанның өмірлік құндылықтары да жоғары болары сөзсіз. Сондай сапалы индивидтерден құралған отбасының шаңырағы биік, босағасы берік болары анық.

– Әңгімеңізге рахмет!