Саят Нөкербан. Би және театр

Саят Нөкербан – АҚШ-тағы қазақ баласы, жас актер әрі балаларға арналған сән әлемінің моделі. 15 жастағы жас өнерпаз шетелде өз туындысын жарыққа шығарып, түрлі жарнама мен телехикая рөлдерін сомдап үлгерген. Қандасымызбен тілдесіп, оның жетістіктері мен шетелдік мансабы туралы сұхбат құрдық.

«4 жасымда АҚШ-қа қоныс аудардық. 5 жасымнан бастап АҚШ-та бал биі (бальные танцы) және пианиномен айналыса бастадым. 8 жыл бойы бимен айналысып, кәсіби деңгейге жеттім. 10 жасымда JCP (JCPenney) киім дүкендері желісінің моделі болдым. Мұндай атақты брендпен жұмыс істейтінімді ойлап, алғашында, қобалжыдым. Кейін бұл менің жолымды ашып, басқа да телевизиялық жарнамаларға түсуімен мүмкіндік сыйлады. Сондай түсірілімдердің бірі – «Nurf guns» балаларға арналған мылтықтар жарнамасы. Одан бөлек 6 жасымнан бастап қалалық балалар мен жасөспірімдер театрында 20 мюзикль қойылымында басты рөлді сомдаған екенмін. 2019 жылы қалалық симфониялық оркестрінің балаларға арналған музыкалар концерттік бағдарламасын жүргізу бақыты маған бұйырды. Бірнеше дарынды баланың ішінен мені таңдағандарына әлі де сене алар емеспін», - дейді Саят Нөкербан.

Биыл 2021 жылы Саят өзін жаңа қырынан танытып, «Creators» атты 6 бөлімнен тұратын телехикаяға түскен. Ал қазір «Konnect HQ» шығармашылық тобының веб-сериалына түсуде. Сонымен қатар жас өнерпаздың 2020 жылы шыққан «Ride with you» атты әнін барлық желілерден тыңдауға болады.

Саяттың айтуынша, оның өнерге бейім екенін алғаш әкесі байқаған. Баласының бойындағы дарынды байқаған соң оны түрлі үйірмелерге, балаларға арналған кастингтерге апарған.

«Бір күні әкем маған бір әңгімені мәнерлеп, әрбір кейіпкердің дауысын салып, рөлге кіріп оқыды да, кітапты маған ұсынды. Мен де әкем сияқты оқуға тырыстым. Сол кезде әкем менің оқығаныма риза болып, менің бойымдағы талантты шыңдауға тырысты. Ол кезде мен би, пианино, футбол және баскетбол үйірмелеріне қатысатынмын. Бір күні баскетбол үйірмесінен қайтып келе жатқанда, «Балалар театры» деген маңдайшадағы жазуды көрдік. Ғимарат ішіне кіріп, сауалнама парағы мен бір парақ монологты алдық. Ертесіне сол монологты жаттап алып, «Wimpy Kids Dairy» атты кітаптар желісімен жазылған қойылымның кастингіне қатыстым. Бұл – менің театрдағы ең алғашқы рөлім. Басты рөлдегі Greg деген баланың рөлін сомдап шықтым. Содан бері театр актерімін.

Театрда өнер көрсетіп жүргенде, талант агенттігі басшыларының көзіне түсіппін. Агенттіктен шақырту алып, бірінші талант агенттігімен келісімшарт жасастық. Одан соң Лос Анжелестегі тағы бір талант агенттігімен келісімшартқа отырдық. Олар маған менеджер тағайындады. Қазіргі таңда екі агенттікпен және менеджермен тығыз жұмыс істейміз», - деді Саят Нөкербан.

Талант иесімен Қазақстан мен АҚШ өмірі туралы және болашағы жайында сыр шерттік.

«Қазақстаннан кеткеніме 11 жыл болды. Одан бері елге 2-3 рет барып келдім. Қазақстанды өте жақсы көремін, өте қонақжай, жайдары мекен. Туған жерімде мені туыстарым құшақ жая қарсы алады. Бірақ онда қазақтардың бір-бірімен орысша сөйлейтіндігі ұнамаған еді. Ал АҚШ-ты «Land of opportunities», яғни «Мүмкіндіктер мекені» деп айтайды. Мұнда армандарыңызды жүзеге асыруға мүмкіндіктер өте көп. Бастысы – әрекет ету керек. Маған берілген осы мүмкіндіктерді пайдаланып, өзімді дамытқым келеді. Арманымды жүзеге асырып, дамыған соң, өз Отаныма оралу ойымда бар. Қазақстандағы өнер эстрадасына өз үлесімді қосамын деген үміттемін», - деп сөзін тәмамдады Саят Нөкербан.

Жас өнерпазға толағай табыс тілейміз!