Алғысқа бөленген акция жалғасып жатыр

Оқу мәдениетін ілгерілету арқылы өскелең ұрпақтың жоғары азаматтық және рухани-адамгершілік бағдарларын қалыптастыру мақсатында «Ауылыма кітап» республикалық қайырымдылық акциясы Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен қолға алынды.

Жергілікті жерлерде акцияны іске асыру үшін әкімдіктермен бірге «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңселері тартылған. Аталған жобалық кеңселер халықты әртүрлі білім беру, әлеуметтік және мәдени жобаларға тартуға, азаматтардың рухани, мәдени және шығармашылық әлеуетін өзін-өзі ұйымдастыру мен өзін-өзі іске асыруды жандандыруға бағытталған.

Акция шеңберінде 18 министрлік әр облыстың кітапхана қоры жеткіліксіз ауыл мектептеріне жаңа кітаптар ұсынуды жоспарлаған. Акцияға акционерлік қоғамдар мен жекешеленген ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер мен зиялы қауым өкілдері белсенді түрде қатысып, кітап қоры аз ауылдар мен ауылдық округтердегі кітапханалар қоржынын толтырды.

Қыркүйектің алғашқы аптасында аталмыш акцияға «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты да қатысып, Целиноград ауданының орталық аудандық кітапханасына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде шығарылған және де министр Аида Ғалымқызының жеке кітапханасынан, сондай-ақ «Dauletten қоры» қайырымдылық қоры ұсынған кітаптар мен оқулықтар табыстап, барлық ниет білдірушілерді қайырымдылық акциясына қосылуға және еліміздің ауыл мектептерінің кітапханалары мен кітап қорын толықтыруға шақырған еді.

Осыған орай, ауыл кітапханасына 200-ден астам кітап табыстағаны үшін «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ» КеАҚ Басқарма Төрағасы Асылбек Есімханұлына Ректорлар кеңесінің төрағасы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма Төрағасы, Ректор Ерлан Батташұлы Ректорлар кеңесі атынан алғысын білдірді.

«Қазақстан Республикасы Жоғарғы және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының Ректорлар кеңесі атынан және жеке өз атымнан Сізге белсенді біріккен ынтымақтастыққа шақырғаныңыз үшін алғыс білдіремін!», - делінген алғыс хатта.

Ректорлар кеңесі қысқа мерзім ішінде ауыл кітапханаларына 1227 дана кітап жөнелткен.

Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жалғаса бермек.