Турист күнделігі: Семей

Семей – Шығыс Қазақстан облысындағы аумағы бойынша екінші қала. Негізі 1718 жылы қаланған шаһар Ертіс өзенінің бойында орналасқан. Бұл өңірде Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды қазақтың көрнекті тұлғалары дүниеге келген.

Қалаға қалай жетуге болады?

Семейге бірнеше қаладан тікелей рейспен ұшып келуге болады. Назарларыңызға қазан айына арналған авиабилет құнын ұсынамыз.

Алматы – Семей (10 000-12 000 теңге). Ұшу ұзақтығы – 1 сағат 30 минут.

Нұр-Сұлтан – Семей (7 000-15 000 теңге). Ұшу ұзақтығы – 1 сағат 10 минут.

Шымкент – Семей (19 000-22 000 теңге). Ұшу ұзақтығы – 5-12 сағат.

Атырау – Семей (31 000-34 000 теңге). Ұшу ұзақтығы – 11-13 сағат.

Қостанай – Семей ( 18 000-27 000 теңге). Ұшу ұзақтығы – 8-10 сағат.

Әуежай қаладан 9 км қашықтықта орналасқан. Таксидің орташа бағасы – 1 200 теңге.

Пойыз билетінің орташа құны:

Алматы – Семей: плацкарт – 4 380 теңге, купе – 6 000-11 000 теңге. Жол жүру ұзақтығы – 19-20 сағат.

Нұр-Сұлтан – Семей: плацкарт – 4310 теңге, купе – 6 000-10 000 теңге. Жол жүру ұзақтығы – 12-17 сағат.

Қызылорда – Семей: плацкарт – 7866 теңге , купе – 11 838 теңге. Жол жүру ұзақтығы – 1 күн 19 сағат 11 минут.

Қарағанды – Семей: плацкарт – 4 906 теңге, купе – 7 558. Жол жүру ұзақтығы – 1 күн 1 сағат 38 минут.

Қайда тұрақтауға болады?

«Seven City Apartments» отелі әуежайдан 6 км қашықтықта орналасқан. Бір күнге тұрақтау бағасы 16 000 теңгеден басталады.

«Adis» қонақүйінің бағалары 15 000-нан жоғары. Оның барлық нөмірі жалпақ экранды теледидармен жабдықталған.

«Semey-city» қонақүйі Дулатов көшесінде орналасқан. Нөмір бағасы 8 000 теңгеден басталады.

Бұл қалада бір тәулікке бір бөлмені жалдау бағасы 5 000 теңгеден, ал екі бөлмені жалдау бағасы 8 000 теңгеден жоғары.  Пәтерді ұзақ мерзімге жалдау құны орташа есеппен 45 000-60 000 теңгеге шығады.

Қаланың көрікті жерлері:

Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпір. Семейдің мақтанышына айналған көпір қаланың сол және оң жағалауларын байланыстырады. Жалпы ұзындығы – 750 метр. Айта кететін жайт, мұндай көпір ТМД-да жоқ. Жобаны «Исикавадзима-Харима Хеви Индастриз Компани» деп аталатын Жапон компаниясы дайындады.

«Өлімнен де күшті» монументі. Бұл монумент Семей ядролық полигонының жабылуына 10 жыл толуына орай ашылды. Оның биіктігі 25 метр. Құлпытас стеласының төменгі бөлігінде мынадай жазу жазылған:  «Уа, жаратқан ие, біз көрген зұлматты енді ешкімнің басына бере көрме! Қасиетті Жер-Ананың қасіретті азалы үні әлі естіліп тұр!».

Семей орманы. Мемлекеттік орман табиғи резерваты Ертіс өзенінің жазығында орналасқан. Белсенді демалысты ұнатсаңыз,  осы жерге барыңыз. Орманда  бүркіт, ителгі, ақбас тырна, қызылтұмсық қаз, арқар, қара дегелек сынды жануарлар мен құстар кездеседі. Ол орталықтан 36 км қашықтықта орналасқан.

Қаладағы 5 тарихи орын:

  1. Абай әдеби-мемориалдық мұражайы;
  2. Облыстық тарихи-өлкетану музейі;
  3. Достоевский әдеби-мемориалдық мұражайы;
  4. «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайы;
  5. Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі.