«Ерулік» беру қандай дәстүр?

Қазақ халқының қонақжай, бауырмал, жомарттығының бір көрінісі –  «Ерулік» дәстүрі.  

Ата-бабаларымыз жаңадан көшіп келген көршілерін қонақ қылып, кең дастарқан жайып, мал сойып, дәм татқызатын. Ерулік беру арқылы көршілерін жатсынбай, етене араласып кетуге шақырады. Барлық ауыл болып көшіп келгендердің үйін тігісіп, кезекпе-кезек қоныстанушыларды бала-шағасымен үйлеріне шақырады. Қоныстанушылар жас отбасы болса, оларға ыдыс-аяқ сияқты тұрмысқа қажет заттарды сыйға тартады.

«Ерулік» қалай пайда болды?

Көшпелі қазақ халқы үшін шұрайлы қоныс табу аса маңызды. Олар ұзақ жол жүреді. Көшіп бара жатқан үй ұзақ жолдан шаршаған кезде, тынығу үшін жолдағы ауыл жанына аялдайды. Мұндай аялдауды «еру» дейді. Олар үй тікпей абылайшылап (шаңырақты уықпен көтеріп отырып) отырады. Жүк артқан түйеге кілем-сырмақтарын оң бетіне қаратып жауып, салтанат етеді. Осыны байқаған ауыл қоныстаған жұртты қарсы алып, олардың жүгін түсірісіп, үйін тігіседі. Осылайша «ерулік» салты пайда болды. Еру 4-5 күнге созылса, «ерулікке-қарулық» деп бір қой сойып, ауыл ақсақалдары бата берген.

Мұның қоғамдық мәні зор. Көшіп жүрген ауыл жаңа қонысқа тез жетуі үшін жолға көп азық-түлік алмаған. Оларда отын, су болмайды. Соны түсінген халқымыз өзгеге жанашыр болып, бар жақсысын ұсынған. Бұл салтта еліміздің бірлігі мен адамгершілік, сыйластық белгісі жатыр.

«Көршіңмен тату бол»

Кейіннен тек еру қонған ел үшін ғана емес, жаңадан көшіп келгендерге де ерулік беріле бастады. Бұл – жаңа адамдарды өз ортасына тартудың, сыйласудың белгісі. Жаңа көшіп келген үйдің орналасуына біраз уақыт қажет. Қазақ көршілеріне осылай қолғабыс еткен. «Алыстағы ағайыннан қасыңдағы көршің артық» деген сөз осындайдан қалыптасса керек. Көршімен сыйластық қоғам татулығына, ел бірлігіне бастайды.  Ислам дінінің өзі көршімен тату болуға үндейді.

Қазіргі кезде бұл дәстүр ұмытылып бара жатқан тәрізді. Мөңке бидің болашақты болжап айтқан толғауында: «Бір-біріне қарыз бермейді, Көрші көршіге кірмейді» деп айтқандай, көршілес үйдің бірін-бірі танымайтын заманына келе жатырмыз. Ата-бабамыз осындай тәрбиелік мәні зор дәстүрлермен қазақтың «қонақжай» кейпін қалыптастыра білді. Ұлтымыздың бұл жазылмаған заңын ардақ тұтып, адамгершілік пен татулықты үндейтін әдемі салтын қайта жаңғыртқанымыз абзал.